10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

769

0

Пандемия кезінде тұрақты табысынан айырылған 10 мыңға жуық облыс тұрғыны «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 500 мың адамға 42500 теңге жәрдемақы төленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ ҚОФ директоры Гүлсім Денеева хабарлады.

– Елімізде орын алған пандемия кезінде дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылданды. Солардың бірі – халықты жұмыспен қамту болса, енді бірі табысынан айырылған жандарға жәрдемақы төлеу. Мәселен, 70 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматқа азық-түлік және тұрмыс­тық жиынтығымен қамтамасыз ету үшін 5567 теңгеден әлеуметтік төлем төленді. Аймақтық «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден бір реттік көмек берілді. Кәсіпкерлердің қолдауымен 12 мыңнан астам отбасына 1 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Осы кезеңдерде әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері үздіксіз 24 сағат жұмыс істеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жыл басынан бері аймақта  17466 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 12 679-ы тұрақты. «Еңбек» бағдарламасына 27 мыңнан астам азамат тартылған. 4126 отбасына 150,4 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді.

– Жалпы әлеуметтік жәрдемақы төлемдері уақытылы беріліп келеді. 56870 адам атау­лы әлеу­меттік көмек алса, 860 жалғызбасты қарт пен мүгедекке, 1242 мүгедек балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Сонымен қатар, 4221 жеке оңалту бағдарламасы дайындалып, өткен жылдың есебінен ауыспалы 12790 жеке оңалту бағдарламасы орындалды. Арнаулы әлеумет­тік қызмет көрсету орталықтарында стационарлық жағдайда – 734, күндізгі бөлімшелерде – 257, мүгедектерге арналған оңалту орталығында 452 мүмкіндігі шектеу­лі жан арнаулы әлеуметтік қызмет алуда. Сонымен қатар, 3 мыңға жуық ардагерге қызмет көрсетіледі. Ал ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қалыптастыру мақсатында 2326 нысан паспортталды. Оның ішінде 1210 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі толығымен бейімделді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.

Айта кетейік, биыл мүгедектігі бар адам­дарға әлеуметтік оңалтудың іс-шараларын оңтай­лан­дыру­ға бағытталған Әлеуметтік қызметтер порталы қолданысқа енгізілді. Келер жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар қажетті барлық тауарлар мен қызметтерді осы портал арқылы алады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<