1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі

1057

0

1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк картасына төлем ала бастайды», делінген хабарламада. Бұйрық күшіне енген кезде төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі. 5 әлеуметтік топ:

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады. Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк картасына аударылған төлемге ауыстырылды. Наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<