(Ақын Шанжархан Бекмағамбетов өлеңдері туралы)
Сонау 1977-1978 оқу жылында сол кездегі Арал аудандық оқу бөлімінің бастығы Ебейсін Исаевтың бұйрығымен Қаратерең ауылындағы Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып барғанымыз бар. Мектеп директоры Кеңес Батаманов. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан мектепте сөйтіп еңбек жолымыз басталған. Ондағы ең бір қызықты жай – өзіндік әдеби ортаның болуы еді. Менің алдымда екі-үш жыл бұрын ҚазМУ-дың филология факультетін бітіріп, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жүрген Шанжархан (ел аузында Шамхан атанып кеткен) Бекмағамбетов, сол кезде мектепте аға пионер жетекшісі болып жұмыс істейтін, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында сырттай оқитын Дәулетбай Жүгінісов (марқұм) бар басымыз қосыла қалса, әдебиеттің мәселесін қызулана қозғап, шабыттана өлеңдер оқып, оңды-солды пікірлер айтып жататынбыз.
Әсіресе, арамыздағы Дәулетбай мұндайда жанып кететін. Өзі ақын Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасын жатқа соғады. Жатқа ғана айтпайды, кейде өлең жолдарының арасында кідіріс жасап, талдап, қадау-қадау пікірлерін ортаға салады. Сөйтіп, кезек Шамқанға келеді. Мұндайда тағы да Дәулетбай өткірленіп ортаға түседі.
– Шәке, өлең оқы, – дейді алқымынан алып. Шәкең бірден өлең оқи қоймайды. Бірақ бәрібір Дәулетбай өз дегеніне жетеді. Ақыры Шамқан даусын сәл қырнап алып, өлең оқуды бастайды.
Иә…
Мен онда ақын болғанмын,
Кірпігімен таңды ілген.
Ақынша ойлап толғандым,
Ақынша шамырқандым мен.
Мен жырдың жібек бауының,
Шашағын сәндеп тарадым.
Сен сонда, туған ауылым,
Жалт етіп маған қарадың.
Жалт етіп маған қарадың,
Таудай боп содан талабым.
Жыр жолын іздеп шарқ ұрып,
Таппады тыным қаламым, –
деп жалғастыра түседі.
Дәулетбай қызуланып жанып кетеді.
– Тамаша емес пе?! «Мен онда ақын болғанмын, Кірпігімен таңды ілген». Қарашы… Образ қандай! «Кірпігімен таңды ілген…»
– Жақсы, жақсы, – деймін одан артық сөз таппай. Дәулетбай өзі жазғандай қуанады.
Содан бері де көп уақыт өтті. Ақын, әдебиетші болады деген Шанжархан тіл ғылымы мәселесімен айналысты. Филология ғылымдарының кандидаты атанды, тыңға түрен салып, докторлық диссертациясын дайындады.
Алайда, Жаратқанның берген ерекше сыйы – бойдағы ақындық дарын тек жатпайды екен. Кейін «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы қолыма тиді. Кітапқа белгілі ақын Әскербек Рахымбекұлы «Тұңғыш жинақ, толағай жыр» деген атпен өте орынды алғы сөз жазыпты. «Ғылым мен педагогикалық жұмыстардың ара-арасында шабыт қысқан шақтарда қалам тербеп, ақ қағазға маржандай төгілген жыр жолдарын тізіпті. Сол жыр жинағымен таныса отырып, мен өз басым Шанжарханның шын мәнісіндегі ақын екенін мойындағандай болдым. Жеті тараудан тұратын жыр кітабы жан жадыратар жақсы өлеңдерге толы» дейді ол.
Расында да солай екен. Туындылары – салмақты өлеңдер. Өзіндік орамды ойлар мен сезім-сырлары оқырманын баурап алып, өлеңнен өлеңге жетелеп отырады.
