Ұлт руханиятының асыл қазынасы жыраулық дәстүрді тұнық тұмадай сақтап, бүгінге дейін жеткізген тарихи-мәдени елді мекеннің бірі жүз жырауын жүзіктеген Тұрмағамбет ауылында туып өстім.
Әкем Қуандық Бүрлібайұлы – жыраулық өнердің ақ бесігі атанған қасиетті мекенде өз заманының рухани көшбасшылары болған Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Омар, Тасберген, Рүстембек, Мұзарап, т.б. Сыр сүлейлерінің асыл мұраларын әлемдік сахналарда орындап, жыраулық өнердің кең қанат жаюына өзіндік мол үлесін қосқан жан. Бойындағы жыраулық өнердің қадір-қасиеті бізден айналып өтпей, жыршылық өнер жүрегімізге ұя салды. Бала жасымнан жыршылыққа баулып мақам-саз, орындаушылық шеберліктің қыр-сырын үйретіп барынша жол көрсетті.
1990 жылы әкем Қуандық жырау Жапон елінің астанасы Токио қаласында өткен бүкіл дүниежүзілік «Оцейк» және «Исейши» фестиваліне қатысып, өз дауысын әлемдік өнердің алтын қорына жаздырды. Көрнекті тұлға сол сапардан елге науқастанып келген еді. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қол үзбейтін тынымсыз адамның төсек тартып жатып қалуы жаныма бататын. Жанында шай-суын дайындап жүріп науқасының осал емес екенін сезетінмін. Бір күні киіз үйдің түндігін ашып, іргелілігін түріп жатқанымда:
– Ассалаумағалейкүм, Қожа шақырдыңдар ма? – деген таныс дауыс саңқ ете қалды. Қарасам, әкемнің өнерде де, өмірде де тілеулес досы, інісі, белгілі жырау Алмас ағамыз екен. Дереу қолын алып сәлем беріп, әкем жатқан киіз үйге алып келдім.
– Алмасжан, келдің бе? – деп, ауырып жатқан әкем балаша қуанды. Араларындағы нағашылы-жиенді әзілдерін де қалыс қалдырмай, өзара мәз-мәйрам болысып жатыр.
– Жырау қайным келді ғой, қазанға ет салайын, – деп анам да қуанышын жасыра алмай, қонақтың қамында зыр жүгіріп жүр.
Әкем Жапония сапарынан алған әсері мен көрген құрметін, ол елдің бізден әлдеқайда ілгерілеп кеткені жайлы да айтып, әңгімесін тауыса алмай жатыр. Осы жерде екі достың арасындағы бір-біріне деген шынайы сағынышты, адалдықты көрдім. Ол мен үшін бөлекше сипат болды.
– Ау, Қуеке, бұл не жатыс? Мен сізді Ленинградқа алып кетуге келдім. Үлкен халықаралық симпозиум өтейін деп жатыр. Сонда Көрұғлыны жырлауың керек, – деді Алекең.
– Әй, Алмасжан, мен науқастанып жүрмін ғой. Сені көріп көңілім жай тапты. Әлде де ем алуым керек. Мына кенже ұлым Амандықты орныма өзіңмен бірге ертіп кетсең дұрыс болар еді. Осы бала саған аманат, – деді әкем.
– Қуеке, «жаман қой тұсағында қартаяды» деген, бұл не әңгімең? Аманшылық па? Аманаттың жүгі ауыр болады ғой, – деді Алекең түсі өзгеріп.
– Әй, Алмасжан, бойымдағы науқастың сырын білемін ғой, – деп әкем көзін орамалымен сүртті. Қожекең шамалы үнсіз отырып:
– Қуеке, онда Амандықты алып кете берейін. Алда сіз бен біздің атқаратын көп жұмыстарымыз бар. Ауырдым деп науқастың ығына жығыла бермеңіз, – дегені сол еді, әкем жадырап, қуанып сала берді. Әне-міне әңгімелесіп отырғанымызда анамның тамағы да дайын болып, ас-ауқаттанып алдық.
