Сөз бен істің сабақтастығы

807

0

Тәуелсіздіктің 30 жылында жет­кен барлық табысымыз бен же­тіс­тігіміздің үлесінде жетекші партия «Nur Otan»-ның дара орны бар. Партияның негізгі ұстанымы ел ішін­дегі татулық пен тұрақтылықтың алтын баспалдағына айналды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауы­мен мемлекетіміз аз уақыт ішінде сырт­қы саясатта сара жол салып, әлем­дік беделге ие болды. Ең әуелі елге зардабын тигізген ядролық қа­ру­ды жойып, өзге мемлекеттерге үлгі көрсеттік. Атажұртымыз Арқа төрінен Еуразия жүрегі аталған елордамызды салдық. Алыс-жақын шетелдермен тереземіз теңесті. Сая­си бағытымыз айқындалды. Елі­міздегі сан ұлттың өкілі тұрақтылық пен татулықты ту етті. Ауыл шаруа­шылығының технологиялық жетіс­тіктері артты, өндіріс өркендеді, орта және шағын кәсіпкерлік жан­данды, әр ауыл тәуелсіздіктің ша­пағатын сезінді.

Осы сындарлы жолда Елбасы жетекшілік ететін «Nur Otan» пар­тиясы отандық көшбасшы ғана емес, жаһандық деңгейде де бағыт-бағдары айқын партия екенін дә­лелдеді. Партия алғашқы құрылған күнінен тың бастамалар көтеріп, жа­уапты шешімдер қабылдауға ұйыт­қы болды, елмен біте қай­на­сып, халықтың мүддесін жеткізіп жүрген нағыз халықтық партия екенін танытты.

Баршаға мәлім, Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінде көзделген қағидаттар бүгінде әрбір қазақстандықтың өмір салтымен астасып, жасампаздық пен жаңғы­рудың жолына айналды. Қоғам өмірімен сабақтасқан бұл қағидаттар тұрақтылықтың сенімді жолы мен қоғамдық келісімнің берік іргетасын қалап, орнықты дамудың кепілі болып отыр.

Жыл басында елімізде өткен үлкен саяси науқаннан кейін «Nur Otan» партиясы халық алдында бер­ген уәделерін тұрақты түрде орын­даудың кешенді қадамдарын іске асыра бастады. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасындағы 2025 жылға дейінгі межеленген міндеттердің жыл са­йын орындалу барысын қатаң қада­ғалауды қолға алды.

«Nur Otan» партиясының Сай­лауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол кар­тасымен сабақтас өңірдегі 1 об­лыс­тық, 1 қалалық және 7 аудандық Жол картасын іске асыру партия филиал­дарының алдында ең бірінші кезекте тұр. Партия филиалдары жанынан Сайлауалды міндеттерді іске асыруға бақылауды қамтамасыз ететін 12 облыстық және 73 аудан­дық, қала­лық қоғамдық кеңес құрылды.

«Бір басшыға мың қосшы» дейді халқымыз, партияның айқын мін­деттерін анық түсінген мәслихат­тар­дағы фракцияның барлық мү­шесі Жол картасындағы іс-шаралар­дың тиімді және сапалы жүзеге асы­рылуына ықпал жасап келеді. Осы ретте жыл басынан бері Саяси кеңес бюролары мен мәслихат­тар­дағы фракциялардың, қоғамдық кеңестердің отырыстары өтіп, са­лынып жатқан нысандарға Партия­лық бақылау комиссиялары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің қаты­суымен тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп отыр. Нәти­жесінде, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына әсер ететін көптеген күрделі мәселе шешімін тапты.

Сандарды сөйлетер болсақ, облыстық және Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша Жол карта­ларында 2021 жылға 717 іс-шара жос­парланған. Осы жылдың 10 айы­ның қорытындысымен олардың 465-і орындалды, 252 іс-шара орындалу үстінде.

Сайлауалды бағдарламада негіз­гі басымдық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамту, елді ме­кендерді газдандыру, ауызсу, жол секіл­ді инфрақұрылымдық жобалар мен бағаны тұрақтандыру шара­ларына берілді. Мәселен, алдағы 5 жылда өңірдегі 19 елді мекенді газ­дандыруды жоспарласақ, бүгінде Жосалы және Жалағаш кенттері мен Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылы табиғи газға қосылып, 33 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жыл соңына дейін Жол картасы аясында Қазалы қаласы мен Шиелі ауда­нының Қодаманов ауылдарының 11 173 тұрғыны толықтай табиғи газға қосылып, облыс тұрғын­да­рының газ тұтыну үлесі 67,4 пайызға жете­тін болады.

