2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде қазақстандықтардың тиімді шарттармен шағын несие алу мүмкіндігі болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады.
Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайтын, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге. Ал ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге. Несие қаражатын беру операторларын облыстардың жергілікті жерлердегі әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды.
Министрліктің баспасөз қызметі ұйымдастырушылық жұмысын ескере отырып, алғашқы микронесиелер алдағы жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды деп хабарлаған еді.
Бұл ретте айта кетерлігі, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш 2019 жылы Жамбыл облысында басталды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырған.
Алдағы жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Соның ішінде Қызылорда облысының үлесі 3 млрд теңге көлемінде екенін айта кеткен жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында несие ресурстарының жетіспеушілігі отандық бизнес үшін күрделі мәселе болып отырғанын, елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру жеткіліксіздігі шамамен 42 миллиард долларды құрайтынын айтқан еді. Бұл ретте банктер іс жүзінде экономика үшін жұмыс істемейтін триллиондаған қаржыны ұстап отыр. Сондықтан, нақты секторды тұрақты және қолжетімді несиелеу мәселесін шешуді тапсырған.
– Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі, – деді Президент.
Шынында да, жастар кәсіпкерлігі – қаржылық сауаттылық, ұйымшылдық пен креативтілік. Бұл – елдің сапалы адами капиталы. Шағын несиелеудің жеке тетігінің іске қосылуы кәсіпкерлік бастамасы бар жастар үшін өте жақсы мүмкіндіктер. Дегенмен, механизмді тиімді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік негіздеріне міндетті оқытуды енгізу қажет-ақ. Бірақ, бұл бағытта қандай нақты шаралар қабылданып жатқаны туралы әлі ресми хабарланған жоқ.
Бастама аймақтың жастар кәсіпкерлігіне серпін берері сөзсіз. Салаға серпіліс керек-ақ. Себебі, 1 қазандағы дерек бойынша, елімізде 29 жасқа дейінгі тұлғалардың толық меншігінде 34,2 мың компания жұмыс істеп тұр. Бір жылда көрсеткіш тек 0,5%-ға өскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде жастардың иелігіндегі компаниялар саны 21,6% өсті. Жастарға тиесілі жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың көпшілігі еліміздің мегаполистеріне тіркелген. Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы компаниялар үлесі – 57,9%. Ал, облысымызда жастарға тиесілі 768 компания бар екен.
Көбінесе мұндай компаниялар көтерме-бөлшек сауда және автокөлік жөндеу саласында жұмыс істейді. Одан кейінгі орында құрылыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет салалары бар. Жастар иелігіндегі жұмыс істейтін компаниялардың ішінде ең азы мемлекеттік басқару және қорғаныс, жылу, электр энергиясымен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, қалдықтарды өңдеу және шығару сияқты салаларда жұмыс істейтін компаниялар.
Ал, 2,5%-дық шағын несиелеу «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі. Несие беру тәртібі, негізгі шарттары, әдістерін комиссия белгілейді. Корпорация несиеге өтініш берушілерден, егер шарт бойынша міндеттемелер бұзылмаса, оларға қатысты комиссияларды, алымдарды немесе басқа төлемдер алмайды.
Несие алуға өтініш беруші ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін тексеру мерзімі барлық қажетті құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнін құрайды. Бұдан бұрын хабарланғандай, жастарды несиелендіру бағдарламасында аймақ түріне шектеулер қарастырылмаған – ауыл және қала жастары қамтылады.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<