– Ал, Қуеке, саған Алла қуат берсін. Амандық екеуміз жүрейік, – деп, рұқсат сұрады. Қуанғаным сонша, анама көздің қиығын салып жымыңдап қоямын. Сөйтіп, қолда бар киімімді киіп алып, жолға шығар алдында әкеме келіп:
– Көке, рұқсат етсеңіз, мен жүрейін, – деп жанына жақындадым. Әкем қолымнан ұзақ қысып бауырына басып, шашымды иіскеп, бетімнен сүйді де:
– Ал, балам, жолың болсын. Алмас ағаңмен барып ел көріп кел, – деп, біртүрлі қимастықпен шығарып салды. Мендегі бар ой Ленинградқа бару еді. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген бұл сапар үлкен қуаныш болды. Осылайша Қожекеңе еріп облыс орталығынан бір-ақ шықтым. Бізді бастап бара жатқан облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Шекер Орынбаева апай. Шекер апай өзі өте нәзік бола тұра, талапшыл жан екен. Үшеуміз Қызылорда вокзалынан пойызға отырып, Ленинградқа жолға шығып кеттік. Қармақшыдан жырау Шамшат Төлепова апамыз, Аралдан Рысбек Әшімов қатарымызды толықтырды.
– Қуекеңнің баласы ғой, – деп, мені жолай Алекең таныстырып келе жатыр. Екі жарым күн дегенде Мәскеу вокзалынан түстік. Одан әрі электр пойызбен Ленинградқа жетіп табан тіредік. Бұрын ондай ұзақ жолды көрмеген басым, теңселіп кеттім. Ол жақта музыка зерттеуші, ғалым Изали Земцовский мен Алма Құнанбаева күтіп алды. Алма апамыз да сөзден істі жоғары қоятын жан екен. Амандық-саулық сұрасып болғасын:
– Алмас, бүгін дайындық, ертең концерт, – деп жүре тапсырма беріп келе жатыр. Ұмытпаймын, сол күн қазан айының 28-ші жұлдызы болатын. Өйткені бір күннен кейін туған күнім. Баламын ғой, туған күнді Ленинградта өнер тұлғаларымен атап өту деген қиял ойымды орап келе жатыр. Ол уақытта ауылда битум болмаса, басқа сағыз деген қолға тие бермейтін еді ғой. Бұл жақта түр-түрі бар екен. Қорабымен сатып алып тіске басып, дәмі кеткенді тастауға қимай үсті-үстіне ауыз толтырып шайнап келе жатырмын. Алма апамыз бізді қаланың орталығындағы үйлеріне апарып орналастырып, дастарқан жайып, барын қойып, өбектеп құрақ ұшып жүр.
Сол күні дайындық болды. Концерт өтетін залға үш жүзге жуық көрермен сияды екен. Ертеңіне концерт басталар уақытта Изали аға келіп Алмас ағаны жеке алып кетті. Көп айналмай Алекеңнің түсі өзгеріп, мені сахнаның сырт жағына алып шықты.
– Айналайын Амандықжан, көкең қысылып жатыр екен, сен тезірек елге жетуің керек болып тұр. Бүгін туған күнің ғой, жүр қаланы аралатайын, – деп Ленинградтың дүкендерінен кроссовка, шалбар, жейде алып беріп жатыр. Ауылда ағаларымнан қалған киімдерді киіп жүре беретін маған бұл үлкен сый болды. Қапелімде патшадай болып шыға келдім. Бірақ қанша қуанып тұрсам да, жүрегім біртүрлі аузыма тығыла берді. Бір жайсыз нәрсе болып жатқан сияқты.
Алекеңмен қыдырып, кешіне Алма апамыздың үйіне келдік. Дастарқан жайнап тұр. Шамшат апа, Рысбек аға, күйші Айтжан аға бәрі туған күніммен құттықтап жатыр. Сонда Изали ағамыздың өзге ұлт өкілі болса да азаматтығы ғой, балаға бірден айтпайық, шошытып алармыз, қазақта «естірту» деген дәстүр бар ғой. Кешке дейін қаланы аралатып, сосын үйге әкел. Сол жерден балаға естіртейік деген екен.
