Арал ауданында ауқымды істер қолға алынған. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халық жұмыспен қамтылуда. Құрылыста да қарқын бар. Аудандағы Ақбасты елді мекенінде екі балық цехы іске қосылды. Бірі балық қорын сақтаса, екінші цех күніне 40-қа жуық консерві шығарады. Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу үшін Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды. Аудандағы толымды істер жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев айтып берді.
Биыл ауданға 6,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Өнеркәсіп орындары 10,4 млрд теңгеден артық өнім өндірді. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 101,8 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асты. «Бастау бизнес» жобасымен 246, «Бизнес кеңесші» бағдарламасымен 38 адам курсқа қатысты. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша мемлекеттік бағдарлама негізінде 516,3 млн теңгені құрайтын 81 жоба қаржыландырылды. Агроөнеркәсіп кешені бойынша өнім көлемі 5,5 млрд теңгені құрады. Шаруашылықтарда мал басы артқан.
Балық шаруашылығы бойынша 6 айға 2631 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, ол толық орындалған. Жыл басынан бері 3490 тонна балық өңделіп, 1526 тонна өнім экспортталған. Атап айтар болсақ, Ресей, Польша, Қытай, Германия мен Грузия елдеріне балық өнімдері саудаланды. Ал, Өзбекстанға ұн, Германияға қамыс жөнелтілді.
Бағаны тұрақтандыруға байланысты ауданда 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау жүргізіліп отыр. Нан бағасын бірқалыпты ұстау мақсатында «KZ-MBK» ЖШС ұн тарту комбинаты 1-ші сұрыпты «Аралым» ұнының қабын 6100 теңгеден саудалауда.
Сондай-ақ, экологиялық сауықтыру негізінде Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі Нұралы жарма каналына су тоспасы салынбақ. Республикалық бюджеттен «Көкарал бөгетін сақтау және сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру» жобасы да қолға алынды. Бекбауыл ауылдық округіндегі «Кеңесарық» каналын тазалауға және сағасына су тоспасын салуға қаржы қаралды.
Жыл басынан бері 16561 шаршы метрді құрайтын 119 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, құрылыс саласында 14 жоба жүзеге асырылуда. Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп пен 40 төсектік аурухана құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Шижаға елді мекенінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы қаралып, Тоқабай елді мекенінің кіреберіс жолы жөнделуде. Сонымен қатар жолдарды күрделі және орташа жөндеу мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 4 жоба іске асырылып жатыр.
Газдандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Арал қаласындағы 50 жеке тұрғын үй «көгілдір отынға» қосылды. Жақсықылыш кентінің халқы да газ игілігін көрді. Енді кентте 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік және 4 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарлануда.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 15 елді мекенге Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы интернетке қосылу қолға алынған. Осы ретте Жіңішкеқұм ауылына қарасты Тоқабай елді мекеніне Beeline операторы арқылы байланыс орнатылды. Қалған елді мекендерге монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бастысы, жыл аяғына дейін ауылдарға интернет желісі тартылмақ.
Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,5 процентке тұрақтаған. Жұмыс іздеген 2538 адамның 853-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 214 адамға берілді. Жұмыспен қамту жол картасы аясында 16 жобаға қаржы қаралды. Сонымен қатар жыл басынан бері тұрмысы төмен, жалғызбасты қарттар, мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетілген.
Бүгінде жалпы білім беретін 50 мектепте 17445 оқушы бар. Облыстық бюджет есебінен «Физика», «Биология», «Химия» кабинеттері мен материалдық-техникалық базаны жақсартуға қаржы бөлінген. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер тарапынан балаларға қажетті мектеп формасы мен құралдары табыс етілді. Аудандағы 25 мектеп онлайн негізінде білім алуда. Қалған 25 мектеп дәстүрлі бағытты жалғастыруда.
Аудан әкімі денсаулық, спорт, мәдениет саласы, жастармен жұмыс жасау бағытындағы атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар COVID-19 жұқпалы індетінің алдын алу және екінші толқынына дайындық жұмыстарының пысықталып жатқанын жеткізді.
Журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Сара АдайбаеВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<