17 мамыр – Байланыс саласы қызметкерлерінің күні

464

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Байланыс саласы қоғам үшін маңызды стратегиялық рөл атқарады. Ал, сала қызметкерлері өз мамандықтары арқылы коммуникацияны үздіксіз қамтамасыз етіп, желінің жеделдігін арттыруға үлес қосады.

Айтулы күн қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов саладағы жаңалықтарды жариялап, сала қызметкерлерін мерейлі мерекесімен құттықтады.

– 17 мамыр – Байланыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Елімізде бұл дата 2019 жылдан бері ресми мереке ретінде атап өтіліп келеді. Байланыс саласы – ең ауқымды әрі жауапкершілікті талап ететін саланың бірі болғандықтан да айрықша маңызға ие. Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбекті талап ететіні сөзсіз. Сол себепті де байланыс және ІТ саласы мамандарының ақпараттандыру саласына қосқан үлесі ерекше бағаланады. Айта кету керек, еліміздегі цифрландыру, қызметтерді онлайн алу «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асады. Біз өзімізге қажет маңызды қызметтерді үйден шықпай-ақ, қолымыздағы смартфон арқылы қол жеткізе аламыз. Мұның бәрі де байланыс саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижелі жемісі. Сонымен қатар, жақында ғана аймақ басшысы байланыс саласында 35 жыл қажырлы еңбек еткен сала ардагері Әбдіхан Көбеевті облыстың ең жоғарғы наградасы «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Кәсіби мереке қарсаңында да байланыс саласында елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар да құрмет төрінен көрінуде, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Эфирлік телерадио хабарымен үздіксіз қамтамасыз ететін «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық филиалы биыл 13 елдімекенде Цифрлық эфирлік телевизия станцияларын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда ОРТД басшысының міндетін атқарушы Өмірхан Жалмағанбетов мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта облыс бойыша 43 аналогтық 17 цифрлы эфирлік станциялар жұмыс істеп тұр. Биыл 20 елдімекенде телемұнараны бояу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал, Арал, Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарына қарасты 13 елдімекенде телемұнара және контейнерлер орналастыруға өлшемі 16х16 м болатын жер учаскелері алынған. Электр желісі тартылып, 10\04,4 кВ-тық трансформаторлар орнатылды. Бұл жұмыстың барлығы ұжымның көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, байланыс саласында жемісті еңбек етіп жүрген барша қызметкерлерді мерекесімен құттықтаймын! Ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Өмірхан Әлібекұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<