1939-1945 жылдары болған Екінші дүниежүзілік соғысты – шығыны мен залалы жағынан, жаһанда ең ауыр соғыс деп атауға болады. Себебі, 6 жылға созылған майданға әлемнің 60-тан астам елі қатысып, 60 миллионға жуық адам құрбан болды. Сол кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстан да бұл соғыстан тыс қалмады. Еліміздің түкпір-түкпірінен 1,2 миллионнан астам азамат елін-жерін қорғауға аттанды. Олар майдан шебінде жандарын аямай соғысып, жеңіс күнін жақындатса, тылда – аталарымыз бен әжелеріміз, аналарымыз бен апаларымыз, тіпті жас жеткіншектер майдан үшін жұмыс істеді.
Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты «Сарбасат», «Үшкөл» және «Ақеспе» ауылдарынан 18-43 жас аралығындағы 150-ге жуық ер- азамат шақырылған. Олардың жартысынан астамы елге оралмады.
Отанға, туған жеріне жеңіспен қайтқандар кемде-кем еді. 1970-жылдары «Ақеспе» ауылында 20-ға жуық майдангер болды. Олардың ардагерлер екенін тек Жеңіс күні – 9 мамырда ғана білуге болатын. Кеуделеріне орден-медальдарын тағып, клубтағы жиналысқа келетін, сый-сияпат алатын. Ал басқа күндері олар – ауылдың қарапайым тұрғындары, сыйлы ақсақалдары.
1975 жылы Жеңістің 30 жылдығы «Ақеспе» ауылында да кең ауқымда аталып өтілді. Ауылдың 8 жылдық мектебінде ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Мектеп оқушылары сап түзеп, Игіліков Айман, Сатанов Тойман, Кәрібаев Бахтияр, Қодашев Жаңабай, Кенжалиев Ысқақ, Қарақұлов Қапаш, Нұрпейісов Өмір, Нұрпейісов Манау, Демесінов Кенжеғара, Досжанов Оралбай, Досжанов Жайлаубай сынды майдангерлерді пионерлік қошеметпен қарсы алды. Олардың мойнына қызыл галстук тағылып, пионерлер қатарына қабылданды.
Аталған ардагерлер ішінде Қапаш Қарақұловтың орны бөлек болатын. Себебі, болмысы ерекше Қапаш ағай қаланың адамы секілді үнемі ақ көйлек, қара галстук, қырлы костюм-шалбармен жүретін.
Ол 1923 жылы 17 мамырда Қызылорда облысы Арал ауданы «Сарбасат» ауылында дүниеге келген. Арғы аталары – Бұланбай, Бисенбі ақсақалдар өз заманында ел тізгінін ұстаған, елге сыйлы адамдар болған.
1942 жылы мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен майданға аттанып, әскери дайындықты Чкалов қаласындағы (қазіргі Орынбор қаласы) 242-қосалқы атқыштар полкінде өткізген. Кейін 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкіндегі 120 мм минометтік батареяның көздеушісі болып әскери қызметін жалғастырады.
1942 жылы қазанда 379-атқыштар дивизиясы Батыс майданның құрамына енгізіліп, Ржев, Сычев, Гжатск және Вязьма өңірлері үшін болған қанды әскери қимылдарға қатысты.
1943 жылы қаңтардан бастап Қ.Қарақұлов қызмет атқарған әскери бөлім Волхов және 2-Прибалтика майдандары құрамына беріліп, Ленинград блокадасын бұзу шайқастарына қатысады. Осы майданда әскери тапсырмаларды бұлжытпай орындағаны үшін ол 1944 жылғы 18 қаңтарда алғашқы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Мұрағаттан алынған марапат қағазында былай делінген:
«120 мм миномет батареясының көздеушісі, ефрейтор Қапаш Қарақұлов 31.12.43 ж. – 17.1.44 ж. аралығында Невель қаласының солтүстік-батысында болған шабуылдау кезінде тез әрі дәл көздеу арқылы жаудың екі блиндажын талқандап, 30 метрге дейін траншеясын бұзды, қарсыластың доты мен пулеметін және 15 солдаты мен офицерін жойғаны үшін «Ерлік» медалімен наградталады».
