Төрт кітаптан тұратын әйгілі эпопеяны оқымаған адам жоқ шығар?! Михаил Шолохов «Тынық Дон» романының бірінші томын аяқтаған кезде небәрі 22 жаста еді. Бұл 1927 жылдың желтоқсан айы болатын. Ал келесі жылдың 31 қаңтары күні автор туындысын «Роман-газета» журналына жариялауға береді. Алайда, ол қандай дау күтіп тұрғаның білмеген-ді.
«Правда» газетінде 1928 жылдың сәуір айында романға рецензия жазған пролетариат жазушысы А.Серафимович «Кішкентай жұмыртқадан болашағы зор жазушы жарып шықты» деп бағалады. Ал, 1929 жылы оған осы бас басылымда жас жазушы Шолоховты «плагиат» (біреудің шығармасын ұрлап пайдаланды) деген жаладан қорғап екінші рет мақала жазуға тура келді. Бұған себеп, жазушы Феоктист Березовскийдің «Мен қарт жазушы «Тынық Дон» сияқты ауқымды романды жаза алмас едім. Осындай терең психологиялық шығарманы 23 жастағы адам жаза ала ма? Бұған ешуақытта сенбеймін», – деген пікрі қамшы болды.
Ф.Березовский төңірегіне топтасқан жазушылар өмірлік көзқарасы әлі қалыптасып болмаған 23 жастағы Шолоховқа қарсы науқанға қызу араласып кетті. Сол кезде олар «Тынық Дон» романының авторы туралы үш жорамалды ойлап тапты.
№1 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы – Федор Крюков казак жазушысы. Казактар туралы революцияға дейін көп шығармалар жазған. 1912 жылдан бастап Дон туралы үлкен эпикалық шығарма жазғалы жүрген болатын. 1920 жылы Ф.Крюков қайтыс болып, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткен. Бұл жорамалды айтқандардың барлығы қазір о дүниелік болып кеткен. Орыстардың қазіргі таңдағы ең атақты тарихшысы 95-ке келген Рой Медведев осы жорамалды жақтаушылар жағында болды. ХХІ ғасырдың басында «Тынық Дон» романының қолжазбасы табылған соң ғана ол Михаил Шолоховтың автор екендігін мойындады.
№2 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы – ақтардың офицері Виниамин Краснушкин. 1920 жылы оны чекистер атып тастағанда оның «Дон толқындары» деген роман қолжазбасын Шолохов қолға түсіріп алған делінді. Сол кезде В.Краснушкиннің анасы жазушылар ұйымы РАПП-қа келіп, көз жасын көл қылып, осындай тамаша роман жазған баласының авторлық құқығын қорғандаршы депті деген де қауесет тараған болатын.
Бұл жорамал авторы М.Шолохов шығармашысын зерттеуші израилдік әдебиетші Зеев Бар-Селла. Оның айтуынша, «Тынық Донның» бірінші томы 1914 жылға дейін жазылған, сол кездегі оқиғаларға В.Краснушкиннің өзі қатысқандықтан роман шынайы жазылаған. Ал, Шолохов ол кезде жалаңбұт ойнап жүрген бала болатын дейді.
№3 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы – чекист Александар Попов, Шолоховтың шешесінің бірінші күйеуінен туған, азамат соғысы кезінде қаза тапқан. Бұл жорамал авторы әдеби сыншы Константин Смирнов: «Шолохов небәрі 4 сыныптық білім алған, бұндай шығарма жазатындай үлкен өмір жолынан өткен жоқ» деген пікір айтты.
Осылайша, кеңестік жазушылар М.Шолоховты «плагиатшыл» деп жала жауып жатқанда 1930 жылы жас талант «Тынық Дон» романының 3-томымен қатар сол кездегі болып жатқан оқиғалар ізімен «Көтерілген тың» романын жазды. Бұл жазушылармен қатар билік басындағылардың да қызғанышын туғызды. Олар дереу жазушының көзін құртуды ойластыра бастады. Ростов ОГПУ-нің бастығы Коган адал чекист Иван Погореловқа «Шолоховтың үстінен Дондағы үкіметке қарсы астыртын көтеріліс жасаушылардың басшысы» деген айып тағып, іс қозға деп тапсырма береді.
Чекист И.Погорелов Вешенскіге келіп, Шолоховпен сөйлесіп көрген соң, 25-тегі жас жазушыны өлімге қимай: «Егер тірі қалғын келсе, дереу Москваға барып, Сталинмен сөйлес. Жолаушылар поезына мінсең, жолда ұстап, тұтқындайды. Қашпақшы болды деп атып тастайды» деп ескертеді. Шолохов жүк поезына жасырын отырып Москваға әрең жетіп, Сталиннің қабылдауында болады. Артынша Коган мен Погореловты шақыртып алып үшеуін беттестіреді. Қарт чекист өзіне берілген тапсырманы айтқанда, Сталин: «Мен мынаған сенемін, саған сенбеймін» деп, Коганның өзін жауапқа тартқызады. Осылайша, ұлы жазушы бір өлімнен аман қалады.
