Екпей – егін шықпас,
Үйренбей – білім жұқпас.
Әл-Фараби атындағыҚазақ Ұлттық Университетіміз – еліміз үшін 90 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан құт мекен. Алдымыздағы 2024 жылдың 15 қаңтарында қасиетті қарашаңырақтың құрылғанына 90 жыл толмақ. 1933 жылдың 20 қазанында ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» №2293 қаулысы қабылданып, 1934 жылдың 15 қаңтары – университеттің нақты құрылған күні болып белгіленген. Дәл осы күні ҚазМУ-дың алғашқы 50-ден астам студенттері қабылданған (1-сурет).
1934 жылдың 2 желтоқсанында университетке С.М. Киров есімі берілген. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аты мен мәртебесі өзгеріп, ҚазССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылдың 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фарабидің аты берілді. 1993 жылдың 9 қаңтарындағы №1059 ҚР Президенті болған Н.Ә. Назарбаевтың Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталынды.
Бүгінгі таңда университетімізде 16 факультет, 67 кафедрада екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары және философия докторлары, ірі академиялардың 100-ден астам академиктері, Қазақстан Республикасының 30-ға жуық еңбек сіңірген қайраткерлері студенттер, магистранттар мен докторанттарға білім береді. Мұнда жоғары кәсіптік білім берудің көп деңгейлі жүйесі бойынша 24 мыңнан астам студент, соның ішінде әлемнің 54 елінен 2,8 мың шетелдік азамат білім алады. 542 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, ғылыми орталықтар мен ғылыми жобалар саны артуда. Университет бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын іске асыру, студенттермен алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша әлемдегі ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтасады. 2022 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, БАӘ және Түркияның жеьекші университеттерімен 30-дан астам келісімшарт жасалынды. Ыстамбұл мен Бішкек қалаларында ҚазҰУ-нің филиалдары жұмыс істесе, Алматы қаласында университет базасында МИФИ (Мәскеу) филиалы ашылды.
QS World University Rankings by Subject 2023 (QS WUR by Subjest) әлемдік рейтингісінің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – қазақстандық және Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында дайындық бағыттарының 14 бағыты және бес пәндік саланың төртеуі бойынша сенімді нәтиже көрсеткен жалғыз универистет. ҚазҰУ-міз «QS Stars Rating System» халықаралық рейтінгісінде «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. ҚазҰУ-міз Ұлттық рейтінгте де көшбасшы орында.
Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялауға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
Бай дәстүрлер, оқу және ғылыми жұмыстың көп жылдық тәжірибесі, жоғары кәсіби педагогикалық құрамы бар, ондаған жылдар бойы әртүрлі салаларда бәсекелестікке қабілетті үздік мамандарды даярлап келе жатқан университетімізге жас талапкерлерді шақырамыз. Ал университетіміз өз кезегінде өзінің халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми зерттеу жұмыстарын күшете беретініне сеніміміз мол.
Байдаулетова Г.К., Кожахметова У.К.
ҚазҰУ, картография және геоинформатика
кафедрасының аға оқытушылары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<