2023 жыл: Президент сапары. Үздік үштік. Баянды бастамалар

635

0

Тағы бір жыл тарих қойнауына қарай жылыстап, күнтізбені тауысуға айналдық. Өткен 365 күннің қорытындыланар шағы келгенде, ең алдымен, елеулі оқиғалар, баянды бастамалар мен  жылнамаға енген жаңалықтар еске түседі. 2023 жылдың соңғы парағын жабатын сәтте өткенге шолу жасадық. Жаңа жыл мерекесінің басты ерекшелігі де осында – яғни, өткенді бір түйіндеп, алдағы күнге жоспар құру. Сондықтан Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өмірінде болған ең басты жаңалықтарды тізбектеп шықтық. 

Шежірелі аймақтың мерейтойы

Өткен жылы Қызылорда облысының құрылғанына  85 жыл толды. Арғы-бергі тарихта Сырдың бойында  төрт астана болғаны айтылады.

V ғасырдағы өркениет ошағы  Шірік Рабаттың, Қорқыт бабаның туған жері  Жанкенттің, Тоқтамыс, Әбілқайыр хандарға ақ орда болған Сығанақтың, ұлтымыздың төл атын қайтарған қасиетті Қызылорданың топырағында небір қазына жатыр, қойнауында талай құпия қаттаулы.

Облыстың құрылуына қатысты архив құжаттарына сүйеніп, 1938 жылы 15 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы аясында Одақ және Ұлттар кеңестерінің біріккен мәжілісі өткенінен хабардар болдық. Сол мәжілістің күн тәртібінде одақтас республикалар құрамында жаңадан облыстар құру арқылы КСРО Конституциясының кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралған.

Қорытындысында КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР құрамында Гурьев, Қызылорда, Павлодар облыстары құрылды. Сонымен бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында болып келген Қызылорда, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы және Ақтөбе облысынан Арал ауданы бөлініп, өз алдына отау тігіп, Қызылорда облысы атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру комитеті өз қызметіне кірісті, ол облыстық атқару комитеті құқығына ие бола отырып, барлық ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты.

Сол жылы 8 ақпанда Қызылорда ауданы таратылып, Тереңөзек, Сырдария аудандары құрылды, ал 10 ақпанда Жаңақорған ауданы құрамынан Шиелі өз алдына дербес аудан ретінде бөлініп шықты. 1939 жылы 17 қазанда Жалағаш ауданы құрылды. Осымен Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөлінуі бір жүйеге келтірілді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру бюросы 1938 жылы 13 ақпанда құрылған болатын. Осы жылдың маусым айында облыстық бірінші партия конференциясы өткізілді. 1939 жылы үшінші бесжылдық жоспары бекітілді.

Міне, содан бері 85 белес артта қалды. Сыр өңірінде облыс құрылғанға дейін де тарихтың қатпары қалың еді. Оған аймақтың бір ғасырға жуықтаған жылнамасы қосылып, бұрынғыдан да байи түсті. Сондықтан бұл айтулы дата өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге және Тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыруға оң ықпал етті.

Мерейтойды кеңінен атап өту мақсатында 76 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жалпы мерекелік шаралар тамыз, қыркүйек, қазан айларында өтті. Бұл – Сыр маржанына орақ түсіп, қамба астыққа толып, шаруа адамы ілтипатқа бөленетін кезең. Дәстүрге айналған Қызылорда қаласы күнімен ұштастырылған мерекелік шаралардың ең негізгілері – жыр кештері, кітап көрмелері, Қызылорда туралы ретро концерт, халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар.

Оның ішінде облысымыздың дамуында өзіндік қолтаңбалары қалған тұлғалар есімін ұлықтауға арналған тағылымды шаралардың орны ерекше.

Бұл шаралар аймақ тұрғындарына, жастарға толағай болмысты қайраткерлер еңбегін, бүгінгі жетістіктерді және алдағы міндеттерді бағамдауға көмектесті.

