12 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді

505

0

Биыл Ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-реформатор Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Осыған орай, Алматыда «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияға отандық және алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам ғалым-зерттеуші қатысып жатыр.

Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы және Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергиз Бирайдың Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу кітабының тұсауы кесілді.

Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағына Ахаңның бұрын-соңды жарық көрмеген қазақ, орыс тілдеріндегі шығармалары енді.

Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы айтты.

«Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы құрметіне Ахаңның қазақ және орыс тілдерінде тұңғыш 12 томдық шығармалар жинағын басып шығардық. Мұнда Ахаңның тек қазақ тілінде емес, сондай-ақ, орыс тілінде, бұрын жарық көрмеген шығармалары да бар. Бұл еңбектің бір ерекшелігі – кітапта төте жазумен қатар оның кирилл әрпіндегі нұсқасы қатар беріледі. Бір ғасыр бұрын қалай жазылса, дәл солай беріліп отыр. Кітап Мәдениет және спорт министрлігінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет» бағдарламасы бойынша 3000 данамен жарық көріп, еліміздің бүкіл кітапханаларына таратылды. 12 томдық еңбекті дайындауға ең алдымен Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінің директоры Райхан Бимағамбет, профессор, академиктер Диқан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер және басқалар атсалысып, құрастырды»,- деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергиз Бирай Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері мен мақалалары жайында кітап жазғанын айтты.

«Ахмет Байтұрсынұлы есімімен 1982 жылы таныстым. Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері және мақалалары жайлы кітап жаздым. Онда өзімнің ойларым мен Ахмет Байтұрсынұлы мақалаларының түрік тіліне аударылған нұсқасы қамтылды. Мен Ахмет Байтұрсынұлы 150 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға шақырылғаныма қуаныштымын. Ахмет Байтұрсынұлы – тек қазақтар үшін емес, түріктер үшін де біртуар тұлға деп білемін. Оның «Бірлік керек, тәуелсіздік керек, ана тілін үйрену керек» деген ойлары біздің халқымыздың ойымен сабақтас», – деді Нергиз Бирай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<