Жаны жайсаң жақсы жан

6

0

Өмірде саған әйтеуір бір себептермен көмегі тиіп жүретін жандар болады. Ол әдейі жасамаса да, сенің бір қиналған не бір нәрсеге  қажеттілік туған кездеріңде сол кісінің сәл де болса көмегі тиіп, қол ұшын созатын реті келе қалады. Мұнысын бәлкім, ол өзі де байқамай, жанына біткен адами дағдысы бойынша жасайтын сияқты. Бұлдамайды да, білдірмейді де. Бұл құбылыстың әлдебір жаратылыстық құпия сыры да болуы мүмкін-ау деп ойлайсың кейде. Болса болар. Өйткені болмыстың біз білмейтін сырлары қаншама… Осындай абзал жандардың бірі – біздің көбімізге ортақ ағамыз, әріптесіміз, жаны жайсаң жақсы жан филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы дер едім.

Жалпы адамға жақсылық жа­сау үшін кішкене ғана ықыластың өзі аса маңызды болатын сияқты. Біз ғылым жолына түскен өткен ға­сырдың 80-жылдарының аяғы, 90-жылдарының бас шенінде ел­де бірқатар экономикалық қиын­­дық орын алып тұрған бо­ла­­тын. Қазір бір қарағанда, елеу­­сіз-ақ нәрсе болып көрінер, бі­рақ сол қиындықтардың қара­пайым бір көрінісі ретінде есте қалған бір жай ойдан шық­пай­ды. Былай қарағанда, уәж емес, жай ғана бір нәрсе сияқты. Бі­рақ астарына үңілсем, осы бір оқи­ғадан әлдеқандай заңдылық кө­ремін де тұрамын. Мен ғы­лы­ми тақырыбымды 1991 жылы ака­демияның Тіл білімі инсти­тутында бекіттіріп келіп, жазуға енді талап қыла бастаған кезде, сізге өтірік, бізге шын, жазатын қағаз табылмаған десем, сенер ме едіңіз? Иә, кәдімгі ақ қағаз. Қа­рапайым дәптердің өзін табу мұң болған шақтар еді. Қазір енді ертегі айтқандай болып көрі­нерміз, бәлкім, бірақ бұл ақиқат шындық еді. Уақытша болса да, сол бір кезең ел өміріне біраз қиындық келтіргені рас.

Айтайын дегенім, дәл осы кез­де Жәкең ағам маған көктен түс­кендей мол сыйлық жасамасы бар ма! Бір бума, шамасы 5-6 келі болатындай кәдімгі А-4 жазу қағазын көтеріп әкеліп қолы­ма ұстата салғаны бар. Әрине, қазіргі қағаздардай аппақ болып жалтырап, көздің жауын алып тұрған жоқ, өңін беріп, біраз сар­ғыш тартқан осы үлкен бума қа­ғазды алған сәтім  әлі көз алдымда.

– Осыны пайдалан, бала, біраз жерге жетіп қалар, – деді ағамыз жымия күліп. Десе дегендей, бү­кіл жұмысым осы қағаздарға жа­зылып шықты, қазір қолжазба кү­йінде сақталған бұл дүниелер әлі де қымбат көрінеді. Өйткені бұл ақ адал көңілден, тілектес ниет­тен шыққан үлкен ықылас болатын. Иә, бұл басы ғана екен. Мұнан соң да осы бір қарапайым адал жанның алғаусыз жақсы қол­дауларын аз көрмедім. 

Ғылым жолына кештеу ке­ліп, бұл ортамен қырықтың қырқа­сын шалғанда ғана араласа бастаған мен үшін қазіргі Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универси­теті­нің табалдырығын оқытушы болып аттау, әрине, өмірімдегі үлкен сәттілік болды. Мұнда да сол кездегі Гоголь атындағы Қы­зылорда институтына ректор болып келген абзал азамат, мар­құм Айтмұхамбетов Абай бауы­ры­мыздың шапағат шуағын сезген болатынбыз. Алдына барған та­ла­бымызды қайтармай, бірден ше­шім қабылдаған сол азаматтың кі­сілік келбеті де көз алдымда. Анау-мынау былық-шылықтан ада Абай ағамыз бұрын-соңды та­нып-білмеген мені ә дегеннен жы­лы қабылдап, өмірімде ерекше маңызды болған жаңа бағытқа, бүкіл ғылыми тіршілігімнің бас­тауы саналатын бағытқа салып жі­беруі, әрине, маған тағдырдың сы­йындай көрінеді. Онан соң марқұм ф.ғ.д., профессор А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты­ның грамматика бөлімінің меңгеру­шісі болған Есенов Қайырболат Мұқанұлының аялы алақанының жылылығын көп сездік. Өз ісіне шын берілген Қайырболат аға шә­кірттеріне барынша еркіндік бе­ретін, бетінен қақпайтын, қан­дай бағытта болса да еркін сөй­ле­сетін. Жеңіс аға екеуміз осы Қай­рекең арқылы да бір-бірімізге жа­қындай түскендейміз. Ол кез­дегі астанамыз Алматыдан уни­вер­ситетке мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып талай ағаларымыз, белгілі ғалым­дар келетін. Академик З.Қабдолов, профессорлар М.Жолдасбеков, Р.Әміров, Қ.Есенов ағалармен біз­дің Қызылорда университетінің жас талап ғалымдары осылай ара­ласқан-ды. Олар осындағы ғылым қуамын деген жас талапкерлерді қанатының астына алып, бала­пандай баулитын, ағалық кеңес­терін аямайтын. Қайырболат аға­ның да талай талапкерге көмегі мол болды.

