20 000: Тоқсанның төріндегі тоғысу

1683

0

Құрметті оқырман!


Киелі Сырдың кемел шежіресін әр бетіне қаттап, Қазақ баспасөзінің қалың ортасында өзіндік беделін айшықтап алған «Сыр бойы» газетінің 20000-шы нөмірі қолыңызға тиіп отыр.


Осыдан тура 91 жыл, 51 күн бұрын алғашқы саны жарыққа шыққан басылымның 1972 жылы 28 шілдеде 10000-шы нөмірі оқырманға жол тартып, сүйіншілеген екен. Міне, содан беріде араға 48 жыл, 23 күн уақыт салып, 20000-шы санмен алдыңызда тұр.


Жыл мен айды жіліктеп ес­епке салу қиын емес, бірақ, осынау уақыт өлшемінде қаншама қабырғалы қаламгердің, жалынды журналистің ой еңбегі, ақыл-парасаты, алысты-жақын сапар сүрлеуі, сүтпен сіңген ана тілін әйгілеп, халқының рухын көтеруге сіңірген еңбегі жатыр.

«Қаламмен жазғанды балтамен өшіре алмайсың» деген қанатты сөз бар.


Сыр халқының сырласына айналған газеттің шежіресі – ел мен жердің шежіресі. Ұлт дәстүрінің ұлы көшін алға жетелеуге аянбай күш салып келетін руханият өзегі.


Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде жарық көрген «Сыр бойы» 1932 жылы «Ленин туы», 1938 жылы «Ленин жолы» болып өзгерді. 1991 жылы ел Тәуелсіздігімен бірге байырғы атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты.


Басылым 1979 жылы өзінің 50 жылдығына орай мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы – «Алтын Жұлдызды» «Үздік аймақтық газет» номинациясын иеленді. Ал 2006 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантын мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылу барысын терең әрі жан-жақты көрсеткені үшін алды. Бұл – облыстық газеттің басты-бас­ты жетістіктері десек, жылдар легіндегі өзге де марапаттаулар осы басылымда еңбек еткен редакторлардан бастап пошташыға дейінгі мамандардың айқын еңбегі.


Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл, Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) мемлекетіне 750 жыл, Қазақ хандығының құрылғанына 555 жыл, Ұлы Жеңіске – 75, Абу Насыр ал-Фрабидің туғанына 1150 және ұлы ойшыл, ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толу шаралары аталып өтуде. Әлемді жайлаған індетке байланысты көптеген ауқымды шаралар өз деңгейінде тойланбағанымен, қазақ баспасөзі қай кездегідей халықтың рухани азығын жеткізіп тұр. Бұл қатарда «Сыр бойы» газеті де болса, облыстық басылым мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жолынан, ел мүддесіне қызмет ету қалпынан айнымақ емес.


Жалпы «Сыр бойы» газетінің тарихы, онда қызмет жасаған аға буын өкілдерінің өмірі әрі кейінгі толқын туралы азды-көпті жазылып жүр. Дегенде, кейінгі жылдары газеттің алғашқы редакторы кім болған деген сауалға екіұдай пікір қалыптасты. Бұл жазбада осыған зер салып көрсек.


1963-1973 жылдары газет редак­торының орынбасары (1985-1991 жылдары редактор) болған Нұрділдә Уәлиұлы қазақ басылымдарының тарихын зерттеу барысында «Сыр бойының» бірінші нөмірін тауып, ғылыми негізде дәлелдеді. Бұл туралы өзі берген сұхбатында: «Жетпісінші жылдардың кезі. «Қазақстан баспасөзі Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбын зерттеп, іздену мақсатында Мәскеуге бардым. Ленин атындағы орталық кітапхананың ұлттар баспасөзі бөлімінде сирек дүниелер арасынан 1929 жылы 1 шілдеде жарық көрген «Сыр бойының» алғашқы нөмірі қолыма тиді. Осыдан соң газеттің 1938 жылдан бастап шығады деп белгіленген уақыты дұрыс еместігі анықталды. Кітапханада 4-5 күн отыруға тура келді. Фотокөшірме жасап, қажетті құжаттарды толық­тыр­дым. Елге келген соң жан-жаққа қатынас жолдадық. Осылайша сол кездегі «Ленин жолының» тарихы тұтастай тоғыз жылға ұзарды» дейді.

Нұрділдә Уәлиұлының бұл табысы, шын мәнінде, өзінің шығу тарихын 1938 жылмен байланыс­тырған басылымның ғұмырын ұзартып берді. Мұны «Ленин жолының» 1967 жылғы №212 нөмірінде «Облыстық партия комитеті осы тарихи материалдар негізінде облыстық газеттің шыққан күнін «Сыр бойы» газеті шыққан күн – 1929 жылғы 1 июльден бастап санауға қаулы алып, тарихи дәлдікті қалпына келтірді», – деп көрсетті.

Ал газеттің алғашқы редакторы жөнінде ізденуге тура келді. Бұл ізденіске «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдыққа деректер жинау негіз болды.

