Сырлы өлеңдер

2262

2

Қадырбекова Гүлжанат Болысбекқызы 2000 жылы 15 наурызда Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 2017 жылы  Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған. Республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы.  Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы ҚУ-ң 4-курс студенті.

Ауыл

Құшақ жая қарсы алдым таң бесінде,

Жүргендеймін жадырап әр кешінде.

Мамық шіркін көрпемді желге бердім,

Ұмытқандай бейнебір мәңгі есімді.

Күлімдеуі бөлек қой ойнағаны,

Шуағымен оятып сай-саланы.

Терезеден табанын қытықтаған,

Мақпал көзді арулар қайда бәрі?

Көркің гүлдеп жанымды ұрлағаны,

Сезімдерім өзіңе құрбан әлі.

Тіршілігін сағынсам көршілердің,

Қаладағы күйбеңдік құр қалады.

Талайларды тоқтаусыз кеше көргем,

Талай дарын жарқырап өсер елден.

Жүрмейтіні белгілі жолдарында,

Жаңа асфальт орнаған көшелермен.

Есті адамға көрінер оғаш бәрі

Ымырт көші іңірмен таласқаны.

Жұпар исі аңқиды бау-бақшадан,

Жасыл желек жамылған ағаштары.

Тіл қатқанда секемдік құлқы маған,

Езудегі күлкімді бұлт ұрлаған.

Тасасында үйлердің пеші сөнген,

Баяғыдай жоқ түтін бұрқыраған.

Қиялдарым көкжиек қуса сағым,

Сенделемін, секіріп қырды асамын.

Тұмса табиғатыңда тербелемін,

Шөлдеп тұрып сімірем жыр тосабын.

Мұңдарымды құмыңа жаншыдым да,

Ылаң салдым масайған тамшы нұрға.

Жасым төккен сүйемін жаңбырымен,

Аяғыма жабысқан балшығын да.

Дүбірлеген дүние соңымызда,

Дақ түспесін дәруіш арымызға.

Тарих жатыр таңбалы топырағыңда,

Тектілік табы қалған қанымызда.

***

Келмесең де құшақ-құшақ гүл алып,

Салмаймын ғой, жүрегіңе бұғалық!

Серттескенбіз сезімдердің үнімен

Келер болсаң, қалар едім қуанып!

Құшағыма толтырып ап бұл күнді,

Езуіңе еркелетіп күлкімді.

Қарсы алайын, қуаныштан айғай сап,

Сәл жасырып көңілдегі бұлтымды.

Сыйластық па- жыр кестесін сөкпелеу,

Сағыныш па-саған қарсы өкпелеу.

Қимастық па- түсімнен де көп көрсем

Айта алмаймын, одан асқан от теңеу?!

Шаттанайық, шарықтайық шуағым,

Шырқап салып бар бақыттың ұлы әнін!

Мерекеге ұластырып мәз күйді,

Мекендейік махаббаттың тұрағын.

Шығара сап күйбең күнді, таңды ойдан,

Бұл ғажапты бағаламас қандай жан!?

Жаңа күннің бастауына жыр жазып,

Сүйіп алар кезің туды маңдайдан!

Мендік сана тәулік сайын ойлай дал,

Қашырып құт, тынышымды қоймайды ар.

Талай сәттің куәгері үшін деп,

Тым болмаса құттықтасаң болмай ма?

ертең Жаңа жыл ғой!

***

 Бөлме іші.

Тегеурін, тар қамақтай.

Құлазуын қоймай түн,

Таңдар атпай.

Мендік ерін дірілін сезермісің,

Жаңа ғана өшігіп,жанған оттай.

Соңғы рет сүйген едің…

Соңғы демің қалғанша үн үзіліп,

Жүрегіме еккенсің қырмызы гүл.

Қараша. Күз.

Сезім вальс биін де билегенім,

Кек алам деп кертиіп, күйрегенім,

бәрі де-балаша аңыз.

Ей, ымырт!

«Сүйем» деген сөздерін ысқырып көр,

Оны мендік әлемге қыстырып бер.

Іңір көші салмақсыз тастан да ауыр,

Сенің кеудең секілді-үскірік жел.

Төзгісіз мұң.

Талай кезіп өткенмін мұң шаһарын.

Дегбірсіздеу болар ма мұнша хәлім?

Сұқ көздерім төскейге беттесе егер,

көкке қарап тағы да мұң шағамын.

Қате,бәлкім:нұр өледі,

Мөлдір күн, шырай налып.

Тал жаңғырса жапырақ жылайды анық.

Сенің мені сүйгенің секілденіп,

келмейді әттең сол кезгі жыл айналып.

Өкінішті-ақ!

***

Кешігіп жетіпсің-ау, күзім менің,

Сен секілді тұнады жүзімде мұң.

Сарғайып, саябырсып жапырақтың,

Сағындым, сусып түсіп үзілгенін!

Сары алтыннан жасалған баққа барып,

Оқимын қоңыр күзден хаттар алып.

Қиялымда күн кешіп отырамын,

Көздерімді көңілді шаққа малып.

Үміт пен үрей сезім неге арбасқан,

Табанымда жаншылды жол оңбастан.

Күйбеңдеу тірлігімнен күйзелемін,

Көңіл қалған сүйгеннен, сенер достан.

Төгіліп тізбектелді неше сырым,

Белгілі маздап барып, өшетінім.

Кеш білдім мезгілдердің алмасарын,

Кеш сездім маусымдардың көшетінін.

Көзім жылап, ерінім дірілдейді,

Жұтсын мені өкінбен,ғұмыр мейлі!

Менің жаным – бір алтын бәйтеректей,

Жапырағы жанымның үзілмейді.

***

Сағынуды білмегем,сенделуді,

Неден бастап сүрейін енді өмірді?

Жапыраққа жанымды сымсыз байлап,

Саған ғана сыйлайын көркемімді!

Тұңғиық мұң.Тұңғиық таң атырдым,

Бүгін бе еді қоңырау соғатын күн?

Құшағына қысып ап қиялымды

Көшелерде қатігез қала тұрды.

…Жанарыңнан күмәнсіз жарық көрем,

Ой тамтығын беймәлім салыпты өлең!

Тағы сенің көзіңде тағдырым жүр,

О,бәлкім!Осы шығар,тамұқ деген…

…Шыбын жанға шырмауық-шыдағаным,

Көмейден сөз арылса құр амалым.

Сенің мені сүйгенің-нәзіктігім,

Менің сені сүйгенім-жылағаным!

…Баз кештім ғой,кей күннен күлкі білмей,

Күйзелісім -кінәсіз жыр тіліндей.

Тастан қашап алғанда жастығымды

Көзім жүрер бөлмеңде кірпік ілмей…

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<