Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсетіп, елі үшін жанын аямаған батырлар болды. Олардың кейбірінің есімі тарихта танылса, енді бірінің еңбегі ел есінде мәңгіге сақталып қалды. Сондай ерлердің бірі – Мәткәрім Досжанов.
Ол 1924 жылы 1 мамырда Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округінде дүниеге келген. Балалық шағында Түркістандағы жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, жеті сыныптық білім алған. Еңбек жолын «Кеңес» колхозында қарапайым жұмыскер болып бастаған. 1942 жылдың маусымында әскерге алынып, Ашхабад қаласындағы кіші командирлер дайындайтын 7-оқу полкінде оқиды. Старшина шенімен оқуын аяқтап, жас сарбаздарды үйретеді. Кейін Уфа қаласына офицерлік оқуға түсті. Бірақ толық бітірмей, 1943 жылы майданға аттанып, Орел мен Курск доғасы шайқастарына қатысты. Ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
1944 жылы Қырымды азат етуге қатысып, кейін Балтық майданында Латвия жерін жаудан босатты. Бұл 1944 жылдың 25 тамызы еді. Шауляй (Шавли) қаласының солтүстік-батыс беткейіндегі жаудың мықты нығайтылған қорғанысын бұзып өтуге бағытталған шайқас жүріп жатты. Кенеттен фашист басқыншылары әуе шабуылын жасап, жауынгерлік құрамаларды атқылай бастады. Сол мезетте 19-гвардиялық Сиваш атындағы танк корпусы 202-танк бригадасының пулемет экипажы командирінің орынбасары, сержант М.Досжанов ұшақты, экипажы «ФВ-190» жойғыш ұшағын атып түсірді. Осы шайқастағы үздік әскери іс-қимылы үшін М.Досжановқа Бас Қолбасшы, Кеңес одағының маршалы Сталиннің 8 қазан 1944 жылғы бұйрығымен Алғыс жарияланды және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
1945 жылы 3-Украина майданында болып, 2 мамырда Берлинге кіріп, Одер бойындағы шайқастарға қатысты. Мұндағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Үш рет жеңіл, бір рет ауыр жарақаттанып, 1945 жылдың жазында Жеңіспен елге оралды.
Бейбіт өмірде ұстаздық жолды таңдап, 40 жылдан астам уақыт бойы жас ұрпақты тәрбиеледі. Еңбегі жоғары бағаланып, 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған медальмен марапатталды. 1973 жылы «Қазақстан Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды.
1985 жылы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, сондай-ақ «КСРО оқу-ағарту ісінің озығы» төсбелгісін алды. Көп жылдық еңбек жолында түрлі Құрмет грамоталарын да иеленді.
1986 жылы Жаңақорған ауданындағы №192 орта мектеп директоры қызметінен дербес зейнеткерлікке шығады. Дегенмен ел өміріне белсенді араласып, жастарға ақыл-кеңес беруден жалықпаған. Білімді жастарды қолдап, үздік оқушыларға өз қаражатынан шәкіртақы тағайындаған. Мәткәрім Досжанов бастаған бұл игі іс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Ол 2010 жылдың қаңтарында дүниеден өтті. Бірақ ерлігі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады.
Әмина МАТКӘРІМ,
әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Филология» факультетінің 1-курс студенті