Ал шалғай жатқан Арал ауда­нын­дағы Аққұлақ, Қазалы ауданын­дағы Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарына ауызсу жүйелері жүр­гізіліп, жергілікті тұрғындарға таза ауызсу жеткізілсе, ірі жобалардың бірі – Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл күрделі жұмыстар 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылып, қала­ның 40 мыңға жуық тұрғыны таза ауызсумен қамтылатын болады.

Сайлауалды бағдарламаға сәй­кес, жолдардың сапасына да айрық­ша көңіл бөлініп отыр. 164,3 ша­қырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 32,7 шақырым жол қайта жаңартылды. Облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автожолының алғашқы шақырымдарына асфальт төселіп, 4 жерден өткел салынды. Сонымен бірге Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көше жолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын тұсында жолайрығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, жолаушы көлігі инфрақұрылымын дамыту мақса­тын­да «Қорқыт Ата» халықаралық әуе­жайының жолаушылар термина­лын кеңейту әрі қайта құру жобасын іске асыру жоспарда бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сарапта­маның оң қорытындысын алды.

Сондай-ақ жеке инвестор «Бо­лат Өтемұратов қорының» ұсынысы бойынша өз қаражаты есебінен жаңа терминалды салу бойынша келісімге келіп, меморандумға қол қойдық. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап аптасына бір мәрте Nordwind Airlines (Северный ветер) әуе компаниясы Санкт-Петербор–Қызылорда – Санкт-Петербор ха­лықаралық рейсін жүзеге асыратын болады.

Сонымен бірге жуырда Қазақ­стан Үкіметі тарапынан «Қазав­то­жол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын «Жез­қ­азған-Қызылорда» автомо­биль жолының жаңа жобасына қол қойды. Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасын­дағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сон­дай-ақ Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөлмек. Жолды салу бағыты Қызылорда облысы аума­ғынан басталады.

Бүгінде Сыр елі аграрлық ай­мақтан аграрлы-индустриялы өлке­ге айналды. Қазіргідей күрделі жағ­дайда біз экономиканың тиім­ділігін арттырып, кәсіпкерлік сала­сын дамыту, азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларының жұмысын ретке келтіру бағытында көптеген жұмысты қолға алдық. Осы мақсатта шағын кәсіпкерлердің 1 411 жоба­сына 6,8 млрд теңге көлемінде ша­ғын несие беріліп, мемлекеттік бағ­дарламалар аясында 26 млрд теңгені құрайтын 2 106 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, Жаңақор­ған ауданында «Қуат әк» ЖШС-ның «Әк зауытының модерниза­ция­сы» жобасы, ас тұзын өндіруде «Арал­тұз» АҚ-та «Үшінші испан цехы» орнатылды, Қызылорда қа­ласында 2000 тонналық қойма және көкөніс сақтау орны бар көтерме тарату орталығы, Жалағаш, Сыр­дария, Шиелі, Қармақшы ауданда­рында қара күрішті ақтау және жем шығару цехтары, сонымен қатар ұн зауыты, шұжық өндіру, попкорн шығару, автокөлік бамперлерін, құрылыс материалдарын (темір-бе­тон, қабырғалы блоктар, декорлық кірпіш, 3Д панель, кафель клейі) шығаратын көптеген цех қосылды.

Биыл Қызылорда қаласында құны 42,1 млрд теңгені құрайтын ірі жоба – табақ шыны өндіру және қайта өңдеу зауытын іске қосу жос­парда бар. Бұл өз кезегінде аза­мат­тарды жұмыспен қамтуға септігін тигізетін болады. Оған қоса, шыны зауытының жанында ультра жұқа шыны, автокөлікке арналған әйнек пен айна, шыны талшықтары, шы­ны ыдыстар мен кәдесыйлар секілді 8 ілеспе өндіріс ашылып, нәти­жесінде 200-ден астам жұмыс орны құрылатын болады.

