«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Жаңақорған аудандық кезеңі аяқталды.
«Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығында өткен байқауда Жаңақорған ауданы мектептері бойынша 120-дан астам оқушы бақ сынады.
Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Жаңақорған аудандық мәслихатының «Nur Otan» партиясы фракция жетекшісі Әсемкүл Тілеубергенова байқаудың маңыздылығына тоқталды.
– Жобаның мақсаты – қазақ ауыз әдебиетінің алтын өзегі батырлар жырын жастар арасында дәріптеу, өскелең ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, жігерін жану. Елдік пен ерлік, әділдік пен шыншылдық, батырлық пен жанашырлық секілді асыл қасиеттерді жастардың бойына дарыту. Бұл ретте «Едіге» халықтың жүрегіне жақын жыр. Оның бірден бір себебі, жырдың тілінің көркем, туындының шеберлігіне байланысты емес, түркі халықтарының есінде өшпестей орын алған тарихи оқиғаларға қатысты. Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі түрікмен, өзбек елдерінен бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс-жақындағы елдер Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр, – деді ол.
Сондай-ақ, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан талапкерлерге сәттілік тіледі.
Байқауға Жаңақорған аудандық мәслихатының «Nur Otan» партиясы фракция жетекшісі Әсемкүл Тілеубергенова, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан, Жаңақорған аудадық білім бөлімі тәрбие ісі жөніндегі бас инспекторы Мира Жандарбекова, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов, Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов, айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықов және Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі директоры Жомарт Шауенов қазылық етті.
Байқаудың қорытындысы бойынша, қазылар шешімімен, Жаңақорған ауданы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:
1 орын(150 мың теңге) – №247 орта мектептің 8-сынып оқушысы Кәусар Есіркеп, дайындаған мұғалімі Қалдықыз Нұртазаева;
2 орын(100 мың теңге) – №125 мектептің 9-сынып оқушысы Әсел Ыбырайхан, дайындаған мұғалімі Сымбат Алшынбекова;
3 орын(50 мың теңге) – №193 мектептің 9-сынып оқушысы Жансая Сәрсенбайқызы, дайындаған мұғалімі Тұрғанай Дүйсенова.
Байқау жеңімпаздарын Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов құттықтап, жүлделерін табыстады.
Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<