Көрсеткіштерге көз салсақ…

Жыл қорытындыланғанда алдымен экономикалық жетістіктер тізбегіне,  сан қырлы цифрларға, статистика ұсынған көрсеткіштерге назар аударамыз. Көпшілікке түсініксіздеу көрсеткіштер – біздің жыл бойына жүріп өткен жолымыздың өлшемі. Кейде төмендеп, кейде жоғарылап тұратын  сандар мен пайыздарға құр сықиған цифр деп  қарасақ, оған қол жеткізудегі қаншама еңбек адамының маңдай терін бағаламағандық болар еді.  Сондықтан олардың бірқатарын бүгінгі шолуымызға арқау еттік.

Тамыз айынан бері Сыр өңірі экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алғашқы үштікте, 11 айдың қорытындысында да облыстың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,1 пайыз, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 28,9, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5, инвестициялар тарту 18,4, құрылыс жұмыстары көлемі 20,4, көлік және қоймалау көлемі 8,4, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 16,3 және сауда көлемі 4,7 пайыз артты.

2023 жылы аймақ бюджеті 609 млрд теңгеге жетіп,  57 пайыз өсті. Бұл Арал мен Жаңақорған арасындағы жұртшылықтың  қажеттілігін қамтамасыз етудің, жылдар бойы шешілмеген мәселелердің түйінін тарқатудың да мүмкіндігі  артқанын көрсетеді.  Бюджеттің басым бөлігі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталды.

Өңірде мұнай қорының сарқылуына қатысты түйткілдер бар. Өйткені «қара алтын» өндірісі көлемі жыл өткен сайын төмендеп келеді.  Соған қарамастан, жаңа индустриялық жобалар қолға алынып, өнеркәсіп өндірісінде өсім тіркелді. Кейінгі  жылдары тек қана төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі қыркүйек айынан бастап өсті.

Бүгінде ел экономикасы шағын және орта бизнеске арқа сүйейді, сондықтан мемлекет оны өркендетуге, демеуге мүдделі.  Өйткені бұл – өндіріс, жұмыс орны, салық түсімі.  Аймақта бизнесті қолдау, шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін арттыру бойынша да жетістіктер бар. Әрине, мемлекет қолдауынсыз емес. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 24 млрд теңгесі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінді. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы артты. Бұл алғышарттар шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жұмыспен қамтылғандар санының өсуін, жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етті.

Кәсіпкерлік саласында жастарға қолдау көрсету өте маңызды. Өйткені кейінгі буын нарық заңдылықтарын жетік біледі, жаңа идеялармен қаруланған. Сол себепті жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 2,3 млрд теңге жеңілдетілген несие табысталды. Оның ішінде өндірістік жобаларға басымдық берілді.

Сыр өңірінде іске қосылған шыны зауытының қазір тұрақты өнім шығаратын, оның 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға экспорттайтын өндіріс ошағына айналуы  өткен жылдың ең басты жаңалығының бірі десе болады. Зауыттың негізгі қуаттылығы – 197 мың тонна. Кәсіпорын іске қосылғалы бері жобалық қуаттылықтың 85 пайызын игеріп, 167 мың тонна өнім шығарды. Мамандар зауыт айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құруға мүмкіндік мол деп отыр. Осыған сүйеніп, зауыт жанынан түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Олар – жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі, шыны бөтелкелер және айна зауыты.

Президент сапарында қабылданған тарихи шешімдер

2023 жылдың тарихқа таңбаланатын тағы бір жөнін айтайық. Қазан айында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге арнайы жұмыс сапарымен келгені, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына жоғары баға бергені белгілі. Осы сапарда Президент біздің өңірдегі ең өзекті мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. 