Шанжарханның туған ауылы – бір кездері асау толқынмен алысып, су маржанын сүзген балықшыларымен атағы шыққан, қазақы дәстүрі терең Қаратерең елді мекені. Қаратерең екіге бөлініп жатады. Бірін Көне Қаратерең десе, екіншісі – әкімшілік орталық. Орта мектеп те осы орталықта. Шанжархан арқа беті еспе құм төбелерге ұласқан осы Көне Қаратереңде тұрады. Ара қашықтық үш-төрт километрдің шамасы. Мұны айтып отырғаным – бойында ақындық қуат бар оның ақын болып жетілуі мен іштей түлеуінде осы үш-төрт шақырым жолдың айтарлықтай орны болды-ау деймін. Өйткені мен білгенде жыл он екі ай ол таңертең ерте тұрып, мектепке жаяу қатынайтын. Ал таңертеңгіліктегі жарты сағаттық жол… Өз-өзімен оңаша қалу. Ақын үшін ол – ой кешу мен жүрекке оралған алғашқы өлең жолын індету мен ширату процесі… Күнделікті жарты сағаттық жолдың ойлы адамға ой қосары сөзсіз десек, көңілді қозғаған сырлы сезіммен оңаша қалуға, оны ұштай түсуге мүмкіндік береді. Әрине, ақын өлеңдеріндегі өмір толғамдарының терең, байыпты болып келуінің өзге де алғы шарттары бар деп білеміз, алайда, мен әлдебір өзімшілдікпен күнделікті үш-төрт шақырымдық жолдың да орнын жоққа шығарғым келмейді.
Ақын өлеңнің тақырыбын алыстан іздемейді. Қарапайым қазақы ауылдың жұпыны көрінісі де оның өлеңінде әдемі суретке айналып сала береді.
Ақ құм дедік ауылдың
Сыртындағы шағылды.
Бал қызығы бар ұлдың
Сол шағылдан табылды.
Ақ тікеннен үй жасап,
Аққұмда біз ойнадық.
Тілемедік күй де аса,
Тек ойынға тоймадық.
Кезіп сонау нұрада
Жүрдік бұзау қайырып.
Тойып ап итжуаға,
Бұзаумен бір жайылып, –
деп келетін өлең жолдарындағы шынайылық кім-кімнің де жүрегіне жақын. Балалық шақтың қимас романтикасы әдемі өрілген. Ақын жалпылыққа бармайды. Туған ауылы – Көне Қаратереңнің бейнесін көз алдыңа келтіріп, жылылықпен, перзенттік сезіммен суреттейді. Арқа беті ысылдаған ақ шағылмен шектескен ауылдың алдында айнадай жарқырап Қарттұма көлі жататын. «Қызық-қызық күн кешіп, Қызығумен біз жүріп, Қарттұманы бір кешіп, Толқынға бір сүңгідік. Суын Қаратереңнің Сүзіп, сүйрік суырып, Ұйқасындай өлеңнің Табушы едік жылылық» дейді ақын. Ақын ауылын сағынады. Ол заңды да. Кім сағынбайды дейсің. Кім балалығын аңсамайды. Сондықтан да өлең оқырманның жүрегіне жақын, түп тереңде жатқан сезімнің нәзік қылын шертіп, сырлы көңіл-күйге бөлейді.
Ақынның туған жер туралы өлеңдерінен бір кездері қанасына сыймай шалқып жататын Арал теңізінің бүгінгі халін бөліп ала алмайсың. Теңіз дегенде, кім-кімнің де жанында терең күрсініс бары белгілі. Әсіресе, балалық шағы теңіздің жағасында өткен адамның теңізді аңсауы алабөтен болары сөзсіз. Шанжархан ақынның өлеңдеріне де сол қасиет тән.
Үндемей неге жүрсің деп,
Күрсінбе, Теңіз, күрсінбе.
Қоярға жанын жер таппай,
Жүр ғой бұл күнде құр сүлде, –
дейді ақын жүрек шындығын жайып салып. Айдыны шалқыған сол бір әдемі кезді сағына еске алады.
