Салтанат Қосжанова: «Мен – қазіргі заманның ұстазымын»

2128

0

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

         Қосжанова Салтанат Орынтайқызы 1983 жылы 28 маусымда Жалағаш ауданында дүниеге келген. №201 орта мектепте, №123 Т.Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебінде орта білім алған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетіне білім грантымен магистратураға түсіп, оны да үздік бітірген. Гуманитарлық ғылымдар магистрі. Еңбек жолын Астана қаласындағы №49 орта мектептен бастап, одан әрі Астана медицина университетінің шетел тілдер кафедрасында оқытушы болып еңбек еткен. 2012 жылы өзі білім алған Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейге қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі  пәнінің мұғалімі болып орналасқан. Он жылдан бері осы білім ордасында еңбек етіп келеді.

         Ізденімпаз мұғалім жуырда республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауының жеңімпазы атанды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан ақшалай сертификат пен төсбелгі иеленді. Облыс бойынша төрт мұғалім үздік атанды. Солардың ішінде Жалағаштық жеңімпаз болып отырған замандасымызбұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

− Салтанат, «Қазақстанның үздік педагогі» атануыңызбен құттықтаймын! Бұл марапат иесіне қандай талап қойылды?

Бұл байқау республикамызда 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Байқауға балабақша тәрбиешілері, мектеп пен колледж мұғалімдері қатыса алады. Ол 3 кезеңнен тұрады, бірінші аудандық, екінші кезең облыстық, үшінші кезең республикалық. 1-кезеңде портфолио, 5 минуттық үздік озат тәжірибені таныстыру, 15 минуттық бейнесабақ ұсындық. Өзінің арнайы критерийлері бар. Ұстаздың, оқушылардың жетістіктері, әдістемелік құралдар, бейнесабақтар, дипломдар ұсындық. Биыл байқауға 5 мыңнан аса мұғалім қатысты. Астана қаласына барып, ашық сабақтар өткіздік. Сабаққа комиссия мүшелері қатысып, сабақ біткеннен кейін жан-жақты талдау жүргізді.

− Шыныңызды айтыңызшы, мұғалімдердің сайыстары әділ өте ме?

− Бұрындары  «бармақ басты, көз қысты» әрекет орын алып, әттеген ай… деген кездер болды. Мен ол кезде кінәні өзімнен іздедім, бастысы байқауға келген әріптестерім еңбегімді мойындап, бағасын берді. Соңғы 1-2 жылда  «білімдінің күні жарық»  демекші, бәрі ашық түрде өтуде. «Үздік мұғалім» байқауына 2020 жылы да қатыстым. Ол кезде облыстан өтіп, республикадан өте алмадым. Әлі де дайындалайын деп мойыған жоқпын.

− Үздік педагогтің бойында қандай қасиеттер болу керек?

− Ең алдымен, әр мұғалімнің бойында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі» болу керек, екіншіден мамандығын жақсы көру керек. Неге десеңіз, өз ісіне берілген ұстаз ғана шәкіртінің санасына сәулелі ой салып, әр баланың жұлдыз болып жарқырауына жәрдем бере алады. Үшіншіден, үнемі ізденісте болғаны абзал. Өйткені мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімділігі де жойылады. Төртіншіден, жаны таза, пейілі кең болғаны дұрыс.

− Білім де бойымда, қайрат та бар,

Алғырлық бар, шыдам мен айбат та бар.

Мен – қазіргі заманның ұстазымын,

Шәкірті үшін жаңа әдіс ойлап табар!− деген өлеңіме осы ойды өзек еттім.

− Ұстанымыңыз қандай?

− «Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!» деген. Өзім өте қарапайым отбасында өскендіктен, өте қанағатшыл адаммын. Бәрінен көмегімді аямаймын, бәрін жақсы көремін, жақсылық жасау − менің сүйікті ісім. Анам еден жуушы, әкем жұмысшы болды. Әкем кітапты көп оқитын, үнемі біздің кітап оқығанымызды бақылап, бірге оқитын, нәтижесінде бауырларым да мектепте өте жақсы оқып, жоғарғы оқу орнына грантқа түсіп, қазіргі түрлі мамандық иелеріміз. Өз білгенімді бәріне үйреткім келіп тұрады. Өйткені «өзге білмей сен білсең, білгеніңнің бәрі тұл»

− Жастар арман қуып Астанаға асығатын еді. Сіздің Қызылордаға қайтып келуіңізге не себеп болды?

− Астанада колледжде, жоғарғы оқу орнында сабақ бердім, жақсы қызметте өсуге де мүмкіндік болды. Дегенмен баспана мәселесі қиындау болып,  ауылға қайтуға тура келді. Бірақ мен ауылға келгеніме өкінбеймін, керісінше бақыттымын. Жолдасым бар, Әлімжан мен Нұрислам есімді ұлдарым бар, ең бастысы мектепті, балаларды жақсы көремін.

− Елімізде мұғалімдер мәртебесі заңмен бекіді. Өзгерістер туралы не айтасыз?

− Мұғалімдер мәртебесі туралы заң педагогтардың мерейін үстем етіп, мәртебесін асқақтатты. Қазір директорлардың сапасын көтеру мақсатында тағайындаудың жаңа жүйесі қалыптасқан. Меніңше қолынан іс келетін, нәтиже көрсетіп отырған  директор сол мектепті басқаруы керек. Директордың да мәртебесі заңмен қорғалғанын қалаймын. 300 балаға арналған шағын мектепте 800-ден аса оқушы білім алып жүр. Тіпті ауылдардан келіп оқиды. Себебі, мектеп басшысы барлық мұғалімнің жағдайын жасап қойған, ең бастысы сағаты толық, мектептің ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан, ал сағаты толық, ақшасы жақсы адам ынтамен жұмыс жасап, көңілді жүріп, сабақты да көңілді беріп, нәтиже көрсетеді. Алайда көшбасшының да жалақысы жоғары, мерейі үстем болу керек шығар.

−  Әдістемелік оқулығыңыздың таралымы, өміршеңдігі қандай болмақ? Соны пайдаланып ҰБТ-да оқушылардың  көрсеткіші артты ма?

− «Абайтану» оқулығым бойынша балаларды Абай олимпиадасына дайындаймын. 2020 жылы Жақсылық Жаннұр деген оқушым облыстан, республикадан 1-орын алған. Абай олимпиадасынан 2019 жылы Мінаж Ақниет облыстан 1-орын алып, республикадан арнайы диплом алды.  Әдістемелік құрал мектептерге биыл таратылды. Нәтиже болып қалар. Себебі аудан, облыс мұғалімдері қызығушылық танытып, балаларын осы кітаппен олимпиадаға дайындап жатқанын естіп қуандым.

Салтанат Қосжанова: «Мен – қазіргі заманның ұстазымын»

− Қандай жоба, авторлық бағдарламаңыз бар, ол қандай деңгейде таратылды, тәжірибеде пайдаланысыз ба? 

− «Абайтану» оқулығымды айттым. Авторлық жұмысым болған соң әріптестеріме шеберлік сағаттарын өткізіп жүрмін. «Эссе жазу әдістемесі» атты құралым жақында жарық көреді. Оқушыларды эссе жазуға сонымен дайындаймын. Нәтижесі жаман емес. Соңғы 3 жылда 20-дан аса оқушым облыстан эсседен 1-орын алды. Кеше ғана Жахат Аяулым атты оқушым «Әбіш оқулары» байқауында ғылыми жоба бағыты бойынша  ауданнан, облыстан,  1-орын алып,  Маңғыстауға барып келді.

Салтанат Қосжанова: «Мен – қазіргі заманның ұстазымын»

−  Бастауыш сынып оқушысына, мысалы 2 сынып оқушысына ғылыми жоба керек пе, ол өзі жазады дегенге сенуге бола ма, жұмыс компьютерде теріледі, схема, т.б. қалай дайындайды?

− Оқушының жас ерекшелігін ескеріп жаздыртуға болады. Әрине, мұғалім көмектеседі ғой. Өйткені дарынды, логикасы мықты  балалар бар. Оларды ерте жастан бағыттаған жөн.

− Шет елге барып білім жетілдіріп, тәжірибе алмастыңыз ба?

−  Былтыр 21 наурыз бен 2 сәуір аралығында Анталиядағы Бахшашекер колледжінде тәжірибе алмастық. Халықаралық конференцияға қатыстым, жоғарғы оқу орындарына бардық. Былтыр өзім республикалық қазақ тілі қоғамының мүшелерімен 10 күнге Түркияға барып тәжірибе жинадым.

 − Республикалық олимпиада  оқушыңыз нешінші орын алды? Ғылыми жобада ше?

2019 жылы республикалық олимпиадада оқушым Аружан Бақытжан 3-орын алды. Биыл Жаннұр, Ақниет, Мәдина, Аруза атты 4 оқушым қазақ тілі мен әдебиетін таңдап, грантқа түсті.  Жылда кем дегенде 3-4 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдайды. Биыл да 3 оқушыны ҰБТ-ға дайындап жатырмын.

Салтанат Қосжанова: «Мен – қазіргі заманның ұстазымын»

− Сіздің жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма?

− Иә, шәкіртім Ақниет Садық Қазақ Ұлттық қыздар педогогикалық университетін үздік бітірді. Қазір біздің ұжымда еңбек етіп әрі магистратурада оқып жүр.

− Үйдегі балалардың тәрбиесіне кім көмектеседі?

− Үйдегі балалардың тәрбиесіне көбіне атам-енем көмектеседі. Жолдасым Нұрлан да әрдайым қолдап отырады.

− Алған қаржылай жүлдеңізді қалай жаратасыз?

− Мектепте Абайтану кабинеті ашылған, соған кітаптар аламын. Шынымды айтсам, әлі жоспарлап үлгермедім.

− Алға қойған мақсатыңыз қандай?

Мына өмірде, жүрегіңде,

Бойыңда ыстық қан барда,

Болмысты да, болмасты да,

Болады деп арманда!» демекші, армандағанды жақсы көремін. Армандар орындалатынына сенемін. Алдағы уақытта жеке оқу орталығын ашып және докторантурада білім алғым келеді.  

Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<