Тырау-тырау

4200

0

Пыр-пырлап ұшатын осы шегірткені көрсем болды, баяғы бала кез еске түсе кетеді.

Біздің үй Көктеректегі жатаған төбенің маңында еді. Әкем екеуміздің жұмысымыз совхоздың жүздеген тауығына жем-су беру. Одан қалды жұмыртқа жинаймыз. Әкем ара-тұра өзен жағалап, малды бір барлап келеді. Қазір ойласам, нағыз рахат өмір сол екен.

Баламын ғой, сол жайбарақат тірліктен де жалығамын. Ауылдан 8 класс оқитын ағам Нұрдәулеттің әр келгені мен үшін мереке. Бірақ, әр нәрсені бір сұрап миын ашытатын болуым керек, Нұрекең менен қашықтау жүреді. Оның үстіне үлкендерден жасырып темекі шегетіні бар дегендей. Шекісіп қалғанда бар құпиясын айтып қоятын «шпион» інінің оған да қажеті шамалы-ау, сірә…

Жатаған төбенің баурайы толған жәндік. Соның арасынан пыр-пырлап ұшатын, қызыл қанатты ерекше көзге түседі. Өзі ұстатпайды. Әйтсе де ерінбеймін, жіңішке шыбықпен ұрып, әлсіреген бейшараны тырбыңдатып Нұрдәулеттің көз алдына тосамын:

– Нұрет, мынау не?

Жалпы біздің Нұрекең көп ойланбайды. Сол әдетіне салады да: «Е, бұл кәдімгі тырау-тырау ғой» дей салады. Сөйтіп, кәдімгі шегірткені мектепке барғанша мен де осылай атап жүрдім.

Қайбір жылы ауылға барғанда соны еске салып едім ағам әдетінше боғауызбен бір тұздықтап алды. Сосын «Сен де ит жылғыны ұмытпайды екенсің» деп күлді-ай келіп. Қалай ұмытайын, менің балалығымның бар суреті сол болса…

…Жақында ғана үйден шыға бергенімде бетіме бірдеңенің сарт ете қалғаны. Анықтап қарасам, баяғы тырау-тырау. Желек біткенді қоймай жейтін жасылы емес, тастақты жерде болатын сұр шегіртке кәдімгі.

Баяғы бала кездегідей ұстап алмаққа ұмтылдым өзімше. Шалт екен, пыр етті де көзден ғайып болды.

Әй, сол жарықтық біздің ауылға қарай ұшты-ау…

Мұрат Жетпісбаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<