1944 жылы наурызда Қ.Қарақұлов «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Полк командирі, майор В.Рязанов қол қойған баяндамада «1944 жылғы 10 наурызда Калинин облысы Пустошкин ауданы Симоново деревнясы маңындағы 184.0 биіктік үшін болған ұрыста 120 мм. миномет көздеушісі Қ.Қарақұлов жолдас өз минометімен жаудың оқ ату нүктесін өте дәлдікпен көздеп, қарсыластың 12 солдатын және офицерін жойды. Жаяу әскердің әскери тапсырманы орындауын қамтамасыз етті. Осындай ерлігі үшін ефрейтор Қ.Қарақұловты «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттауға ұсынамын» делінген.
Алайда «Қызыл жұлдыз» орденімен соғыс жылдары тек офицерлік құрам ғана марапатталатын болғандықтан, Қ.Қарақұловқа солдаттар мен сержанттарға арналған үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені беріледі. Марапат қағазында қысқаша былай көрсетілген:
«КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы атынан неміс басқыншыларына күресте майдан басшылығының әскери тапсырмаларын үлгілі орындағаны және сол жолда ерлік пен қажырлық көрсеткені үшін «Үшінші дәрежелі «ДАҢҚ» орденімен 1253-атқыштар полкінің көздеушісі, ефрейтор Қапаш Қарақұлов марапатталсын».
Ал 1944 жылы сәуірде миномет көздеушісі, ефрейтор Қ.Қарақұлов «Ленинградты қорғауға қатысқаны үшін» медалімен наградталды.
Осы жылдың желтоқсан айында майдангер бірінші Украина майданы құрамында соғыс жолын жалғастыра отырып, 22 жасында Жеңіс күнін Германияның Дрездень қаласында қарсы алды.
Соғыс соңында Қапаш Қарақұлов «1941-1945 жылдары фашистік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.
Майдангер жеңістен кейін бірден елге қайтарылмады. 1945 жылы шілдеде Қ.Қарақұлов қызмет еткен әскери бөлім Белоруссия аумағына тұрақтайды. 1947 жылдың наурызында ғана ефрейтор Қарақұлов туған ауылына дін аман оралды.
Жеңімпаз жауынгер Отанға оралысымен еңбек майданына белсене кірісті. Есепші, қойма меңгерушісі, инструктор секілді жұмыстарды абыроймен атқарды.
Аудан басшылығы майдангердің ынта-қабілетін, жауапкершілігін, білім деңгейін және талабын ескере келе, оны 1952 жылы Дондағы Ростов қаласындағы «Ростов балық шаруашылық техникумының» бір жылдық курсына жіберді.
Осылайша, ол 1954 жылдан бастап Арал өңіріндегі балық шаруашылығының өркендеп дамуына өз үлесін қосты. 1954-1976 жылдары Ұялы балық зауытында, Қамыстыбас балық өңдеу зауытында, Үшкөл, Ауан, Ақеспе балық зауыттары мен балық өңдеу мекемелерінде басшы болды. Ал 1976-1988 жылдары ол Қызылорда балық зауытында инженер-технолог лауазымын абыроймен атқарды.
Осы жылдар Аралдың сазаны мен бекіресі, қаязы мен жайыны, тістісі бүкіл одаққа танымал болған жылдар еді. Ұлы Отан соғысында жан беруге дайын болған ардагер еңбек майданына да өлшеусіз үлес қосып, абырой мен даңққа бөленді.
Осының нәтижесінде 1965 және 1975 жылдары Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1973 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1975 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы», 1984 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
1988 жылы 26 қаңтарда қос майданның жеңімпазы атанған соғыс ардагері Қапаш Қарақұлов 65 жасында дүниеден өтті.
Арада 30 жыл өткеннен кейін майдангер есімін мәңгі есте сақтау мақсатында ұрпағы мен қоғам белсенділерінің атсалысуымен және жергілікті атқарушы билік органдарының қолдауымен Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі бір көшеге есімі берілді.
Қ.Қарақұлов соғыс туралы әңгімелерге ешқашан араласпайтын. Тіпті, майдандағы оқиғалары туралы да ешкімге тіс жарған емес. Мұның себебін, ауыл басшысы ретінде бос әңгімеге араласпауынан, балық шаруашылығы саласының білікті маманы ретінде үнемі жұмыс пен жиналыста жүруінен және мінезі мен тектілігінен деп түсінуге болады.
Алайда, «ешкім, ешқашан ұмытылмайды» дегендей, оның ерліктері Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивінде және ауылдастарының есінде мәңгі сақталады.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д.,
Әл Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері





