Жүрегінен жыр түлетіп, мұң тарқатқан…

428

0

Ол 1965 жылы Жалағаш ауданына қарасты «Мақпалкөл» ауылында дүниеге келген. Бұрынғы «Жаңаталап» ұжымшары қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауылдың перзенті. 1982 жылы сол ауылдағы №117 орта мектепті бітірген.

Әкесі Асқар Қожахметов елге сы­йлы азамат болған. Жеңіспен орал­ған майдангер-ұстаз соғыстан келісімен ауылдағы Қатша есімді сұлумен бас қосады. Шаңырағы шат­тыққа кенеліп 6 перзентті болады. Сол перзенттерінің бәрін жетілдіріп, оқытып ел қатарына қосады. Туған жердің түтінінің түзу ұшуына өз үлесін қоса білген майдангер-ұстаз ауылдағы мектепте табан аудармай 40 жыл еңбек етеді. Сөйтіп жүріп бірнеше жыр кітаптарын шығарады.

Бүгінде ауыл ортасында Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын-ұстаз, марқұм Асқар Қожахметов атында көше бар.

Ал біз әңгіме еткелі отырған Гауһар шаңырақтың кенжесі. Оның бойындағы ақындық қасиет әкесі­нен дарыған. Ол Қызылорда қала­сындағы Н.Гоголь атындағы педаго­гикалық институттың фи­лология факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы бітіреді.

Оқушы кезінде жазған алғаш тырнақалды өлеңдері мен мақа­ла­лары Жалағаш аудандық «Жаңа­да­рия» газеті мен республи­ка­лық «Қазақстан пионері» газеті­не, сон­дай-ақ республикалық «Бал­дыр­­ған» журналына жариялана бас­­тай­ды. Қаршадайынан жаны­на өлең­ді серік еткен Гауһар Ас­қар­қы­­зы жоғары оқу орнын бітірі­сі­мен әке ісін жалғастырып, ал­ғаш­қы еңбек жолын мектепте мұ­ғалім бо­лудан бастайды. Содан ұзақ жыл­­­дар білім саласында шә­кірт­ тәр­­биеледі.

Ұстаз бола жү­ріп шы­­ғар­машылықтан да қол үзбеді. Об­лыстық «Сыр бойы», «Сыр мек­тебі», республикалық «Ақ­мар­жан» газеттерінде өлеңдері жария­ланып тұрды. Алайда ұстаздықтан гөрі бүйрегі газетке бұрып тұратын.

Ақыры дегеніне жетіп 2011 жылы қалалық «Ақмешіт апталығы» га­зетіне тілші болып келді.

Содан осы газетте жүріп жауапты хатшы, бөлім басшысы қызметтері жолдарынан өтті. «Сыр медиа» бас­шылығының ұсынысымен өзінің туған жері Жалағаш аудандық «Жа­лағаш жаршысы» газеті бас ре­дак­торының орынбасары қызме­тіне тағайындалды. Туған жеріне барған ол ауылға деген сағынышын өлең жолдарымен өрнектей түседі. Аудан басшылығы оны жылы қарсы алып біріге жұмыс жасады.

– Қысы қатаң, жазы ыстық,
жел дейді,
Сол самал жел аялайды,
тербейді.

Бет қарыған шынықтырар аязы,
Жазғы аптабы от боп соғып
емдейді…

Туған жерінің қадір-қасиетін ба­рынша бағалай жеткізген ол аязы мен оттай ыстығының өзі жанға дәру екенін айтады. Гауһар өлеңді жеңіл оймен емес, тебірене, жазғанды жақ­сы көреді. Әкесі Асқар бірде Гау­һардың мектепте оқып жүргенде алғаш газетке шыққан тырнақалды төрт қатар өлеңін көргенде, «Менің қызым, болашақ жақсы ақын бо­лады» деп әкелік мақтанышпен, жы­лы мейіріммен көзіне жас ала, ба­сынан сипап, маңдайынан емірене иіскегені есінде. Сол кезде бала да болса, оның кеудесін мақтаныш се­зімі кернегені рас-ты.

Гауһар өлеңді бірден жаза сал­майды. Ой елегінен өткізіп барып, ақ параққа қондырады.

