Қалалық Жастар театры алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Жас Алаш», «Шындық шырағы» атты тарихи драмасын сахналады. Тарихи туынды Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл, Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына орай көрермен назарына ұсынылды. Шығарманың мазмұны М.Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың «Шындық шырағы» кітабының негізінде баяндалады. Қоюшы-режиссері – Ұлан Болатбек.
Спектакльдің премьерасына Міржақып Дулатовтың жиені, Гүлнар Дулатованың қызы, медицина ғылымдарының докторы Жаннат Әбенқызы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов, «Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ» тарихи сериалдарының сценарий авторы Ұларбек Нұрғалым, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық театрының директоры Дархан Балажанов қатысты.
Спектакль басталардан бұрын шығарма авторы Елдос Тоқтарбай ел алдына шығып, драманың өмірге келуіне дәйек болған маңызды деректерді тарқата айтып өтті.
– Тура бір ғасыр бұрын бұл қала мемлекет астанасы болды. Тап осы жерде ел тарихындағы ерекше оқиға – ұлтымызға «Қазақ» аты қайтарылды. Ғылым-білім, әдебиет, мәдениет сынды ағартушылық, руханият өзегі осы өңірден бастау алды. Алғашқы театр, алғашқы университет осы қалада ашылды. Тағы бір маңызды мәлімет, Алаш арыстары өмірінің ең жарқын кезеңін осында өткерген. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы», Міржақып Дулатовтың «Есеп құралы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романы сияқты алғашқы туындылары, «Еңбекші қазақ» газеті осында жарыққа шықты.
І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Сейфуллин сынды қазақтың қабырғалы қаламгерлері осы көшенің бойында тұрып, әдебиет майданына араласты.
Арада ғасыр өтсе де дәл осы жерде Алаш рухы маздап тұрғандай. Өйткені бұл топырақта «қазақтың көшін алға жылжытамын, рухын оятамын» деп жанын аямай қызмет еткен үркердей топтың ізі жатыр, – деді Елдос Тоқтарбай.
Драмалық қойылым 1925 жылы Ақмешіт қаласында өткен жалпықазақтық V съезде қабылданған тарихи шешім – «Қазақ» атауының қайтарылуынан басталды. Одан әрі қарай осы қалада жапсарлас үйде тұрған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтың отбасылық қарым-қатынасы, бір-біріне деген риясыз құрметі, пәтері тар болса да, пейілдерінің кеңдігі көрген көзді сүйіндіреді.
Гүлнар Міржақыпқызы өзінің «Шындық шырағы» атты кітабында өмірінің ең бақытты, қайталанбас күндері Қызылордада өткенін жазған екен. Иә, шынында олардың отбасылық тәрбиесі, білімі, қабілеті, жеке мәдениеті өте жоғары болатын. Мысалы, олардың дастарқан басында жайма-шуақ әңгімелесіп, бір-бірін зілсіз қалжыңмен қағытып, арасында домбыра шертіп, ән салып отырғаны жан тазалығын, көңіл жарастығын аңғартады. Сондай-ақ балаларына неміс тілін үйретіп, өзге ел әдебиетінен аударма ертегілер оқып беріп, білім-ғылымға баулығанына қарап, ұрпақ тәрбиесіне аса жауапты болғанын бағамдаймыз.
Олар осындағы баспада еңбек ете жүріп, ұлт болашағы жолындағы ұлы мұрат – Алаш идеясының айналасына бірікті. Алайда сол кездегі өктем биліктің қысымынан ауыр зардап шекті. Әр адымы аңдулы болды. Сол тоталитарлық жүйеге қарсы толассыз күресіп, тауқыметті тағдыр кешті. Ақыры осы жолда жас өмірлерін құрбан етті…
Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, Алаш ардақтысы Міржақып ақынның:
– Көзіңді аш, оян, қазақ,
көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап,
хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты, – деген сөзі ойға оралды. Иә, ғасыр бұрын айтылған сөздің әлі де өзекті екенін несіне жасырамыз?..
Сахнада асқақ рух пен арамзалық айқасады. Шүбәсіз сенім мен сатқындық таразыға тартылады. Дегенмен уақыты келгенде бәріне баға беріледі. Егіле баяндалған естеліктер еріксіз толқытып, жанарға жас үйіреді.
Қойылымда Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақовпен қатар, Елизавета Бөкейханқызы, Аққағаз Досжанова сынды Алаш қозғалысы мүшелерінің ел ертеңі үшін еткен жанкешті қызметтері айқын көрінеді. Иә, арада тұтас ғасыр өткенде тарихтың ащы шындығы сананы селт еткізіп, Алаш арыстарының рухы қайта бір жаңғырғандай болды.
Спектакль аяқталғанда көрермен шығармашылық ұжымға тік тұрып қошемет көрсетті. Облыстық мәдениет басқармасының атынан ықылас гүлі табысталды. Асылдың сынығы, тектінің тұяғы, М.Дулатовтың жиені Жаннат Әбенқызы Сыр халқына ерекше толқыныспен ілтипатын білдірді.
Ата-бабасының табаны тиген, анасының балалық шағы өткен Сыр еліне алғаш келіп тұрғанын айта келіп, Алаш рухын жаңғыртып, көрерменге айрықша әсер сыйлаған шығармашылық топтың еңбегін жоғары бағалады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз алып, Жастар театрының ел тарихындағы ең күрделі тақырыпқа таңдау жасап, драманы өз деңгейінде сахналап шыққанын айтты. ХХ ғасырдың басындағы қиян-кескі идеологиялық соғыста мемлекет тәуелсіздігі, ұлт келешегі жолында күресіп, осы жолда жанын қиған Алаш арыстарының өр болмысы бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге екенін айтып, шығармашылық топқа алғысын білдірді.
Сөзін қорытындылай келе, Алаш арыстарының есімін бүгінгі ұрпақтың есінде қалдыру үшін олардың атында аллеялар ашу, ескерткіш тақталар орнату сияқты жұмыстар міндетті түрде қолға алынатынын атап өтті.
Қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қала әкімі және мәслихат атынан Жаннат Әбенқызының иығына зерлі шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Айта кетейік, басты рөлдердегі: Міржақып Дулатовты Мақсат Серіков, Гүлнар Дулатованы Тоғжан Дастанқызы, Толғанай Амангелді, Ахмет Байтұрсынұлын Берік Ахмед, Санат Жүзбай, Смағұл Сәдуақасовты Нұрдәулет Әбдіғаппар, Сұлтанбек Қожановты Нұрғали Шеңгелбаев, Нығмет Нұрмақовты Жасұлан Ханқожаев сомдады.
Қойылымның қоюшы-режиссері кино және театр актері Ұлан Болатбек, композиторы Серікжан Айтқали, қоюшы-суретші Жарқынбек Қоспаев, театрдың көркемдік жетекшісі ақын, режиссер-сценарист, Театр қайраткерлері одағының мүшесі Оңталап Нұрмаханов, театр директоры Нұрмат Мансұр. Спектакльдің сахнаға шығуына «Ақжол» партиясының облыстағы өкілдігі және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасады.
Ал тарихи драма авторы Елдос Тоқтарбайға аймақ кәсіпкерлері ат мінгізіп, Сыр халқының алғаусыз ықыласын танытты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