Бүгінде Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым жүйесі бо­йынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және қосым­ша Қызылорда қаласында орналас­қан 5 ірі супермаркетте келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылып жатыр.

Ал әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында биыл 10 әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 6 дүкен ашылды. Одан бөлек, қыркүйек айынан бастап аймақ тұрғындарын қолжетімді азық-түлік тауарлары­мен қамтамасыз ету үшін 35 рет жәрмеңке ұйымдастырылды.

Биылғы өзекті мәселенің бірі – табиғи құрғақшылық жағдайынан шығу. Суды үнемдеудің жолдарын қарастырып, шаруаларға кезекті­лікпен су беру мәселесін ретке кел­тірдік. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында 87 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жүгері, 100 гектар жерге қызанақ дақылы, 25 гектар жерге алма егілді.

Асылтұқымды мал басын кө­бейту мақсатында да 585 бас асыл­тұқымды мүйізді ірі қара жеткізілді.

Сондай-ақ 2021 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында облысқа 1 000 бас шетелдік мүйізді ірі қара, 27 мың 500 бас қой малын сатып алу жоспары бекітілген. Бүгінде 5 ша­руашылық 425 бас мүйізді ірі қара малын шетелден сатып әкелсе (42,5%), тағы да 3 шаруашылықтың 151 бас шетелдік мал алуға берген тапсырыстары қаржы институтта­рын­да сараптамадан өтіп, қаржы­ландыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен бірге, 4 шаруашылық 2 644 бас қой малының аналықтарын сатып алды. 11 шаруашылықтың 638 бас қой сатып алуға үшін несие рәсімдеуге берген құжаттары «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ-ның сараптамасына берілді.

Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Жасыл Қа­зақстан» ұлттық жобасына 237 су шаруашылығы жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар енгізілді. Жоба аясында 2025 жылға дейін Қызыл­орда облысының аумағында 21 каналды қайта құру, сондай-ақ 30 каналды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Бүгінде Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта құру бойынша жұмыстар, коммуналдық меншік­тегі 192 су шаруашылығы нысан­дарын тазалау және жөндеу жұмыс­тары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Облыста 251 гектар жерге там­шылатып және жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады, 2025 жылға дейін ылғал үнемдеу техно­логияларын қолдануды 45 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде 2022 жылы 10 мың гектарға жаңбырлатқыш қон­дыр­ғының көмегімен жоңышқа егу, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен қызанақ және 100 гектарға көкөністердің басқа түрлерін себу жобаларын іске асыру жоспарлары бар.

Қыс айларында келіп түскен артық су көлемін жинақтап, оны көктем мен жаз айларында төменгі ағысқа жіберу мақсатында Пре­зидент Жолдауына сәйкес, көлемі 775 млн текше метр болатын Қара­өзек ағысында су қоймасын салу көзделді. Сондай-ақ бүгінде қирау қаупі төніп тұрған Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстарды жүргізу нәтижесінде бөгет күшейтіледі, су айналымы қалпына келтіріледі, судың тұздану деңгейі төмендейді, Кіші Арал теңізіндегі балық қоры артады.

Әртараптандыру бағытын да­мыту арқылы суды үнемдеу жолы­ның тиімділігін табуға болады. Әсі­ресе, суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемдері 9,8 мың гектарға дейін жетті.

Биыл жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртарап­тандыру бағытында мал азықтық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейді.

Бұл ретте инновациялық техно­логияларды пайдаланып, егін егудің жаңа әдістеріне көшіп келе жатқан озат шаруа қожалықтарының тәжі­рибелері өзге әріптестеріне үлгі бо­луда. Мәселен, Қызылорда қала­сында биыл Golden Bridge ЖШС 175 гектар алаңда күрішті көшет әдісімен себу бойынша пилоттық жобаны іске асыруды бастады, осы­ның есебінен суды үнемдеуге және күріштің шығымдылығын арттыруға қол жеткізіледі деп күтілуде.

Келесі жылдан бастап Шиелі ауданында 10 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізу бойынша жобаны іске асыру жоспарланды.