Алекеңнің «әкең қайтыс болды» демесе де, «көкең қатты қысылып, сені көргісі кеп жатыр екен, Шекер апаңмен бірге елге қайтуың керек» деген сөзінің өзі мені ойландырып қойды. Бір нәрсенің болғанын сездім. Денем біртүрлі шымырлап көзіме өзінен-өзі жас толып кете берді. Сонда да ішкі сезімімді жаман хабарға қимай тұрмын. Одан әрі көп ұзамай Шекер апайға еріп, Ташкент арқылы ұшып елге келдік. Үй жақ толы адам. Ағайындар менің келе жатқанымды естіп, жаназаны бастамай күтіп тұр екен. Үйде азан-қазан жылау, көрісу. Сол аралықта әкемнің бетін ашып көрсетті. Құшақтап жылап алдым. Ленинградқа кетіп бара жатқанымда не үшін қимай қоштасқанын сол кезде түсіндім. Өзінің мен келгенше өмірмен қоштасатынын білген екен ғой, жарықтық!
Изали Земцовскийдің сахнада не айтқанын кейін Алмас ағадан естідім. Изекең сахнаға шығып көрермендерге:
– Бүгін Қазақстаннан жайсыз хабар келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Ленин кеңшарында тұратын біздің талантты өнерпазымыз жырау Қуандық Бүрлібаев мезгілсіз өмірден өтіпті. Бүгінгі қазалы күнде концерт өткізу жырауға құрметсіздік болар. Концерт ертең осы уақытқа шегеріледі, – деп хабарлаған екен. Еңсесі түскен тілеулес жандар бір күннен кейін өнер көрсетіп, елге қайтыпты.
Бір аптадан соң Санкт-Петербургтен өнертану ғалымдарының докторы, профессор Алма Құнанбаева, Орта Азия мен Қазақстан эпосын зерттеуші, Пенсельвания (США) университетінің профессоры, Жапонияда әкемді Америкаға шақырған Уолтер Зеф Фельдман мырза, жырау, профессор Алмас Нұрмаханұлы бастаған өнердің бір топ жанашырлары ауылдағы біздің отбасымызға келіп, анама көңіл айтты. Сол уақытта Алмас ағаның әкем Қуандықтың қазасына қайғырып жазған көңіл-қосы:
Білгенге ажал – мирас, арман – қиғаш,
Пенденің екі ортаға басы сыймас.
Қайтпас жол, қараңғылық қадам басып,
Уа, дарих, кетіп жатыр небір қимас.
Қуандық – Құлыс Кете, дүлдүл жырау,
Әрі аға, әрі дос ед басы сыйлас.
Сал көңіл, жұмсақ мінез, сұңқар дауыс,
Егіліп естіген жан жасын тыймас.
Сыпайы, сілкіп қанат көтермейтін,
Туымың талантыңа келетін маш.
Теңселтіп дүниені тербеп жырмен,
Алып ең абыройды әркім жимас.
Ақ бұлақ қайнап аққан аталы жыр,
Ізі бар зерттесе, ол да тынбас.
Бақұл бол, дегдар аға, туымың зор,
Бұйрық сол, күні бітпей көзе сынбас, – деп айтқаны еді.
Алмас аға сол аманаттың жүгін арқалап, мені Қызылорда педагогикалық институтының «Халық әні» кафедрасына оқуға түсірді. Қиналсам жәрдемдесіп, әке орнында әкедей қамқор болды. Оқуымды тәмамдағаннан кейін университетте қалып, ұстаздан алған үлгіні жас шәкірттерге үйретіп, он алты жыл оқытушы қызметінде болдым. Әкемнің аманатына адалдық танытқан адам – Алмас аға мен Мира жеңгеме Алладан разылық болсын!
«Ағаш ағаштан сәнін алады, адам адамнан тәлім алады» дейді ғой. Адами құндылықтың еңсесі түссе де, кісілік келбетін бұзбаған ұстазымның жанында қосшылығын жегіп жүріп, көптеген жақсы амалдар үйренгеніме қуанамын. Үйренгенім өміріме жақсы өзгерістер алып келді. Анам марқұм да Алмас ағаның азаматтығына шексіз риза болып кетіп еді. Алекеңнің мені: «Сатпайтын, сатылмайтын досым» деп айтатын сөзінен маған деген үлкен сенім мен жауапкершілікті сезінетінмін. Әңгіме арасында: «Бір нәрсені ұмыт, біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт. Бір нәрсені ұмытпа, біреуден көрген жақсылығыңды ұмытпа» деп отыратын. Көрген жақсылықты «ыдысыңдағы» зат қурап кетпесе, қалай ұмытарсың?!
Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
облыстық филармония басшысының орынбасары





