Есірткісіз өмір ғажайып!

1392

0

Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға

Бүгінгі күні тал бесігінен дұрыс тәлім-тәрбие алмай, дұрыс бағытты таба алмай, дұрыс таңдау жасай алмай тоқырауға торығып, түрлі ағымдар мен арбаулардың соңында жүрген азаматтарымыз қаншама? Қоғамның дертіне айналып, өрмекшідей торын кең құрған үлкен мәселе – нашақорлық, есірткіге тәуелділік. Күллі әлемді өз торына түсірген бұл бұрыс жолдан шығудың жолын табу – әр мемлекеттің алғы шарты болып табылады.

Есірткіні бір рет пайдаланған адамның оған шексіз байланып, басыбайлы құлына айналары анық. Есірткі – адамның басын айналдырып, ауытқулар мен сандырақтауды оятатын қауіпті зат. Адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады, нашақор есірткісіз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Есірткінің барлық түрі адам ағзасы мен психикасына әсер етіп зақымдайды.

Сана –сезімі уланған адамның мінез-құлқы күрт өзгереді.Бұрын момын,тұйық,өтірік айтпайтын адам өзгеріп,өтірік айтады,төбелесуге дайын тұрады.Нашақордың белгісі-қажетті дозасын қабылдаған күні мұрнынан су аға бастайды.Есірткінің қазір көп тараған түрі- героин,ақ ұнтақ зат.Одан адам санасы тез уланады. Бірінші рет көргенде ләззат алады,сосын ағзасы тез тәуелді болып іздеумен өтеді. Қолданбаса ұйқысы бұзылады,буын-буыны сырқырайды.Сөйтіп бара-бара тек ауырмау үшін іздейді.

Мен есірткісіз өмірді таңдаймын. Болашағымның жарқын болғанын қалаймын. Адам болып дүниеге келген соң-армандарым асқақ. Мақсатым айқын. Ата-анам ғана емес, барлық жақындарым, ұстаздарым маған үлкен үміт артып отыр. Жақсы азамат болып өсіп, қоғамға пайдамды тигізсем деймін. Халқымыз «жақсымен дос болсаң, жетесің мұратқа, жаманмен дос болсаң қаласың ұятқа» деген. Адамның қалыптасуына ортасының тікелей ықпалы бар. Жақсылар мен жайсаңдардың ортасында болуды қалаймын. Барлық достарымды да жақсы өмір сүруге шақырамын.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дана халқым айтып кеткендей, қазақтың көктуын аспанда шарықтататын, болашағын арқалап, үмітін ақтайтын қорғандарымыздың қисық жолға түспеуін қадағалау – біздің басты парызымыз болуы керек. Салиқалы ұрпақ қалыптастыру үшін оларды ішімдікке салынудан, темекі мен есірткіге тәуелділіктен барынша ерте жастан сақтауымыз қажет.

Еліміздің қаракөз қыздары мен тепсе темір үзетін ұлдарын тура жолға салып, бағыт-бағдар беру – біздің қолымызда. Есірткінің адам өміріне аса қауіпті факторлардың бірі екенін, адам денсаулығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер екенін ертеңгі ұрпаққа насихаттау – біздің негізгі міндетіміз болып табылады.

Айгерім Аннасова,

Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<