– Сыр шаһары Қызылордам –
бас қалам,

Алты Алашқа тұғыр болған
Астанам.

Сұлу Сырда ерке толқын
сылаңдап,
Болашаққа жарқын қадам
бастаған.

Зәулім үйлер бой түзеген
сән құрып,
Бұрқақтары ару қыздай
бал қылық.

Қызылорда – сүлейлердің
мекені,

Қойнауы – жыр, арнасы –
ән мәңгілік.

Көгінде – бұлт, жеріңде –
құт самғаған,

Ескерткіші хас батырын
сомдаған.

Қызылорда – ақ маржанның
Отаны,

Ардақтысың, аяулысың
сен маған!

Қызылорданың тарихы мен ше­жіресін, өсуі мен өркендеуін бір қа­уызға аса шеберлікпен сыйдыра білген. Сенбесеңіз тағы бір қарап көріңіз:

…Арман қала, асыл қала,
бақ қала,

Алты Алашқа болған алғаш
Астана.

Екі ғасыр шежіресін тұғырлап,
Ойып жазған атын алтын
тақтаға!

Жүректен шымырлай шыққан жыр осылай болса керек. Жаны жұмсақ, келбеті жылы ақын қыздың өлеңі жұмыр, айналасы тегіс.

Бүгінгі Сырдың жүрегі, аймақтың бас шаһары – Қызылорданың келбетіне сырт көздер де сүйсіне қарауда. Осы­ны көре, сезе білген ақын Гау­һар неге осылай жырламасын? Қа­ланың исі қазаққа астана болған 100 жылдығын жалпақ елге паш етуі қандай жарасымды?!

Өкпелеп жүрмісің сен
шыныменен,

Ал менің албыраған күнім өлең.

Жүрегімнің дәптері айғыз-айғыз,

Онда мен жыр жазамын
түніменен.

Сен маған ренжисің, өкпелейсің,
Жанымда отыра бер,
кетпе дейсің!

Мұң моншағы тізілген
жанарымда,

Мен тартқан қасіретті
шекпегейсің! –
дейді ақын Гауһар енді бірде өлең жазудың батпандай ауырлығын өте нәзік сезіммен жеткізе. Өлеңді аялай, оның ауыр салмағына шыдай отырып, әрі қарай ойын өре түседі.

…Мен бір жұмбақ әлем
бағындамын,

Күлкіге көмілсе әлем,
жанымда мұң.

Саған да оңай емес түсінемін,

Беймаза қалпымменен
қабылдадың.

Қиын-ау, ақын жүрек
тылсымың-ай,

Кей кезде мінезімде
қырсық ұдай.

Жер құрғақ салым суға батып
кетем,

Шабыт қысып жанымның
ыршуын-ай! –
деп кеудесіндегі алаулаған отты сабырмен, ақылмен баса отырып, әйелге тән ұяң мінезімен ішкі сырын өлеңге қайтадан ақтара бастайды.

– Өзіңе арқа сүйеп дамылдадым,
Татқыздың бірге жүріп
сабыр дәмін.

Мені емде өлеңменен ауырғанда,
Жүрегің сыр бергенде
жаныңдамын! –
деп жырлай үйдегі өмірлік сері­гі­нен әрдайым қолдау күтетінін, асыл азаматына арқа сүйейтінін жа­сырмай айтып, шалқар шабыт қысқанда беймаза күй кешетінін жанымен ұғынуын, түсінуін айтып отыр. Өлеңнің жұмбақ әлеміне еніп, туған жерге тәу етіп, сағынышын осылай жырмен басады.

Гауһардың басқаға ұқсамайтын сабырлылығына тәнті боласың.

Бас­пасөз беттерінде өлеңдерін көп жария ете бермейді. Бұл ада­ми­лық­қа тән қасиеті шығар. Ақын­мын деп кеуде де қақпайды. Ал жур­налистика саласында да елдің ойын билікке жеткізіп жүр.

Мәдениет май­талмандарының, қарапайым еңбек адамдарының өмірлерін на­сихаттай білуде. Ал биыл Гауһар Қожахметова 60 жасқа толып отыр.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Ақпарат саласының үздігі