Есірткісіз өмір ғажайып!

727

0

       «Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ

 тарапынан жарияланған байқауға»

«Жастардың бүгінгі міндеті – оқу ,  білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман. Білімсіз істің реті болмайды. Сондықтан, жастардың жалпы назары мектепке аударылуы керек»

Ғани Мұратбаев.

Тіршілік атаулыға берілген ең үлкен сый – ол өмір. Өмірде қуаныш та, қайғы да, жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Сол себепті, өмір адамзат атаулыдан мол қажыр-қайратты, жігерлілікті, табандылықты талап етеді. Ал, мұндай қасиеттер адам бойында әлсіреген уақытта рух құлдырайтыны анық. Басқа тіршілік атаулыдан да ерекшелігіміз сонда, яғни, санамызбен ісімізді басқару. Жоғарыдағы эпиграфта келтірілген ұлт перзенті , Шығыс жастарын ұйымдастырушы, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың қанатты сөзі қай дәуір болмасын мәнін жоймайтыны анық. Әрине, қазіргі жастардың бүгінгі міндеті-оқу, білім, тәрбие. Бір ғана мысал, осыдан бір жыл бұрынғы жастар мен жасөспірімдердің пандемия кезіндегі жағдайына көңіл аударайықшы. Балалар парта мен тақтаның қадірін біліп, ата-анадан кейінгі жанашыры- мұғалім екенін кеш те болса түсінді. «Апай, мектепке қашан барамыз?» деп, сұрақ жаудырған оқушылар саны көбейді. Солардың бірі-мен. Тарихта қалған осы бір қиын кезең көбімізге сабақ болды. Тәубемізге келіп, тыныш өмірді, мектептегі қызық кездерді, мұғалімнің тақта алдында сабақ түсіндіргенін, есік алдында құрбыларыммен таза ауада серуендеген кездерді, тағы басқа өмірдің ғажайып сәттерінің қадірін түсіндім десем болады.

Осындай бейбіт, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманды, жаймашуақ күндерді ата-бабамыз сан ғасырлар аңсады емес пе?! Келешек ұрпақ үшін ақ білектің ұшымен, ақ найзаның күшімен жандарын оққа да, отқа да тосқан жоқ па?! Ата-бабамыздың баға жетпес аманатын, мұрасын жалғастырушы мына біздер, жастар емеспіз бе?! Ендеше, неге қазіргі жастар, әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпын, бар ғой арамызда, ғаламтор мен смартфонның құрбаны болып, зиянды әдеттермен тәндері мен саналарын улап жүрген. Бір сәттік ләззаттың құрбаны болып жүрген жастарды бұқаралық ақпарат құралдарынан естігенде, еріксіз жаның қынжылады. Осы ретте, жазушы О.Бөкейдің «Атау кере» романындағы өзінің көңілі толмаған кездерде бірнеше қайталап айтатын «Неге біз осы?!» деген сөз тіркесі ойға оралады. Неге біз еліктегішпіз, неге біз басқа мемлекеттердің мәдениетімен танысып, технологиясын үйренбейміз, неге теріс әдеттеріне әуеспіз? Қазақ діліне жат, ескі қазақ отбасында болмаған, ешқандай көркем шығармада  кездеспеген, тәнмен қоса, сананы да улайтын есірткінің уына неге қазіргі жастар бой алдыруда? Есірткісіз, тағы басқа зиянды әдеттерсіз-ақ, өмірдің ғажайып сәттерін неге сезінбеске?! Ш.Мұртаза атамыздың тілімен айтқанда, «бір кем дүние…» демеске амал жоқ.

Енді, осындай теріс әдеттерге жастар(кейбір) неге әуес? деген сұрақтың төркінін іздеуге көшейік. «Тәрбие-тал бесіктен» демекші, отбасындағы алғашқы ұстаздары-баланың ата-анасы. Ата-ананың іс-әрекетіне, сөзіне, эмоциясына қарап, бесікте жатқан сәби тәрбиелене береді екен. Мәселенің шешімі–ұлттық тәрбиеде. Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап, сұм адамшылыққа баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Осындай кемшіліктерді ол өз қарасөздерінде былай жеткізеді: «Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» депбастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңында, балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп, біреуді боқтатып, кәпір, қияңқы, осыған тимеңдерші»деп, масаттандырып, тентектікке үйретіп қойып,сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болды деп, қу, сұм бол деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма, берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?»дейді ойшыл.Ал, осындай тәрбиенің соңы баланың теріс  әдеттерге бой алдырып, өз ата-анасына қарсы келумен аяқталмасына кім кепіл?! Сол себепті, біздің ата-бабаларымыздың ұлттық тәрбиесі осындай бала тәрбиесін жете ойлап, жан-жақты қарастырып, тәрбие бастауларын нақтылап, негіздей білген.

