Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және Шіркейлі ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен, «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйі жұртшылықтың жүрек түкпіріне жарық түсірген тамаша кеш ұйымдастырды.
Танымал ақын, ауданның құрметті азаматы, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Алтын қауырсын» номинациясының лауреаты, облыс әкімінің стипендиаты, «Лукойл» компаниясының грант иегері, мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың өлеңдерін оқудан «Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті.
Шараны Шіркейлі ауылдық округінің әкімі Талғат Ізтайұлы сөз сөйлеп ашып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Ауылдық мәдениет үйі директоры Мақсұт Әбсадықов «СҰХБАТ-TIME» жобасы аясында кеш иесінің жары Әйгерім Нұрлановамен қызықты әңгіме жүргізіп, ақынның қос бүлдіршіні Қалқаман мен Қарақаттың өнерін ортаға салды.
Бала кезінен арбаға таңылып, қатарымен күліп-ойнап мектепке бармаған, өлеңді аузына ағаш тістеп, ұялы телефонның нүктелерін басу арқылы жазатын тағдырлы ақынның жырларын 14 пен 29 жас аралығындағы талапкерлер жүрекке жеткізіп оқыды.
«Қанатым қысқа, ұшпаймын, көктен төнбеймін, бірақ қапасқа қамағаныңа көнбеймін. Өктемдігің өзіңе деймін, ей, өмір, жанбай сөнбеймін» дейтін тебіреністен көрермен көзін жас шылап отырса да, кеудесіне өлең сәулесі құйылып, сұлу сәттердің куәсі болды.
Бұл сында бас жүлде Жаңақорған ауданынан келген жас Әбунасыр Шәдібектің еншісіне тиді. 1-орын жүлдесін шіркейлілік талапкер Нұриддин Құлтай, 2-орынды Қоғалыкөл ауылының ару қызы Аяулым Балғабай иеленді. 3-орын жүлдесін Қармақшыдан келген Мадияр Маханбетұлы мен тағы бір шіркейлілік талант Диас Асанов бөлісті.
Нұрмұхаммедтің осыған дейін «Тағдырымның жанары», «Тасжарған» деп аталатын екі жыр кітабы жарық көрген. Ол тек өлең жазбайды, суретті де шебер салады. Қолымен емес, қаламды аузына тістеп отырып салады. Ол – шахматтан ерекше қажеттілігі бар жандар арасында облыс чемпионы.
Сондықтан осы шара аясында мектеп оқушылары қатысқан шахматтан да шағын турнир ұйымдастырылған еді. Қатысушылардың өнері сарапқа салынып, І орын Нұрмина Нұрланға, ІІ орын Зейіннұр Жақсылыққа, ІІІ орын Еркеғали Қанатбекке берілді.
Байқауға ҚР Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің қызметкері Дүйсенбек Аяшұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің редакторы Аружан Мұханбетқали қазылық жасап, баға берді.
Шараны Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева қорытындылап, ақынның ата-анасы мен демеушілік жасаған азаматтарға алғыс білдірді.
«СБ» ақпарат





