Жақсы кітап – жан азығы екені белгілі. Десек те оқыған кітабын өзіндік ойымен таразылап, әсерін оқырманмен бөлісудің жөні бір бөлек. Осыдан бірнеше күн бұрын қолыма «Жүрегіме жеткен жыр» деп аталатын кітап түсті. Кітап авторы қоғам қайраткері, Т.Жүргенов қорының Құрметті төрағасы, Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қордың Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Құрмет» орденінің иегері Сәпен (Сәби) Аңсатов.
Айта кетейік, автордың бұған дейін «Мәуелі мезгіл», «Болмыс», «Біздің буын», «Айтарым бар» және «Темірбек Жүргенов» (таңдаулы мақалалар жинағы) кітаптары жарыққа шыққан.
Жыр деген сөз жүрегіме жылы тиіп, кітапты оқуға ықылас қойдым. Алдымен бір шолып көрмек едім, алайда ә дегеннен 137 беттен тұратын шағын кітаптың соңғы беттеріне жетіп қалыппын. Сондағы түйгенім, кітаптың жалпы мазмұны ақын жырына деген оқырманның ойы мен сезімін, алабөтен сүйіспеншілігін аңғартады. «Ол ақын кім» десеңіз, қазақ өлеңінің Қадыры, ғұлама ақын, сұңғыла ойшыл, шебер суреткер Қадыр Мырза Әлі!
«Қадыр дәуірі деген дәуір өтті. Оның жырларымен сусындап өскен біздің буын ғана емес, бізден кейінгі буын үшін де Қадыр – тәрбие, Қадыр – тәлім, Қадыр – ұлт ұстазы дәрежесіне көтерілген дара, данышпан ақын. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, «Ой марқайтар парасаттың ақыны».
Кітап авторының жазбасы осылай басталыпты. Одан әрі қарай ол ақынның жырларына тереңірек үңіліп, тұтас туындының астарында жатқан салмақты һәм салиқалы ойды тарқатады. Қатпар-қатпар иіріммен өрілген өлең шумақтарын қарапайым оқырманға қара сөзбен ұғындырғысы келеді.
Автор Қадыр ақынның мына өлеңіне аса көңіл бөліпті.
«Теріңді намыс сыдырсын,
Тіліп бір түскен қамшыдай.
Жотаңнан моншақ шұбырсын,
Әйнектен аққан тамшыдай.
Кеудеңді қуат кернесін,
Кернесін қуат ұдай кеп,
«Уһ» деуге шамаң келмесін,
Жұмыстан шаршап құлай кет» – деп келетін шумақтарының алғашқы екі жолын оқығанда расында да арқамнан қамшымен тартып жібергендей қайқаң ете қалам! Иә, жұмыссыз, ізсіз уақытын босқа өткізіп, он екі мүшесінің қай жерде тұрғанын айыра алмай мең-зең боп жүргендер қаншама?! – деп жазады қаламгер. Дәл осылайша ақынның ел аузында жүрген бірнеше жырларын жүрек қалыбынан өткізіп, құнарлы сөздің құдыретіне тәнті болады.
Жайлауында жүрген жігіт, бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр, анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз Қазақ осы, міне, танып қой!
Иә, айтса айтқандай, ақынның «Қазақ осы» деп аталатын осынау өлеңінде халқымыздың ешкімге ұқсамайтын бөлек болмысы суреттелген. Дала қазағының аңғал-саңғал, ашық-шашық қалыбы, көңілінің кеңдігі, жүрегінің тазалығы керемет жыр шумақтарына айналған!
«Қадырдың 16 томдық шығармалары менің ішер тамақтан кейінгі азығым, байлығым. Үнемі парақтап, іздегенімді тауып, шөлімді қандырып тұратын кәусарым» дейді кітап авторы. Сондай-ақ, ақынның «Сөз сиқыры» деп аталатын екі томдық кітабына, «Жазмыш», «Иірім» атты эсселер жинағына шолу жасай келіп, ондағы талдаулар мен зерттеулердің тереңдігіне біразырақ тоқталады.
«Қадыр – адам жанының суреткері», «Қадыр – махаббат жырлары», «Қадыр – ақиқат жырлары», «Қадыр – даналық мектебі», тағы сол сияқты әрбір тақырып бөлек-бөлек тарқатылып берілген. Осылайша қалам иесі қазақ поэзиясында ерек қолтаңбасы бар Қадыр ақынның еліне қалдырған қазынасын жалпы оқырманға жіктеп таныстырады. Әрбір жазбаны оқи отырып, автордың ақын шығармашылығына қанық екенін, сондай-ақ, оқырман тұрғысынан терең саралай білетініне көз жеткізесіз.
Кітапқа алғысөз жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай «Әдетте әдебиеттен алыс өзге сала адамдарының жан дүниесіндегі қатаң қалыптасқан технократтық тегеуріндерді бұзып-жарып өмір сүруі сирек кездесетін жағдай. Біз білгендегі Сәбеңнің өзін руханияттың босағасына байлауы өмірдің өз диктовкасынан, қажеттілігінен туған болуы керек» деп пікір білдірген екен.
«Менің бұл жазбам Қадыр шығармаларын талдау да, зерттеу де емес. Өз шама-шарқымша Қадыр Мырза Әлі шығарамаларын әр тақырыптқа бөліп оқырман ретінде пікірімді жаздым. Қалай шықты? Бағасын берер өздеріңіз» – дейді кітап авторы.
Олай болса, жарыққа шыққан жаңа кітаптың бағасын беруді жалпы оқырманға қалдырдық.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