Әрине, адамға бір рет берілетін өмірді ғажайып етіп өткізу, өмірдің әр сәтінен ләззат алу- кез келгеніміздің қолымыздан келеді. Ешқандай қиын емес! Арайлап атқан әрбір таңның шапағын, әрбір күннің шуағының жылуын, әрбір жаңбырдан кейінгі табиғаттың тамаша көрінісін, жаңбырдың иісін, әрбір бұлтсыз, Туымыздың түсіндей көгілдір, ашық аспанның, қымсына ұялған қыздың келбетіндей қызара батқан күннің, тағы басқа осындай табиғаттың жаратушы берген әсемдігін сезіне білсек,жан дүниеміз нұрланып, тәніміз улы заттарды қабылдамасы анық.

Ғылым мен технологияның дамыған заманында «Жаңа Қазақстанды» құру үшін білімді, озат ойлы, ұшқыр қиялды, жігерлі жастар тартылары сөзсіз. Болашағымыздың іргетасын қалайтын- біздерміз! Бізде мүмкіндік өте көп. Білімді дамыту, спорттық, мәдени үйірмелерге қатысып, мәдени құндылықтарымызды жаңғырту-біздің еншімізде. Айта берсек, есірткісіз, теріс әдеттерсіз өмірдің ғажайып сәттері өте көп. Қазақтың алғашқы ұстазы Ы.Алтынсариннің «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар… Өнер, білім, бәрі де оқуменен табылған, Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған»деген өлең жолдары жастардың шамды шыраққа айналдыруы үшін білімнің керек екенін, құс екеш құстың да тамағының еңбекпен табылатынын айтып, жастарды білімге, еңбек етуге шақырады. М.Дулатовтың «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты… Қарағым енді жату жарамасты» деген өлең  жолдары қазірде түсінген адамға ұран болып қалды десек болады. Қазіргі жас буынға бұдан артық ұранның, үгіт-насихаттың  керегі жоқ деп ойлаймын. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жастарымыз бір сәт болашақтан гөрі кейінге көз жүгіртсе екен деймін. Себебі, мен ата-бабаларымыздың тарихын, әдебиетін суреттейтін шығармаларды, деректерді оқып отырғанда, бойымда өзінен-өзі жігер, қайрат, қазақи болмыс қалыптаса бастайды. Әр оқыған сайын әдебиетіме, тарихыма, тіліме жаным ашып, сүйіспеншілік сезімі ояна бастайды. Осындай жаным мен тәнім рухани байыған сәтте, менің санамда зиянды әдеттерге ешқашан орын болмасы анық. Болашақ жас ұрпақ бір ғана ұлы тұлғаның немесе репрессия құрбаны болған Алаш зиялыларының  өткен өмір жолымен толық танысса, осы күніне шүкір айтып, шығармадан рухани азық алар еді. Кітап оқуды- рухани баю, өмірден лаззат алу деп білемін. Бұдан шығатын қорытынды: кейінге көз жүгіртіп, тарихымыз бен әдебиетімізді таныған сайын биіктей беретінімізді ұмытпайық дей келе,есірткісіз өмірді қалай ғажап етуге болатынына өз көзқарасымды осылай көрсетуді жөн көрдім. М.Жұмабаевтың теңдесі жоқ, ұран болып кеткен өлеңінің бір шумағы жан дүниесімен оқыған жас буынды ойландырмай қоймайтынына сенемін!

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!»

@upndpkzo

#есірткігеқарсыбайқауы

Айдана ОРЫНХАНОВА,

№277мектеп-лицейі,

Қызылорда облысы

Қармақшы ауданы

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<