Шаруашылықтардың тың тәжі­рибесін әрі қарай кеңейтіп, өңір диқандары арасында тарату жұмыс­тары да жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының Жолда­уын­да білім беру саласы бойынша ең өткір мәселе орын тапшылығы екенін атап өткені белгілі. Нақты қадамдар жасалмаса, 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшы­лығы 1 миллионға жетуі мүмкін еке­нін ескертті. Соған сәйкес, алда­ғы 5 жылда еліміз бойынша 1 000 мектептің бой көтеруін тапсырды. Сайлауалды бағдарлама халықтың сұранысына сай, олардың ұсыныс-пікірлері негізінде әзірленгендіктен, Жол картасында бұл жұмыстарды әр жылдарға бөліп, кезең-кезеңімен шешу жоспарланған.

Бүгінде аймақта Арал ауданын­дағы Сексеуіл кентінде 300 орындық 1 мектеп пен Қызылорда қаласында 300 және 100 орындық 2 жекеменшік мектеп ашылса, Жаңақорған ауда­нында 1 000 балаға шақталған 4 же­кеменшік мектеп пайдалануға бе­рілді. Жыл соңына дейін облыс бойынша 900 орындық 2 мектеп іске қосылмақ. Облыс орталығында 320 және 120 орындық 2 балабақша, Арал және Сырдария аудандарында 40 орындық балабақша салынып, жұмысын бастады. Қазір 1-6 жаста­ғы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылу жос­пары 79 пайыз болса, орындалуы 85,5 пайыз­ды құрап отыр. Инклю­зивті білім беруге жағдай жасау үшін мектептер 33 инклюзивті каби­нет­пен жаб­дықталды және арнайы мамандар бөлініп, қамтылу 72,3%-ды құрады.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Прези­денттің 5 әлеуметтік бастамасы» аясында Сыр өңірінде С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжі мен М.Ықсанов атындағы политехникалық колледждің 414 студенті үшін жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін «Болашақ» университетінің 444 орындық жаңа, заманауи жатақ­ханасы студенттерге табысталады.

Халықтың денсаулығы өңірдің өсіп-өркендеуіне тікелей байла­ныс­ты. Ал денсаулықтың салауатты өмір салтын ұстанумен ұштасатыны сөзсіз. Өз кезегінде партияның сай­лауалды бағдарламасын іске асыру үшін бекітілген Жол карта­сында да спортты дамытуға басымдық беріл­ген. Осы мақсатта бұқаралық спорт түрлерін дамыту, денешы­нықтыру және спортпен айналысатын тұр­ғындардың үлесін 35%-ға дейін жеткізу мақсатында 1 жүзу бассейні, 8 стритбол алаңы пайдалануға беріліп, 1 стадион күрделі жөндеуден өтті. Жалағаш, Қармақшы аудары­ның орталықтарында, Арал ауда­нының Қамыстыбас, Аманөткел және Қазалы ауданының Пірімов ауылдарында аталған елді мекен­дердің 42 мыңға жуық тұрғыны үшін спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қызылорда қала­сында балаларға арналған 10 ойын алаңы салынып, 22 алаңға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жасалған жұмыстардың нәти­жесінде өңірден шыққан чемпион­дар саны да аз емес. Мәселен, Токио Олимпиадасынан қола медаль алып, жеңіспен оралған боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтың жетістігі көптеген жас спортшыға үлгі болып, жеткіншектерді спортқа жігер­лендірді.

Тұрғындарды толғандыратын ең өзекті мәселе – баспана мәселесі. Бұл мақсатта 502,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (биылға жоспар 644,7 мың шаршы метр). Мәселен, Қызылорда қала­сын­да 550 пәтерлі 11 және Шиелі ауда­нында 25 үйге азаматтар қо­ныс­танды. Сондай-ақ облыс орталы­ғында көпбалалы отбасыларға 33 пәтер және Жаңақорған ауданында 18 пәтерлі 1 тұрғын үй сатып алын­ды. Жоспарланған игілікті істер жыл соңына дейін өз жалғасын та­уып, 1 000-нан астам тұрғын баспа­намен қамтылатын болады.

