8 қараша – халықаралық радиология күні
және рентгенолог күні
Неміс физигі Вильгельм Конрад 1895 жылы 8-қарашада рентген сәулелерін ашты. Медицинада бұл диагностикадағы, содан кейін терапиядағы барлық мәселелерді шешудің бастамасы болып келеді. Рентгенография әлемдегі ең кең таралған, жылдам және қол жетімді диагностикалық құрал. Көпбейінді облыстық ауруханада рентгендиагностика бөлімшесі бар. Алғаш облыстық аурухананың рентген кабинеті болып ашылған. Білікті маман Пак Яков, Сергей Алисов әр жылдары рентген кабинетін басқарды. Қазір заманға сай жаңа технологиямен толығып, кеңейтілген бөлімшеге арнайы барып, мамандардың жұмысымен таныстық.
Бөлім меңгерушісі Бимағанбет Сейтмамбетов бірінші санатты дәрігер рентгенолог. Ол Қазалы ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №2 қалалық емхананың дәрігері ретінде бастап, əр жылдары Қылмыстық Атқару Жүйесінің ЗК-169/5 мекемесінде рентгенолог дәрігер, облыстық медицина орталығының рентген-диагностика бөлімшесінің рентгенолог дәрігері қызметтерін атқарған.
Бүгінде Бимағамбет Калмырзаұлы басқаратын бөлімшеде 18 қызметкер жұмыс істейді. Оның 3-еуі дәрігер, 11-і рентген лаборант. Бөлім қажетті заманауи техникалармен жабдықталған. Мысалы Arcadis Varic «Siemens» комапниясының отаға арналған рентген, жылжымалы және Францияда жасалынған Nikaia Primax Ciassic сандық рентген аппараты бар. Бұл аппаратқа кеуде қуысы, контрасты бүйрек мүшесін зерттеу, сүйек буын мүшелері және ас қорыту мүшелері түсіріледі. Мұнан бөлек, Оңтүстік Кореяаның Jomong сандық аппараты алынған. Осы құрылғылармен сапалы медициналық көмек көрсетілуде.
Рентгенологтар суретке түсіріп қана қоймайды, сонымен қатар оларды оқып, талдау жасайды және өз қорытындысын жазады. Бұл мамандықтың қауіпті тұсы да бар. Қорғаныс құралдары қолданылғанымен, радиация медициналық маманның денсаулығына да зиянын тигізуі мүмкін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иесі Бимағанбет Қалмырзаұлы бізге басынан өткен қызықты жайттарды да айтып берді.
«Бірде ауруханаға әйел кісі келді. Асқазаным ауырады деп шағымданған соң, рентгенге түсірдік. Майда тастар секілді бірнеше жансыз затты аңдардым. Көлемдері бірдей. Науқасқа не тұрғанын айтқанымда, ол өзінің қырғауыл етінен жасалған тағам жегенін айтты. Қырғауыл етімен бірге оқ дәрі асқазанына түсенін білдік. Мұнан бөлек бір кісі өзінің тісіне қондырған протезін бірнеше күннен бері таппай жүргенін айтып, асқазаным ауырды деп шағымданған. Біз оны науқастың ішек жолдарынан таптық» , − дейді дәрігер.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<