Иә, осындай ізгі жандардың ізін қуып, солардың өнегесін ал­ған ұрпақтың алдыңғы легінде Жеңіс ағамыз тұр. Қазалы өңі­рі­нен, теңіз жағасынан өсіп шы­ғып, бірқатар қиындықпен қақ­ты­ғыса жүріп, өзінің өршіл та­­ла­­­бының арқасында, өмір жо­лын­да жолыққан жақсы жан­дар­дың демеу-қолдауымен Жә­кең ғылымда, әсіресе, қазақ тіл білімінің морфология және син­так­сисі салаларында қажырлы ең­бек етті.  Қадірменді ұстаздары М.Томанов, С.Омарбеков, Қ.Есен­ов, т.б. ағалардың басшылығымен жасаған ғылыми ізденістері нә­тижесіз болған жоқ. Ғылым кан­дидаттығы және ғылым док­тор­лығын сәтті қорғап, универ­ситет қабырғасындағы оқу-тәрбие жұ­мыстарын ұйымдастыруда елеу­лі еңбек етті. Тіл ғылымының түр­лі салалары ішінде синтаксис саласында ғалымдар аса көп те емес. Мұның түрлі себептері де бар деп айтып отыратын ке­зін­де марқұм ұстазымыз, ғылы­ми же­текшіміз болған профес­сор Қ.Есен­ов ағамыз.  Сол қиын­­дық­тарының бірі сөйлем таби­ғатының аса күр­делі комму­никативтік мақ­сат­тармен байла­нысты сан түрлі құ­былып, адам­зат қарым-қатына­сы­ның әр алуан әлеуметтік, қо­­ғамдық, психо­ло­гиялық, т.б. қа­жет­­тілік­терін қамта­масыз етуінің сырла­рын түсіндіру болатын. Қазіргі жасанды интел­лект қыз­метінің бастауында да ке­зінде белгілі амери­калық ғалым Наом Хомский бастаған сөйлем таби­ғатын құрылымдық тұрғыдан зерт­теу бағытындағы еңбектер тұр­ғаны бекер емес. Біздің Жеңіс аға­мыздың зерттеулерінде де қа­зақ тілі сөйлемдерінің құры­лым­дық үлгілерін жасау талабы алғаш көтерілген болатын. Оның үстіне, әдетте қалыптасқан тіл ғы­лымында грамматикалық фор­ма мәселесін алдыңғы орынға шы­ғарып, ал мағына жағын осы грам­матикалық тұлғалар арқылы айқындайтын бағыт қалыптасқан еді. Жеңіс ағамыздың докторлық жұмысының ерекшелігі – сөй­лемнің құрылымдық-тұлғалық жа­ғы мен мағыналық жағын өзара бай­ланыста алып қарастыруы бол­ды. Бұл жай да – қорғау кезінде сарапшылар тарапынан назар ау­дарылған мәселе. Қазірде бұл ба­ғыттағы зерттеулер тіл ғылы­мында басымдық алып отыр. Өйт­кені, шынында да, сыртқы форма ішкі мағынаны бейнелеудің амалы екендігі ақиқат. Осындайда сөз ретіне қарай айта кетуге тура келеді, тіл ғылымының синтаксис саласының кейінгі зерттелу жағ­­дайы мәз емес. Себебі бұл бағыт­тағы алдыңғы топтағы жетекші ғалымдар өмірден озды. Ал қа­зіргі кездегі магистрларымыз бен докторларымыз заманауи сән­ді, бірақ ғылымға аса терең­дей бермейтін жалтырақ тақырып­тар­ды малданып жататынын несін жа­сырайық. Бұл жерде мәселе ғы­лым саласындағы қазіргі сая­сатқа да байланысты, әрине.  Ғы­лымның сапасына емес, санына қарай ұмтылған бұл үдеріс түбі жемісті бола қоярына сенім жоқ. Соның көрінісі болар, қазір бір ЖОО жанындағы Ғылыми ке­ңесте жылына 10-15 ғылым док­торы қорғап жатады. Бұл да бір заманның соққан желі шығар дей­сің де қоясың. Қоймағанда қайтесің.

Ғылым жолы сайрап жатқан даңғыл емес. Біздің де осы бағытта еңбек етіп келе жатқанымызға біраз уақыттың жүзі ауды. Әсіресе, адамзат тілі пайда болуының те­реңіне үңілетін генетикалық тіл ғылымы бағытындағы жұмыс­та­ры­мыздың жолы аса күрделі болды. Қолдаушылары да, қар­сы­лары да аз болмаған осы ғы­лыми бағытымда әуелден-ақ ма­ған тілектестік білдіріп, әділ пі­кірін айтқан жандардың бірі де – Жеңіс аға. Ол менің ұйымдас­ты­руым­мен генетикалық тіл ғылы­мына арналып өткен  үш ха­лық­аралық конференцияда да баяндама жасап, өз көзқарасын айқын айтумен келеді. Алғаш ме­нің 60 жылдық мерейтойыма бай­ланысты конференцияда Жә­кең аталған мәселенің аса күр­делі екендігіне, бұл туралы әлем­дік деңгейдегі В.Гумбольдт, А.Шлей­хер, Жан Жак Руссо, т.б. сынды белгілі ғалымдар еңбегіне назар аудара келіп: «Бұл бағыттағы із­деніс әлі де жалғасын табуда. Со­ның бір куәсі – бүгін 60-тың асқарына шығып отырған Шан­жархан Бекмағамбетовтің зерттеу жұмысы дер едік. Оның «Тілдік таным негіздері және тілдік сим­волдар» (1999) аталатын еңбе­гін оқи отырып, оқығанда да қай­та-қайта ежіктеп, түсінуге ба­рынша тырыса отырып та­ныс­қа­нымызда, шынында да, бұрынғы ғалымдардың ой-пікірлеріне мүл­дем ұқсамайтын, жаңаша көз­қарасты байқағандай болдық. Бай­қадық та, осы бір тосын ойдың, кез келген тілші ғалымды елең ет­кізер жаңалықтың иесі біздің ортамызда екеніне қуандық, шү­кіршілік жасадық. Күні бүгін­ге дейін адамзат тілі пайда бо­луы­ның ғылыми негіздері айқын­далған жоқ деп есептеген ғалым осы бір өзіне дейінгі талай ғұлама­лардың басын ауыртып, тізгінін ұстатпай келген ауыр да қиын мәселені өзінше пайымдап, өзінше шешуге ұмтылады» деп, ақиқатты айтып қана қоймай, оған деген өзінің жүрекжарды қуа­ны­шын да жеткізеді. Қалайша риза болмассың! Біз мұны, әрине, нағыз ғалым адамның адалдығы, ағалығы, азаматтығы деп қабыл­дадық. Ал өмірде, әсіресе, ғы­лымда жаңалыққа жар сала қуану түгілі көбіне таяқ ала қарсы ұм­тылу жиі болатынын көріп те келе жатырмыз.

Шыны керек, ғылым адамы­ның тіршілігіне әрқашан қолдау, демеу керек екені белгілі. Қа­зіргі нарық заманында түрлі жол­дармен қаражат табушылар да жоқ емес екені рас. Бірақ біздің ке­йіп­керіміздің еңбек еткен аумалы-төкпелі кезеңінде көп­шілік, әсі­ресе, жастар жағы ғылым қууды емес, ел өміріне жаңадан араласып жатқан тіршілік үдерісіне еріп, ақша табуды көбірек ойлауға мәж­бүр болды. Ал ғылымды өзі­нің өмірлік мұраты деп білген Жәкең сынды азаматтар қинала жүріп, сол діттеген мақсатынан таймауға барынша күш салды. Олардың бар демеушісі ойындағы ізгі мұраты, айналасындағы туған-туыс, етжақын бауырлары ғана еді. Осы қиындықтарды Жәкең де өзінің басынан өткергені көз алдымызда. Бірақ соның бәріне мойымай, «көппен көрген ұлы той» деп, жасымай, жасқанбай, жеңіп шығуына, әрине, ағамыздың отбасының, өмірлік жары Орын­бике жеңгеміздің қосқан үлесі аса зор. Бір салада қатар еңбек етіп келген жарасымды жұптың сән­ді де мәнді тіршілігі «азға – қа­нағат, көпке – берекет» деген адами алтын қағидамен әдіптеліп, бүгінде өсірген ұрпақтарын көз­қуаныш етіп, солардың тілеуін тілеп, абыз ата-әже болып отырған шағы бұл. Бүгінде сексеннің сең­гіріне көтеріліп отырған абзал ағамызға алда да аман-сау болып, ұрпағының қызығына тоймай, Алланың берген қуанышын той­лай беруіне тілектестік білдіреміз. Өмір жақсы адамдардың жақсы істерімен гүлденеді.

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті