Талғаттың тұнық тұмасы

2783

0

(Ел ішіндегі Ертілеу немесе кітапханашы ақын туралы толғам)

Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бұлақ» деген ғажайып әңгімесі бар. Бұл туындының басты кейіпкері – Ертілеу ақын. Ілгеріректе «Өлең мен көген» деген дүниемізде жазғанымыздай, ол – «Ақын болғанда екi ауыз өлең құрай алатын ауыл ақыны емес, әке-шешесiнiң жайын ойлап, елге келiп, тордағы бұлбұлдай торығып жүрген нағыз талантты ақын. Ауылдағы өзiнiң жанын түсiнетiн жалғыз серiгi киномеханик Қошқарбайды ертiп, бұлақ басына барып бұрқыратып өлең оқиды. Дуылдатып барып, дауылдатып қайтады.

Шаруа жайымен жүрген басқа жұрт бұған қияли деп қарайды. Екпiнi басылмаған Ертiлеудiң аудиториясы – ауыл сыртындағы Қарабұлақ пен қасынан кетпейтiн Қошқарбай ғана. Ел-жұрттан ұзап көрмеген киномеханик Қошқарбайдың да өлеңдi түсiнiп қарқ қылып жатқаны шамалы. Ол өлеңнен гөрi Ертiлеудiң хал-ахуалын көбiрек түсiнедi. Ең бастысы, оған шын ниетiмен тiлеулес. Досы аңыратып бұлақ басында жыр оқып отырғанда, жаны жадырап, шын қуанады. Қысқасы, Тынымбайдың «Бұлағындағы» Ертiлеу – ақындықтың, Қошқарбай – ақынға жақындықтың символы. Бiрi – бұлақ, екiншiсi – тыңдайтын құлақ».

Сол мақаламызда бұл ойымызды «Қолына қалам ұстаған елдiң бәрi Ертiлеу болуға ұмтылады. Ешкiмнiң де Қошқарбай болғысы келмейдi. Бәрi де сөйтедi. Бiз де сөйттiк. Өйткенi бәрiмiздiң де ауылымызда бұлақ бар едi…» деп сабақтағанбыз. Сонау жылы оқуға түскенімізде аудиторияға екпіні қатты елу ақынмен бірге кірдік. Елуі елу үйдің Ертілеуі еді. Жалпы, жыр қуған әрі жын қуған журфакқа Ертілеу таңсық емес. Бірақ мен одан бұрын сол Ертілеуді туған ауылымнан іздегем. Тоқтай тұрыңыз, алдымен өзім Ертілеу шығармын деп ойлағам. Ертілеу де, Бертілеу де емес екенімді журфакқа келген соң бір-ақ ұқтым. Қабілетім өлеңге бейім болғанымен, табиғатым ақындықтан аулақ еді. Сондықтан біздің ауылдан бір Ертілеу суырылып шығуы керек еді ғой деп, соншама үміттенгенім рас-ты. Біздің ауыл дегеніміз – сол баяғы өзіміз «Манас» жыры секілді таңды таңға ұрып жырлайтын Қаратерең…

Қара терең, қара шалаң, қара қайық деген ұғымдарды ертерек санаға сіңіретін біздің ауылға қара өлең деген тіркес те жат емес. Өз дәуірінде көк теңізден қуат алған не бір сойқан шайырлар сайран салған бұл маңайда… «Ай-апа, Ыслам аға, елдемісің, Сейітнияз, сен құдайға пендемісің? Сабатқа көк есекті байлап тастап, Әукиіп мылтық алып көлдемісің?», – деп жер түбінен ауыл жаққа хат-өлеңін жолдаған Дабыл Сахиев деген сұрапыл ақын өткен. Кейін де ауыл ішінде өлең жазған жігіттер болды, бірақ олардың ешқайсысы Ертілеу емес-ті. Бірі өзі үшін жазды, екіншісі жазғанымен жарияламады, үшіншісі есейгенде бір-ақ танылды. Мұны, әрине, бала кезден бойына бұла күші сыймай, бурадай буырқанған кәсіби шайыр Ертілеудің жолы деуге әсте келіңкіремейді. Сондықтан бір кезде «Бәлкім, сыңсыған орман-тоғайы болмағандыкі шығар, бертінде Қаратереңнен бәйгелерде аты озған әйгілі ақын шықпады», – деп жазғанбыз.

