Медициналық қалдықтарды жоюға аса ұқыптылықпен қараудың маңызды зор. Себебі қауіпті қалдықтарды жою талапқа сай жүргізілмесе, қоқыс жинаушылар, медицина қызметкерлері, пациенттер, жалпы қоғам арасында инфекцияның таралуы нәтижесінде аурудың қайталама берілуіне үлкен қауіп төндіреді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, аймақтағы барлық медициналық ұйымдарда медициналық қалдықтарды уақытша жинауға арналған үй-жайлар санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес жабдықталған. Қабырғалары, едені дезинфекциялауға, жууға төзімді материалдармен қапталған, салқын және ыстық сумен, биологиялық қалдықтарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен, сыйымдылықтарды жууға, залалсыздандыруға арналған ванналармен қамтылған.
– Мәселен, облыстық медициналық орталықта қалдықтарды жоюға арналған пеш-инсенератор, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасында, облыстық оңалту орталығында және ҚР ДСМ М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы мен Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы филиалдарында медициналық қалдықтарды өртеуге арналған арнайы қондырғылар (муфельді пеш) жұмыс істейді. Қызылорда қаласы және аудан орталықтарында орналасқан қалған медициналық мекемелерде қалдықтар арнайы мамандандырылған мекемелермен келісім-шарт негізінде тасымалданып, жойылады. Былтыр облыс көлемінде А сыныбына 523422,615 кг, Б сыныбына 143029,80 кг, В сыныбына 101462,853 кг медициналық қалдық түзіліп, жойылды, – дейді департамент басшысы Динара Жаңабергенова.
Сондай-ақ, ол медициналық қалдықтарды қауіпсіз жою жұмыстарымен айналысатын мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет екенін айтады. Бұл мақсатта санитариялық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, департамент мамандары былтыр «Медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылауды тиімді ұйымдастыру және жүргізудің өзекті мәселелері», «Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қалдықтарды жинау, залалсыздандыру, тасымалдау, уақытша сақтау және жоюды ұйымдастыру» тақырыбында, «Аса қауіпті жұқпалы және паразитарлық инфекциялармен ауруханаішілік аурулардың алдын алу, болдырмау шаралары», «Медициналық қалдықтардың айналымына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалауды тиімді ұйымдастыру» тақырыбында семинар сабақтар өткізген.
Облыс бойынша қауіпсіз жою қораптарымен қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
Былтыр облыстағы денсаулық сақтау объектілеріне медициналық қалдықтарды жинау, уақытша сақтау, залалсыздандыру, тасымалдау және жоюдағы санитариялық қағидалардың сақталуына жүргізілген ерекше тәртіп бойынша жоспардан тыс тексерулер барысында кемшіліктер анықталған. Барлығы 10 млн 536 мың 720 теңге сомаға 216 айыппұл (2-і лауазымды тұлғаға, 214-і жеке тұлғаға) салынып, өндірілген. 35 санитарлық ұйғарым беріліп, барлығы уақытылы орындалған.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<