Есірткісіз өмір ғажайып!

329

0

«Қызылорда ОПД  ЕҚҚІҚБ

 тарапынан жарияланған байқауға»

Есірткі… Жеті әріптен тұрып, қасиетті жеті санының киелілігіне кесірін тигізетін неткен төмен ұғым. Қазіргі жаһандану атты аш қасқырдың  азуына тастап жатқан құндылықтарымыз өз алдына, ендігі есірткінің қоғамға келіп, болашағымызды бұлыңғырламауын ойлауымыз керек. Осындайда көңіліме ой салар жағдайлардың еріксіз түсетіні бар… Сондай жағдайлардың қаупі қаншалықты әсер етпек?

Демалыс күндері ірі қалаларымыздың біріне қыдырып барған кезім еді. Қаланың шеткі шағынаудандарындағы бес қабатты үйлердің ірге қабырғасында инстаграм аккаунт па, әлде сайт атауы ма, әйтеуір ірі латын әріптермен жазылған жазбаларды біраздан бері көзім шалды. Алғашқы көргенде Оралханның кейіпкеріне еліктеп «неге осы біз бүлдіруге құштармыз, ә?» – деп налығаныммен, оның не нәрсе екенін мүлде ойланбаппын. Бұл жазбаның тегін емесін кейін түсіндім…

Көрші тұратын құрбыларымызбен әңгімеміздің кей кезде жаһандық мәселелерге ауысып кететіні бар. Сондай бір пікіралмасу үстінде әңгіме ауаны өзіміз құралпы балалардың нашаға әуестігін сөз еттік. Үйлер, шеткері тұрған пайдаланыста жоқ кеңсе, ғимараттардың сыртында аккаунттар жазылғандарын көрдіңдер ме? –деді арамызда ғаламтор жаңалығын құр жібермейтін досым. Ойыма кешегі көргенім сап түсіп«иә» дедім. Мен ғана емес, біразы байқап жүр екен.

Ол қандай аккаунттар екенін білесіңдер ме? – деп ары жалғады сөзін дос қыз.

– Бұл аккаунттар арқылы жасөспірім балалар мен жастар нашаның «жеңіл» түріне тапсырыс береді екен. Жазбадағы аккаунт атаулары наша таратушы қылмыскерлердің «жарнамасы» деседі. Аккаунтқа кірсең, ондағы сағыз, кәмпиттің түр-түріне ұқсатып жасалған наша түрлерін ұсынады екен. Содан соң «каспи» арқылы ақшасын төлеттіріп, смс арқылы «закладканы» қайда салғанын хабарлайды-мыс. Осындай жайттарды қаперге алып, жан-жақтанкелетін ақпараттарды саралай қабылдауды үйрене бастамасақ, келешекте, әсіресе жоғары оқу орнына аяқ басқан сәтте басымызды мың сан бәледен арашалап қала алмауымыз әбден мүмкін.

Ал енді осы мәселелерді білетұғын ересектер «закладчиктерді» неге тезірек таппайды екен? Өздері тұратын үй қабырғасында әлдебір жазулар пайда болса, неге оларды өшіруге тырыспайды? Әрбірден соң бұл жеке мүлікке қасақана нұқсан келтіру болып саналады емес пе? Полицияға шағымданса, мұнымен күреседі ғой…Шыны керек, осы сияқты талай сауалға әлі нақты жауап таппадым…

Қолыма қалам алып, өзім сияқты жасөспірімдердің болашақта теріс жолға түспеуі үшін не істей аламын деп отырғанымда, құқыққорғау органдары синтетикалық есірткі атаулының әлеужелі арқылы таралуы қарқын алды деп дабыл қағуда. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше,  әлем бойынша есірткі заттарына әуес болғандардың 6 пайызы 15-16 жастағы балалар – 13 миллионнан аса жасөспірім екен…

Әзірге жаһандық проблеманың шешімін таппасам да, айналамдағы барлық адамдарды абай болуға, әлеужеліні игі мақсаттар үшін ғана пайдалануға, есірткіге қарсы  қоғам болып күресуге шақырамын.

Өміріміздің ғажайып сәттері, сәтті шақтары, арайлы таңдары тұрғанда, түнекке толы тұңғиыққа жол бастамау – баршамызға ортақ борыш, болашаққа дұрыс бағыт. Болмысымыздың тазалығы, жүрегіміздің кіршіксіз ниетке толы болуы –Жаратушының берген сыйы, сол қасиетті ұстап қана толық адам бола аламыз. Бұл – хәкім Абай атамыздың арманы…. Болашақ – біз, біз – мықты болуға тиіспіз!!!!

@upndpkzo

#есірткігеқарсыбайқауы

Алтынай ҚУРҒАНБАЕВА,

№277мектеп-лицейі

Қызылорда облысы

Қармақшы ауданы

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<