Сонымен, біз осы кезге дейін «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы деп атап келген Жиенғали Тілепбергенов пе, әлде алғашқы редактор Батырғали Калюков пе? Бұл есім қайдан шықты?

Батырғали Калюков туралы зерт­теу­­шілердің бірі Әбу-Сәлім Жаман­құлов өзінің «Сыр бойының» алғашқы редакторы» атты зерттеу мақаласында («Халық» газеті. 15 шілде, 2010 жыл.) архив деректерін саралай отырып, сол кездегі саяси ахуалдан хабардар етеді. 

«…1929 жылдың 4 маусымы. Бұрынғы Қазақстан орталық комитетінің К.Маркс көшесіндегі сұрғылт ғимаратына округтік партия және кеңес қызметкерлері жедел жинала бастады. Бұл жолғы жиналыстың жөні бөлек еді. «Құпия» деген мөр басылған құжат 1929 жылдың 4 маусымында Қызылорда округтік комитет бюросына жиналғандардың тізімін алдымызға жайып салды. Олар бюро мүшелері Розыбакиев, Клопатюк, Турманов, Нұршанов, Калюков, Куватов, Желдібаев, Поляков. Бюро мүшелігіне кандидаттар: Байжанов, Гепнер, Ковалев және Еліспаев. Қатысқандар қатарында округтік деңгейдегі түрлі мекеме өкілдері Сағатов, Жаманқұлов, Исайкин, Көбенов, Солдатов, Гладких, Бәкіров, Малахов секілді қызметкерлер бар.

Осы күнгі бюрода бесінші болып «Округтік комитет органы ретінде қазақ тілінде газет шығару» мәселесі қаралып, ол бойынша Калюков жолдас (фамилияда архив құжаттарының орфографиясы сақталды) баяндама жасады. Осы баяндама бо­йынша 6 пункттен тұратын қаулы қабылданды. Қаулының кейбір пункттеріне тоқтала кетсек.

«Округтік комитетке аптасына 2 мәрте шығатын газет қажеттілігі ескерілсін.

Газет 20 маусымда шығарылсын. Газеттің жауапты редакторы болып Калюков бекітілсін.»

Сарғайған құжаттар бетінде ғана қалып, 80 жыл ешкімге беймәлім болып келген сыр осылай ашылды», – деген журналист одан әрі Б.Калюковтың орыс тілді газетке редакторлық еткенін әрі өз міндетін орындай білген басшы екеніне де тоқталады.

«1930 жылдың көктемінде Батырғали Калюков негізгі міндетіне қоса орыс тілді «Ленинский путь» газетінің жауапты редакторлығын да қоса атқарды. «ЛП» газетінің жауапты редакторы Клопатюктің ұзақ сапарға жол жүріп кетуіне байланысты 1929 жылдың 6 мамырында БКП(б) Қызылорда округтік комитетінің бюросы осындай шешім қабылдаған» деп келтіреді Әбу-Сәлім Жаманқұлов зерттеу мақаласында.

Осы негізде біз «Сыр бойының» алғашқы саны әрі оның редакторы жөнінде сұрау салдық. Қазақ басылымының түп тарихы туралы өңір тұрмақ, тұтас қазақ жерінен дерек таппадық. Ақтөбе облыстық архивіне Жиенғали Тілепбергенов (Ақтөбе облысында дүниеге келген) туралы жолдаған хатымызға «нақты деректер жоқ» деген жауап келді. Ақыр-соңы іздегеніміз, яғни «Сыр бойы» газетінің бірінші нөмірі Ресейдің мемлекеттік кітапханасынан табылды. Онда жауапты редактор ретінде Калюковтың аты көрсетілгені тайға таңба басқандай алдымыздан шықты. Бір қызығы, газеттің алғашқы 4-ші нөмірінде жауапты редактордың орынбасары деп М.Гатауллин есімі көрсетілсе, 11-ші нөмірінде Г.Сагатов, 26-шы нөмірінде жауапты редактордың орынбасары деп Ж.Тілепбергенов­тің есімі берілген.

Қысқасы, аймақтың ата басылымына айналған «Сыр бойының» жарыққа шығу тарихының бір парасы осылай. Әрине, зерттеу әлі жетімсіз. Тарихтың ішке бүккен сырлары ашыла жатар, бірақ, «Сыр бойы­ның» алғашқы нөмірлерінен-ақ бұқараның көзі, құлағы һәм тілі (А.Байтұрсынұлы) болуға талпынғанын анық айта аламыз. 

Биыл «Сыр медиа» ЖШС құрыл­ғанына – 10 жыл. Жаңа құрылымға алғашқы күннен бастап енген облыс­тық «Сыр бойы» газетінің осындай мерейлі шақта 20000-шы нөмірінің 20 тамыз, 2020 жылы жарыққа шығуы жақсылықтың нышаны деп бағаладық. 


Қуат ШАРАБИДИНОВ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<