Жоқ, қателесіппіз, шығыпты Ертілеу! Ертілеу болғанда қандай! Аңғармаған себебіміз, ол ақ қағазды шимайлай бастағанда біз ілім іздеп Алатау жаққа аттаныппыз. Ол болса, бұлақ басында бусанып-буырқанып біраз жүріпті де, не Қошқарбайын, не қыз Құртқасын кездестірмеген соң, сол бұлақтың бергі жағына бір түкіріп, Ақтөбе асып кетіпті. Ал енді оны сол Ақтөбеңіз ақын етіп шығарды. Біздің елдің Ертілеуі осы қаланы өмір бойы мекендеп келе жатқан Ертай ақынға арнайы барып жолығады. Ертай Ашықбаев біздің баланың өзін де, өлеңін де алдымен әбден жонады, содан соң жаниды жақсылап тұрып.

Әрине, бұл кезде Қаратереңнің бойы сырықтай қара баласының жаттандылау жырларын төрт аяғын тең басып тұрған дүние деуге келмейтін еді. Ұйқасы болса, құйқасы жоқ, құйқасы болса, ұйқасы жоқ балауса туындыларды қайта-қайта оқыған Ертай ағасы оған жібек жырды кестелеп тоқуды үйретті. Болмысы бөлек өнерге бірден баулыды. Баулуға тұратын бала еді өзі де… Себебі, оның көкірек көзі, яғни өлеңінің шығатын тұмасы таза еді. Ақкөңіл. Ағеден. Жүрегінің түбіне кір жасырмайды. Ақынша жүреді, ақынша күледі, ақынша томсарады, ақынша еркелейді, ақынша өкпелейді… Ақтөбеге аласұрып ақындық орта іздеп келген еді ол. Қашаннан берекесі келіскен Ақтөбенің шығармашылық тобына Алматыдан біржола көшіп келген Мейірхан ақын бастаған бір топ шайыр қосылып, ақындық ортаның қазаны қайнаған шақ еді бұл. Басталды сосын ақын-ғұмыр…

Тынымбайдың талантты кейіпкері Ертілеуге телініп отырған біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ақын Талғат Тілеулесов осылайша табан тіреп еді арайлы Ақтөбеге. Алдымен туған жері, сосын осы Ақтөбенің ақындық ортасы оны шайыр етіп шығарды. Теңіз жағасының шеге құмы мен шуда-шуда шалаңына аунап өскен бала өлең өлкесінің алтын шаңырағына уығын қадап, жыр сүйер жұртқа кең танылды. Біздің өңірдегі баяғы Дабыл Сахиевтен кейін әулие-әнбиеден көген алмай, өлең алған ақын осы Талғат сияқты. Ең бастысы, ақындық мінез бар онда. Ақын ағаларын аялай біледі, соларды іздеп жер түбіне баруға да бейіл.

Бірақ онда тұрақтап қалу дегенді атамаңыз… Сосын Ертай ағасынша толғанып:Алматыға сүйрегенмен арманым,Құрақ ұшып бармадым.Аяқасты өзгерді де талғамым,Ақтөбені таңдадым, – деп термелетіп тайып отырады.

Қаратерең десе, қозады. Ақтөбе десе, өледі. Енді қайтсін, осы қаладан абырой тапты, бақ тапты, жерұйық тапты, жар тапты. Осы шаһарда жүріп Жазушылар одағына мүшелікке өтті. Ауық-ауық «Жүректе іңкәр сағыныш – Бір жүрген досқа, бауырға. Дәл қазір мені алып ұш, Кіндігім кескен ауылға», – деп толғатып, Қаратереңіне барып, шамырқанып, шабыттанып қайтады да, Ақтөбесіне келіп, ақ жауындай селдетіп жыр жазады.

Талғат Тілеулесов – Ақтөбенің жай ақыны емес, кітапханада қызмет істейтін зиялы шайыры. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың білдей бір бөлім меңгерушісі. Қазақта кітапханада жұмыс істеген танымал қаламгерлер аз емес. Мұрат Әуезов, Әлібек Асқаров, Рақымжан Отарбаев, Тұрсын Жұртбай, Маржан Ершу, Айгүл Кемелбаева және басқа ақын-жазушылар кітапханалардың рухани деңгейін көтеруге барынша үлес қосты. Бала кезінде алдымен Қаратереңдегі қос кітапханашы – Тыныштық Ошақбаев (ауыл кітапханасы) пен Емен Жұбаниязованың (мектеп кітапханасы) тәлімін көрген біздің Талғат қарымды қаламгерлердің өнегелі жолын жалғаған да…

Әлемдік кітапханалар тарихында да Талғаттың қаламдас әріптестерінің өнегелі іздері сайрап жатыр. Мәселен, орыстың атақты ақыны, баршаға белгілі мысалшы Иван Крылов өз дәуірінде Императорлық кітапханада қызмет істеген. Тіпті ол бұл кәсіпке бақандай жиырма тоғыз жылын арнаған көрінеді. Біздің Талғат та «Крылов жарықтықтан қай жерім кем?» деп, өз жұмысында әлі де біраз жыл жүре бергісі бар.

Иван көкесі баяғыда оқырманның іздеген кітабын тез табуы үшін каталог жүйесін реттеуге күш салыпты. Сондай-ақ, библиографиялық жұмыстарды жөнге келтіріпті. Талғат ақын да мұндай пайдалы нәрселерге жете мән береді. Ақын ініміздің жұмыстан шаршаған кезде не істейтінін білмейміз, ал кітапханашы Крылов мұндайда залда тұрған диванда ауық-ауық шалжиып жатып, демалып алатын болған деседі. Атақты ақын мысалдарының көбісін осы кітапхана қабырғасында жүргенде жазған. Талғаттың да біраз өлеңі осында туды.

Аргентинаның әйгілі жазушысы Хорхе Луис Борхес өз өмірінің үштен бір бөлігін кітапханада өткізген. Қызметін кітапханашының көмекшісінен бастаған. Кейін Аргентинаның ұлттық кітапханасының директоры болған. Не айтамыз мұндайда? Біздің Бұрханның баласына баяғы Борхестің баласының жолын берсін дейміз де…

Тарихта кітапханашы Талғат ақынның тағы бір әйгілі әріптесі болған. Ол – немістің ұлы ойшыл ақыны Иоганн Вольфганг Гёте. Фон Гётенің қарамағында Веймар театры мен кітапхана болыпты. Ол да өз ісіне көп көңіл бөлген. Кітап музейін жасақтаған. Саладағы жаңа ережелерді түзген. Соған қарағанда Гёте көкеміз де біздің Талғатжан секілді жұмыссыз отыра алмайтын ерекше елгезек ақын болған сыңайлы.

Талғаттың әйгілі әріптестерінің қатары мұнымен де шектелмейді. Ағайынды қаламгерлер Якоб Людвиг Карл Гримм мен Вильгельм Карл Гримм де, ақын-сыншы Антон Дельвиг те, жазушы Михаил Пришвин де тәп-тәуір кітапханашы атанған.

Әрине, кәнігі кітапхана қызметкері болғанымен, ақын Талғаттың табиғаты бөлек. Ол – жер басқармасы кітапханасында жұмыс істеген даңқты сөз зергері Иван Бунин секілді салалық әдебиеттердің ғана сарашысы емес, ұлттық әдебиеттің жанашыры. Әзірге ақын ініміздің баяғыда Переделкинодан балалар кітапханасын ашқан әйгілі қаламгер Корней Чуковский сияқты тың бастама көтеретіндей шамасы жоқ. Сондай-ақ, Талғат шайыр Агрономия институтының кітапханасында жұмыс істеген атақты ақын Анна Ахматова тәрізді қызмет орнының маңайын мекен етуді дағдыға айналдыра қойған жоқ. Бәрібір Талғат – тәуір кітапханашы, талантты ақын.

Бұрқыратып өлең жазып жүр бүгінде Бұрхан көкемнің ұлы. Біресе, «Бұл не деген қысқа күн?! Өтіп жатыр өмірім… Бұрынғыша сайрамайды құстарым, Мұңаяды көңілім», – деп толғанады. Енді бірде «Өмір деген базардан, Өртенеді өзегім. Қорқыт қашып құтылмаған ажалдан, Келер бір күн кезегім», – деп қаралай зәреңді ұшырады. Содан соң «Күн де төгіп арайын, Бір қуантып, жылатып. Жазарымды жазып мен де қалайын, Берші маған уақыт», – деп қайтадан тәубесіне түседі.

Жаз, жаз, бала, жаз, бала! Уақытың жеткілікті сенің…

Бүгін – әлемдегі қаламгер-кітапханашылардың даңқты жолын жалғаған арқалы ақын, Қаратереңнің Құлагері, Ақтөбенің Ақтаңгері Талғат Тілеулесовтің туған күні! Аман жүр, ақын Талғат, ақ Талғат!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<