Жол карталарында тарих пен мәдениетті дамыту мәселесі де қам­тылған. Сыр өңірі тарихи ескерт­кіштерге бай өлке болғандықтан, облыстағы 100 киелі, тарихи-мәде­ни нысанға оларды сақтау мен жаң­ғырту мақсатында QR-код орнату жұмыстары жоспарланған болатын. Соның 20-сына QR-код тақтай­шалары орнатылды. 3 нысанға архео­логиялық зерттеулер жүргізі­ліп, тарихи орындарға 400-ден астам адамның қатысуымен 41 экс­педиция ұйымдастырылды. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сы­ғанақ қалашықтарына қазба жұмыс­тары жалғасуда.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында елдік мүддені айтысқа арқау еткен республикалық «Тұғы­ры биік Тәуелсіздік» тақырыбында ақындар айтысы өткізілді. Сонымен бірге Сыр сүлейі Кете Жүсіп Еш­ниязұлының 150 жылдығына ар­налып өткен «Жырлансын, Тәуел­сіз­дік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы жыраулық дәстүрді бойына сіңірген талантты жыр жауһарларының өсіп келе жатқанын, рухани сабақтастықтың жалғастығы бар екенін дәлелдеді.

Ерекше айтуға тиіспіз, өнер зерттеушілері Мардан Байділдаев, Алма Құнанбаева, Алмас Алма­товтың тынымсыз еңбегінің арқа­сында Сыр бойында мақам-саздық ерекшеліктеріне қарай төрт жы­раулық мектеп – Нұртуған, Жиен­бай, Нартай, Сәрсенбай жырау мектептері қалыптасып, дәстүрлі өнердің өрісі кеңіп, қанаты қатайды.

Өңірдегі «Жыр мұра» жобасы аясында ашылған жыр-терме, қо­быз сынды 50-ден аса үйірмеде 500-ден аса шәкірт дәріс алады. Үйірмелерден шыққан өнерпаздар республикалық, халықаралық дең­гейдегі жыр додаларында жүлделі орындарды иеленумен қатар, дәс­түрлі өнер мамандықтары бойынша арнаулы, жоғары оқу орындарында оқиды. Биыл да Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университеті жа­нындағы «Дәстүрлі өнер» инсти­тутына дарынды жастарды оқытуға облыстық бюджеттен 6 грант бө­лінді. Сонымен қатар Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін насихаттап жүрген орта және жас буын жыр­шыларымыз Qazaqstan ұлттық арнасының «Күміс көмей», «Хабар» телеарнасының «Алтыбақан» бағдарламаларына қатысып, алтын қорға жазылып алынса, жыршы Күнсұлу Түрікпен халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасында дәстүрлі өнер номинациясы бо­йынша бас жүлдені иеленді.

Тарихи ізденістерді қажет еткен, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалар асыл қазыналарды жарыққа шығару ісі де қолға алынды. Биыл Елба­сы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретін­де ІІІ томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты. Бұл жоба Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жүзеге асыру бағытында аймақтың даму белес­терін насихаттайтын «Сыр елі» мегажобасы аясында қолға алынды. Өткенімізді екшеп, тарихымызы саралайтын атаулы даталарға да ерекше мән беріп келеміз. Биыл Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Ал келер жылы «Халық қаhарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада ескерткіш ашы­лады. Сонымен бірге Сыр ша­йыр­лары Базар Жырау Оңдасұлының 180 жылдығын, Тұрмағамбет Ізті­леу­ұлының 140 жылдығын атап өтіп, дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы да­ла сазы» халықаралық фольк­лор­лық-музыкалық өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарымызда бар.

Елбасының саяси орнықты ше­шімімен біз биік белестерді ба­ғындырдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты міндеттемелерін орындауда нақты жоспарды іске асырып келеміз.

Біз «Ырыс, қайда барасың, ын­ты­маққа барамын» деген дана ха­лықтың тәмсіліне сүйенген ұрпақ­тың өкіліміз. Ендеше ынтымағы­мызды қадірлеп, кез келген сыннан сүрінбей өтіп, халық талабын әр­дайым ескеріп, межеленген жоспар­лар мен берген сайлауалды уәде­міз­дің барлығын орындауға міндеттіміз. Бұл жолда партия белсенділері мен жақтастары және бағдарлама әкім­шілерімен жұдырықтай жұмыла отырып, міндеттемелерді бірлесе атқаруға дайын. Себебі қашанда елмен етене, әлеуметпен әріптес болып, сөз бен істі сабақтастырған «Nur Otan» қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетуді мұрат еткен партия.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,

Қызылорда облысының әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<