А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде жас ақын Биболат Сәтжановтың «Жолқараған» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Шараның алғысөзін алған қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов дарындарға бай Сыр елінің жыр көшін жалғаушылардың ішінде Биболаттың өз бейнесі айқындалған ақын атын иеленіп, талай бәйгелерді бөктеретін жүйрік болатынына сенім білдірді.
Расында да, Биболат ақынды екінің бірінен ерекшелеп тұратын қасиет – аса ізденгіштігі мен ілгерішілдігі.
Мін іздесең
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін, – деп рухани ортаға үнсіз келіп қосылған ақын аз уақытта әдебиет мамандарының аузына ілініп, өлеңсүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерді.
Осыдан бір жыл бұрын аңыз ақын Әділ Ботпановты ұлықтау құрметіне арналған республикалық мүшәйрада Биболат Сәтжан бас бәйге алған болатын. Сол өлең мерекесінің ұйымдастырушысы, руханият жанашыры Аманжол Сақыпұлы өз есебінен Биболаттың бір кітабын шығарып беруге уәде еткен. Сөйтіп, «Жолақараған» деп аталатын көлемі жұқа, өлеңі қалың бір дүние өмірге келген.
Жыр кешінде «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Омаров сөз сөйлеп, 440 дана кітапты облыстық кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жанғабыловаға табыс етті. Ол өз кезегінде ақынның тұңғыш жинағы облыстағы барлық кітапханаға жеткізілетінін айтты.
Сондай-ақ, ақынның рухани ағасы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы сөз алып, Биболаттың қара сүрлеу емес, қанаттылар ғана шығатын шыңға апаратын жол қарап жүргенін әдемі мысалдармен айтып жеткізді.
Десе дегендей, Қызылорда қалалық Жастар театрының әртістері оқыған ақын өлеңдері тыңдарманын терең ойға батырып, шырқау биікке жетеледі.
Сонымен бірге Б.Сәтжанның өзі де сахнаға шығып, жыр шашуын шашты. Ақын өлеңдерін филомония әншілері әдемі әуендермен әрледі.
Кешті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
«СБ» ақпарат
Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<