Өзіңмен бірге толғанып,
Толқын боп мен де тербелгем.
Жыр жазушы едім қолға алып,
Күміс қаламды сен берген, –
дейді ол ақындық тағдырын теңізбен сабақтастырып. Сол теңізді енді бүгінгі ұлының, ұрпақтың білмейтіні өкінтеді. Ұлы теңіз кешегі өктем биліктің күшімен жойылып кетуге шақ қалғанымен, ақын оны көңілінде сол күйінде сақтайды.
Ұлы теңіз!
Кеткен жоқ ол жоғалып,
Буырқанып жатыр менің кеудемде, –
деп толғанады.
Ақынның өмір толғамдары да терең ойға, сырлы сезімге толы.
Талай болды – елге сыр ақтармадым,
Кермек тартып кетті ме тәтті арманым?
Таңдайыма татып жүр бүгін бәрі
Толғанумен атады ақ таңдарым.
Ақ таңдарым!
Тербеткен күн бесігін,
Ақтара бер жанымның күнде сырын.
Туған Далам құлпырып кетер ме еді –
Қырларымды қыдырып, тербесе үнім, –
дейді «Ақ таңдарым» өлеңінде. Шанжарханның өлеңдерін ақынның өз басындағы шындықтан бөліп ала алмайсың. Өз қатарластары секілді ер жетті. Арман, қиял оның да жанын тербетіп, биіктерге жетелеген. Әрине, оның барлығының бірдей жүзеге аса қалуы оңай болмады. Өз қиындықтары мен кедергілері болды. Бір жылы тамыз айында жоғары оқу орнына – Алматыға баруға мүмкіндігі болмай, ауылда, пішен орудың басында қатты қапаланғанын айтқаны бар. Оны да түсінуге болады. Өзі секілді өрімдей жастар арманының жетегінде алып-ұшып қабылдау емтихандарын тапсырып жатқанда, тамыздың қапырығында қалың масамен алысып пішен орып жату оңай дейсің бе? Мұның барлығы өмір сабағы болып, кейін ақынның өлеңдерінде өріліп жатты.
Жас кезінен өмірдің күнгейі мен көлеңкесін сезінген ол бейқамдықтан етегін ерте жиған тәрізді. Ойсыздықтан, дарақылықтан бойын аулақ салады.
Мұңдылау шығар, бәлкім, жырым менің,
Мұңдылау шығар, бәлкім, түрім менің.
Өмірде мұңсыздарға түсінбеймін,
Өмірдің мұңдарынан түңілмеген, –
дейді ақын оқырманын ойлантып.
Бір өлең жазбай, өзіммен өзім бола алмай,
Көңілден мынау күдіктің бұлты жоғалмай,
Өткен күндерден өзегім өрт боп күйемін,
Осылай мені уақыт шіркін тонардай.
Уақыт шіркін тонауға шебер, ол анық,
Кеткені де рас барымның көбі жоғалып.
Қайтару қиын, білсем де қиын екенін,
Шығамын жолға шалғайыма жиі оралып.
Уақытты жырламаған ақын жоқ. Уақыттың зырлап өтуі мен қамсыз тірлік адамзатты үлкен өкінішке қалдырып жатады. Талай таланттың жанбай жатып өшуі алтын уақыттың бағынбайтындығымен, қайта оралмайтындығымен байланысты. Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтпақшы, уақыт – мәңгілік, адам – жалғаншы. Ақынның өлеңдерінен осыны терең сезіну ғана емес, өзінше жырлау мен ой толғау, жалғаншы дүниенің сырына терең бойлауға ұмтылыс байқалады. Бұл қай ақынның да басындағы үрдіс болса, Шанжархан ақын оны өз көңілінің шындығымен жырлайды.
Ақынның поэзия туралы өлеңдері де қызықты оқылады. Өзіне дейінгі поэзия тарландарының шығармаларын бойына сіңіргенін, өзінің де соларға қарап бағыт түзегенін аңғарасың. Поэзия өлшемін қазақ өлеңінің сол хас таланттарымен өлшейді. Сондай принципті берік ұстанғандықтан да, оның өлеңдерінің әлсіз шықпауы содан тәрізді.
Асығады алдағы арман күндерге,
Кендебайдың астындағы құла тай.
Мұқағали жырын жаттап жүргенде,
Жарқ ете қап шықты көкке Жұматай.
Төлегеннің топырағын торқалы,
Маңдайына тәу еткен ұл табынып,
Олқы көріп оңғақ бұлдай ортаны,
Басқа жаққа тартып кетті жабығып.
Кетті жақсы, сүңгіп күзгі тұманға,
Жал-құйрығы желкілдеген жиренмен.
Нағыз бақтың өзі бар-ау, сірә, онда
Кілең қырттар қалды мында үйренген.
Асығады алдағы арман-күндерге,
Кендебайдың астындағы ала тай.
Хақаңды елі тани алмай жүргенде
Қара орманын тастап кетті Жұматай.
Поэзияға ірі таланттың келуі құбылыс болса, ірі таланттың өмірден озуы үлкен трагедия. Өткен ғасырдың 70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы үлкен сілкіністерді жан-жүрегімен сезінген Шанжархан астанадан алыс ауылда жүрсе де, өзіндік өлең ізденісінде оларды айрықша құрмет тұтты.
Өмір соншалықты күрделі. Күтпеген иірімдері кейде опындырып кетеді. Кеудеде зіл қайғы, өкініш қалады. Мұндай жайт көптеген дарынды ақындардың шығармашылығында кездеседі. Ақын Шанжарханның шығармашылығынан да осы жайды аңғарамыз.
Демім жетпей ділімді көркемдеуге,
Жаным, балам, барармын ертең мен де.
Кім бар дейсің ол жақтан жалтаратын,
Жаным күйіп барады сен сөнгенге.
Демім жетпей барады көркемдеуге.
Сенің мынау жасыңда кетіп қалған,
Қарамаппын жан-жаққа етіп талғам.
Соны ойласам, жаным-ау, сәбидейсің,
Қозыдайсың, қарғам-ау, отықпаған…
Көкем, менің, мезгілсіз кетіп қалған… –
дейді ақын өзекті тіліп өткен өкініш-қайғысы туралы.
Шағын мақалада біз ақынның өлеңдерінен біршама үзінділер келтірдік. Ондағы мақсат азғантай тиражбен шыққан ақынның өлеңдер жинағы қалың оқырманға жетпей жатыр деп ойлағандықтан. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, өлең сүйер қауымның өзі ақын өлеңдерін түйсінсін дегендік.
Орыс әдебиетінің ұлы сыншысы В.Г. Белинскийдің «Лирика – жан сөзі» дейді. Шанжарханның шығармаларының басым бөлігі – жан дүниесінің шындығына, танымы мен өмірлік ұстанымына құрылған. Адал сөйлеуге ұмтылып, титтей жалғандықтың өлеңнің шырқын бұзатынын жақсы түйсінген.
Ақынның шығармашылығындағы өзіндік қолтаңба, тың образдылық оқырманын елеңдетеді. Бұл ретте де ақынның қаламы олжалы көрінді.
Арғы бетке өтіп кеткен Ақ дәурен,
Көрер ме деп өлеңге орап от жақтым.
***
Оңғақ істің жүрміз-ау жетегінде
Ерназардың көшіндей сорға қонып.
***
Қайнап жатқан қақпақты қара қазан
Секілдімін қып-қызыл от үстінде, –
деп келетін бейнелілік ақын өлеңдерінің бәсін арттыра түскен.
Біз де ақын Шанжархан Бекмағамбетовтың шығармашылығына үлкен жетістік тілейміз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<