Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Ол – елдің ұлттық болмысының, дербестігі мен тәуелсіздігінің бірден-бір айғағы. Көк байрақ, Елтаңба, Әнұран әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш ұялатып, отаншылдық рухын асқақтатыны сөзсіз. 1992 жылдың 4 маусымынан бері бұл күн кеңінен аталып келеді. Жыл сайын оның мәні, мазмұны артпаса, кеміген емес. Атаулы мерекеге орай облыста бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов биылғы шара азаматтарды ортақ мақсатқа біріктіруге, олардың патриоттық рухын көтеруге бағытталып, жалпыхалықтық деңгейде өтуіне баса мән берілетінін айтты.
– 1-4 маусым күндері 100-ге жуық әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып, 70 мыңға жуық азаматтарды қатыстыру және медиа, ақпарат құралдары арқылы жалпы аймақ тұрғындарының 70 пайызын қамту көзделген. Оның ішінде, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, елді мекендерде, ірі сауда орталықтарында тақырыптық безендіру, барлық елді мекендердегі Рәміздер аллеялары мен алаңдарда тұрғындардың, жастар мен волонтерлердің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылады,– деді.
Cонымен қатар, атаулы күні Байқоңыр қаласында да жалпыхалықтық, патриоттық шаралар өткізілмек. Ондағы білім беру ұйымдары мен өзге де мемлекеттік мекемелерде іс-шаралар өтеді. Аудандарда балаларға арналған жазғы лагерьлерде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің еңбектерін насихаттайтын, Мемлекеттік Ту авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған шаралар, патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар ұйымдастырылады.
Ал облыс орталығындағы «Рәміздер алаңында» аймақ басшысының қатысуымен негізгі мерекелік шара өтеді. Бұл патриоттық шараға 2 мыңға жуық қала тұрғындары қатыспақ. Осы күні республика көлемінде, оның ішінде өңірдегі ұжымдарда, кәсіпорындарда, ірі сауда орталықтарында, өзге де халық көп шоғырланатын орындарда таңғы сағат 10:00-де бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалады. Сондай-ақ, «Туымыз төрімізде» республикалық акциясы ұйымдастырылады.
Қоғамдық даму басқармасының басшысы қала тұрғындарын мерекелік шаралар мен акцияларға белсенді атсалысуға шақырды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<