Өтіп бара жатқан Барыс жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Балалар жылы» болып белгіленгені мәлім. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы он айда елімізде 333111 сәби дүниеге келген.
Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 42 мыңға көп екен. Жаңа туған ұлдар саны 171653 болса, қыздар 161458-ді құрап отыр.
Сонымен қатар сарапшылар сәбилерге таңдалған жылдың ең танымал есімдерін де жариялады. Отандастарымыз ұлдарына көбінесе Әлихан, Айсұлтан, Алдияр, Омар және Әмір есімін берсе, қыздарға ең көп таңдалған есімдер қатарында Медина, Айша, Айлин, Асылым, Томирис аттары бар. Бұл есімдердің өзіндік мән-мағынасы бар. Мәселен, Әлихан – араб-түркі түбірлері мен бірнеше мағынасы бар атау. Бір нұсқада Әлихан есімі «Құдайдың арыстаны» деп аударылады. Келесі нұсқада «ұлы хан» немесе «құдай әміршісі» дегенді білдіреді екен. Айсұлтан – «Ай» – ай, «Сұлтан» – билеуші деген екі сөздің бірігуінен құралған қазақ есімі.
Ал Сыр өңірінде биылғы 11 айда 18773 сәби дүниеге келген. Былтыр олардың саны 21479-ды құраған еді.
«СБ» ақпарат





