Айналайын! Осы бір тамаша сөзді саған арнаймын, қызым. Мектепте жақсы оқыдың. Жоғары оқу орның жақсы бітіріп, өзің қалаған ұстаздық жолын бастадың. Үлкен өмірдің үлкен сүрлеу жолына түстің. Мен сенің өмірде толыққанды адам болғаныңды қалаймын. Ол үшін әдеби кітап оқуды жалғастыра бергенің дұрыс. Бұл ғана емес, өмірдің сан қырын, адамдардың психологиясын танып, білу үшін де кітап оқудың маңызы зор. Сен жассың. Бар өмірің алдыңда. Әлі талай асуларды бағындырасың. Сенің мейірімге толы жан жүрегіңді одан сайын нұрландыратын, рухыңды биіктетіп, біліміңе білім қосатын – сарқылмас, алтын қазына бар. Ол – кітап. Кітап оқуды тоқтатпа. Бұл – менің ұстаз ретінде де, ана ретіңде де айтар тілегім.
Заман жақсы. Қарыштап дамыған экономика. Кез келген ақпаратты таба алатын интернет мүмкіндігі. Осыншама мол мүмкіндікті пайдалана отырып, адамның ішкі жан дүниесі толыққанды байи ала ма?
Қазіргі кезде адамдардың көбі бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы хабарласып, телесериалдар көріп, әпсаналар да оқиды. Сол арқылы әлем жаңалықтарынан хабардармын деп те іштей сенеді.
Адамның сарқылмас қазынасы – рухани байлығы әдеби кітап оқумен толығады. Ішкі жан сырыңды, толғандырған мәселеңді кітаппен бөлісесің. Өйткені ол сенің сырыңды ешкімге айтпайды. Түрлі бейнелер арасында өзіңді еркін сезінесің. Көңіл көкжиегіңмен басқа жерлерді шарлайсың. Олардың тіршілігі мен көрген қиындығын оқығаныңда, өз мәселеңнің түкке тұрғысыз екенін біліп, тәуба етесің.
Оқушы кезімнен әдеби кітапқа жақын болдым. Шығарма оқиғаларының кейбір тұстарына күліп алатынмын. Ал кейбір оқиғалардан көзге жас келетін. Осылайша кейіпкерлермен бірге бірде күліп, бірде жылап, қатарларыма қарағанда ерте есейдім. Кітап оқу жан дүниеңді байыта отырып, ақылыңды, жалпы пайымыңды дамытатынын түсіндім.
Мектепте жүргенде апайым М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуды тапсырды. Ойымда ақынның он үш жасар балаң бейнесі орнықты. Студент кезімде осы шығарманы қайта оқыдым. Абайдың жастық жігері, Тоғжанға деген махаббаты, Біржан сал ауылына келген кездегі жастардың сән-салтанатпен қарсы алуы, ауылды тербеген әсем ән, тәтті күйлер ерекше сезімге бөледі. Мектепте мұғалім болып жүріп, оқушыларымды әдеби кітап оқуға ынталандыра бастадым. «Абай жолын» қайта оқыдым. Білесің бе, балам, бұл жолы роман мазмұны басқаша әсер етті.
Мен Абайдың даналығына бас идім. Адамгершіліктің озық үлгісін көрдім. Кедейлерге болысып, жастардың бас бостандығы үшін күрескен адамшылығы мен ел арасындағы күрделі дауларды шешерде төбе би сайлаған халқына әділетті шешім айтып, парасаттылығын көрсеткен, есейген, ақылы толысқан ұлылығын таныдым. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақынның шын мәніндегі ұлылығы халқымыздың ұлылығын паш етіп тұр. Бұл шығармада әке ақылы, әже мен ана мейірі, дос көңілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып – бәрі әдемі тоғысқан. Сондықтан ойың еселеніп, ақылың толығу үшін «Абай жолын» тағы да оқып шығуға кеңес беремін.
Жалпы, әдеби шығармаларды оқу жан-жағыңдағы адамдармен жақсы тіл табысуға, жүйелі оймен тартымды сөйлеуге үйретеді. Қоршаған ортаны танып, әрбір оқиғаны сараптай аласың. Кез келген ортада өзіңді еркін сезініп, ойыңды әдемі жеткізе білесің. Кіммен не туралы әңгіме өрбіткен дұрыс екенін сезінесің. Бұның барлығы – сенің кітап оқуды тоқтатпағаныңның арқасы. Өмірдегі рухани құндылықтарды білу кітап оқуға байланысты. Себебі, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы».
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Әрбір мамандық иесі нағыз интеллигент болам десе, туған тілі мен әдебиетін білуі керек» деген болатын. Сондықтан да жас маман туған халқының әдебиетін оқуды жалғастырғаны жөн. Өйткені әдебиетте сол елдің тарихы да, болмыс-бітімі де тұнып тұр.
Кейде көп ойлардан қажып кетсем, ақын М.Шахановтың «Эверестке шығу» кітабын оқимын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, жаныма жақын адаммен тілдесемін. Жасыған жігерімді жанып, бойға күш-қуат аламын. Биік рухты жырлаған ғұлама қаламгердің туындылары қандай тамаша!
Ұлы ақын, ойшыл Ә.Науаи «Кітап – ақылы үшін ақы сұрамайтын ең құнды қазына», – деген болатын. Кітап оқи жүріп, ақылың толысады. Өзіңді танисың. Өзгені танисың. Көпшілік алдында өзіңді еркін ұстауға дағдыланасың. Ендеше, қызым, кітап оқы. Жан дүниеңді байыт. Көзқарасыңды молайт. Өзіңе деген сенімділігіңді арттыр. Мен саған сенемін!
Нәзігүл МОЛЖІГІТОВА,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Арал қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<