Тұтқынға түсіре алмағасын ОГПУ-дің бастығы Генрих Ягоданың өзі Шолоховқа у беріп өлтірмекші болады. Жазушылар ұйымы РАПП-тың төрағасы М.Горькийде қонақта болғанда Г.Ягода Шолоховқа: «Мен сізге аңшы итінің күшігін сыйға берейін» деп үйіне ертіп келеді. Аңшылық десе ішкен асын қоятын Шолохов сақтықты ұмытып кетеді. Күшікті алып рахметін айтып кетпекші болғанда: «Күшікті бір-бір рюмкеден жуып жіберейік» деген ұсыныстан бас тарта алмайды. Максим Горькийдің үйінен мас болып шыққан Шолохов рюмкідегі арақты тартып жіберіп, Ягода ұсынған консерві қалбырындағы жалғыз балықты тіске басады. Іші бүріп ауырып келеген досын көрген Василий Курдашов оны бірден Кремль ауруханасына апарады. Дәрігерлер соқырішек (аппендицит) деп ота жасауға дайындап жатқанда Шолоховтың көзі аяқ жағында тұрған медбикенің үрейден көзі шарасынан шығып тұрғанын байқап, «ішімнің ауырғаны тарап кетті» деп отадан бас тартады.
Қонақүйге келген соң өзінің жақсы көретін шеф-аспазшысы Андриян үш литрлік банкідегі сүтті «мынаны таусып іш» дейді. Ол бір апта бойы ағарған ішіп, тәуір болады. Осылайша, аңшылық жазушының өліміне себепші бола жаздаған еді. Қызығы, ол екінші рет өлімнен аман қалды.
1965 жылы ұлы жазушыға А.Нобель сыйлығы берілді. Артынша М.Шолоховқа қарсы екінші қаралау науқаны басталады. Ол қаламгер дүниеден озғанша толастаған жоқ. Оған себеп, «Тынық Дон» романының 1 және 2-томдарының қолжазбасының сақталмауы еді. Қолжазбаны журналист Лев Колодный іздей бастағанда, М.Шолохов қартайып, оны науқас меңдей бастаған-ды. М.Шолохов журналистке қолжазбаны баяғы өзін ауруханаға апарған досы В.Курдашовтың жесірі Матильда Курдашованың үйінде екенін айтып үлгіреді. Сонау 30-жылдары роман авторлығы туралы дау шықанда, Москвада Мария Ульянова (Лениннің әпкесі басқарған арнаулы комиссия құрылғанда, өз қолыммен апарып тапсырған болатын. Сол комиссия сараптама жасап, «Тынық Дон» авторы Шолохов екендігін дәлелдеген болатын.
Сараптамадан соң М.Шолохов досы В.Курдашовке телефон соғып, қолжазбаны үйіне алып қой деп тапсырады. Әні-міне алам деп жүргенде соғыс өрті басталып, екеуі де майданға әскери тілші болып аттанып кетеді. Миллиондардың басын жұтқан алапат соғыста В.Курдашов қаза табады.
Қаламгер соғыстан келеген соң Курдашовтың жесірі Матильдадан қолжазбаны сұрағанда, ол жоғалтып алдым дейді. Алайда, Матильда өтірік айтқан болатын, жазушының атағы жер жарып тұрғандықтан пендешілікпен қызғанышқа барған еді. Кейін журналист Лев Колодный қолжазбаны шетелге өте қымбат бағамен сатуға болатындығын айтады. Бұл кәрі кемпірдің қызығушылығын туғызып, журналистке делдалдығы үшін үлесіне дейін келіседі. Алайда, Матильда моргтен бір-ақ шықты. Матильданың жиені мұрагерлік жолмен қолжазбаға ие болғасын, Лев Колодный делдалдығын қайта ұсынып Дүниежүзілік әдебиет институтына қолжазбаны 500 мың АҚШ долларына сатайын деп жатқаның естіген М.Шолоховтың қыздары Мария мен Светлана 2008-2012 жылдары Ресейдің Үкімет басшысы болған В.Путиннің қабылдауында болады. Үкімет басшысы бұл іске дереу араласып, Ресей Ғылым Академиясына қолжазбаны 50 мың АҚШ долларына сатып алғызады. Осылайша, ұзақ жылға созылған «Тынық Дон» роман-эпопеясының дауына нүкте қойылды.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Сталиндік және Лениндік сыйлық иегері ұлы жазушы М.А.Шолохов (1905-1984) Қазақстанды өте жақсы көрді. Соғыс жылдарында отбасы Орал қаласына жақын жердегі «Дария» поселкесінде тұрған, Жайыққа талай балық аулауға да келіп тұрды. Өз сөзінде: «Донда жүргенде – мен казакпын, Жайықта жүргенде – мен қазақпын» деп, келген сайын айтушы еді.
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<