Оның бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығының жағдайына қатысты шешім. Бұл жолдағы көлік ағыны қазіргі екі жолаққа есептелмеген. Ауыр жүк көліктерінің керуенінен, одан озам деп қарсы бағытқа шыққан жеңіл көлік жүргізушілерінің әрекетінен жаныңды шүберекке түйіп отыратының жасырын емес. Атауы мен бағыты бір жолдың  түрлі санатқа бөлінгені себепті жол-көлік оқиғалары, одан болатын қайғылы жағдайлар көбейді. Ендігі кезекте бұл көлік дәлізі  І санаттағы 4 жолақты жолға ауысатын болды. Аталған бағыттағы жұмыстардың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.

Мемлекет басшысы қазіргі жолдың жағдайына қарап, шын мәнінде өте тар екенін атап өтті.  Оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастауды Премьер-министрдің бірінші орынбасарына тапсырды. Бұл жаңалықты қалың жұртшылық қуанышпен қабылдады. 

Қызылорда қаласы еліміздегі ыстық су жүргізілмеген бірден-бір облыс орталығы деген мәліметтің анық-қанығын кім білген? Бірақ бірталай ақпарат көзінен осындай дерек оқыдық. Тұрғындар су ысытқыш құралдар құрғызып, тығырықтан шығар жол тапқан. Дегенмен, басқа қалаларға барғанда байқаймыз, ыстық судың үздіксіз ағып тұрғаны, су ысытқышқа кететін электр энергиясының үнемделгені  де игіліктің бірі екен.

Бұл мәселенің де алдағы уақытта шешімі табылады, яғни ыстық сумен қамтамасыз етудің жылдар бойғы түйіні тарқатылады.  Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жобаға қажет қаржыны кезең-кезеңмен бөлу туралы міндеттер жүктеді.

Президент сапары кезінде Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен жүздесіп, Қызылордадағы Темірбетон бұйымдары зауытының жұмысын көрді. «Алтын орда» және «Ассоль» зауыттарында, жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығында болды. 

Ұлттық жобалар ұсынған мүмкіндік

Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік бағдарламалардың  арасында табысты жүзеге асқандары да, аты бар, заты жоқ болғандары да кезікті. Бүгінде еліміздегі «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларының Сыр өңіріндегі аяқалысы жаман емес. Жылды қорытындылағанда аталған екі жобаның жетістігі бірден көзге көрінеді. Бұл жобалар бойынша қолға алынған жұмыстар бір жылда бітпейді. Бірақ алғашқы қадамына қарап, ертеңін бағамдауға болады.   

Облыс бюджетінің басым бөлігінің әлеуметтік бағытқа бағдарланғаны білім және денсаулық сақтау салаларындағы қыруар тірлікке жол ашты. Жаңа мектептер пайдалануға берілді, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 21 мектептің 10-ның құрылысы жүріп жатыр, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы жайлы мектептердің барлығы қолданысқа беріледі.

Одан бөлек, Қызылорда қаласында «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқын алды.

Жаңа оқу жылында  4 мектеп жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Қазір қала орталығында мектеп салатын жер телімі табылмайды. Тұрғындар тығыз қоныстанған шағын аудандардағы мектептерде бала саны көбейген. Бұл мәселе  қалай  шешілмек?   Іргелі   білім  ошақтарының қасынан қосымша ғимарат салу идеясы үш ауысыммен оқуға қатысты қиындықтан алып шықты. Мамандардың айтуынша, қосымша ғимараттар біріншіден, балалардың қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражаты үнемделді. Бір мектеп салғанға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал қосымша құрылысқа кеткен шығын шамамен 700 млн теңге.

Тағы бір жаңалық – мектепке шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобустың алынуы. Бұрын тек шет мемлекеттер туралы бейнежазбалардан көретін сары автобустардың игілігін қазір өз балаларымыз пайдаланып жүр.

Елімізде Президенттің шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тапсырмасы орындалып жатыр. Соның ізімен биыл қарашада Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университет жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.

Биыл өңірде жаңа медициналық нысан көптеп салынды. Әсіресе, ауыл медицинасының өркені жайылған жыл болды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салу жоспарланған болса, оның 15-і іске қосылды. 

Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Медицина ұйымдарын сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында 2,9 млрд теңгеге «Қан орталығының» құрылысы жүрді.

Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,1 млрд теңге бөлінді.  «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік орнатылған. Қор соңғы екі жылда аймақ медицинасы мен білім саласына 4 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, 1,1 млрд теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек алынды.

Аграрлы аймақтың айшықтары

Аграрлы аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін су ресурстарын тиімді басқару өте маңызды.  Өйткені кейінгі жылдардағы су тапшылығы көпшілікті алаңдатпай қоймайды.  Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл жағдайды Президентке баяндады. Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасы» қабылданды. Картаға тасқын суды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру, жаңғырту енгізілген. Қазір суды бөлу мен есепке алудың заманауи тәсілдеріне маманданған халықаралық компаниялар бар. Біздің өңірде сол компаниялардың тәжірибесі қолданылмақ.  

Суды үнемдеудің бірден-бір жолы – егін шаруашылығын әртараптандыру, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану. Өткен жылы су үнемдеу технологиясымен дақылдар егілді. Бұл тенденцияны жыл сайын арттыру көзделіп отыр. Өйткені уақыт осыны талап етуде. Тіршілігі Жер-анамен, одан несібе терумен тығыз байланысты Сыр бойындағы шаруа адамының жаңашылдыққа бейімделуі аса қиынға соқпас деп ойлаймыз. Мамандардың айтуынша,  2025 жылға қарай күріш алқабы қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететіндерінің  егіс көлемі, атап айтқанда, майлы, малазықтық, картоп, көкөніс, бақша, басқа дәнді дақылдар егісі ұлғайтылады.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау керек екенін айтқан болатын. Осы тапсырма Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қою арқылы орындалуда.

Салаға тартылған инвестиция көлемі артты. Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды. Ақ күріштен тау тұрғызған ауыл еңбеккерлерінің мерейі өсті. Республика күнінде «Таң» шаруашылығының басшысы Имамзада Шағыртаев Қазақстанның Еңбек ері атанды. Бұл ақжолтай жаңалықты күріш баптаған, атакәсіпті өркендеткен әрбір адам жылы қабылдады. 

Аймақтың экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңейді. Кейінгі екі жылда 84 млн АҚШ долларының өнімдері экспортталды. Экспортталған тауардың  96 пайызы – өңделген өнім.

Сапалы инфрақұрылым –тұрмыс тірегі

Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін  сапалы инфрақұрылымның, баспанамен қамтудың орны ерекше.

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес, Сыр елінде ірі жоба бастау алды, яғни Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.  Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба. Құны 215 млрд теңге болатын орталық құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Қазіргі қолданыстағы жылу орталығының салынғанына жарты ғасырдан асып кетті. Жыл сайын күрделі жөндегеннің, қыруар қаржы салып жауапты маусымға дайындағанның арқасында қызметін жалғастырып келеді. Жаңа станцияны салатын түрік компаниясының бұл саладағы тәжірибесі мол.

Жаңа орталық пайдалануға берілген соң электр энергиясын сырттан сатып алудан арылуға, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік туады. Осы жылу беру маусымында аймақтағы 1067 әлеуметтік нысан мен 855 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне толық қосылған.

Адам өміріндегі бірінші қажеттіліктердің ең басында баспана тұр.  Оған қол жеткізудің ондаған бағдарламасы бар. Біздің өңірде де оңтайлы шешімдер қарастырылған. Облыс көлемінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, 2500-ге жуық  пәтер  табысталып, 11 мың тұрғын  қоныс  тойын  тойлады. «Сыр жастары» деген жаңа бағдарлама қабылданып, жас отбасылардың үйлі болуына қолдау көрсетілуде.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытудағы оң нәтижелерге де тоқталайық. Бүгінде облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Сырбойылықтардың 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Өңірді газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрады. Тақтайдай тегіс жол, үйді-үйге кіргізілген ауызсу, табиғи газ тұрғындар игілігіне айналған.  

2023  жыл ұзақ уақыт күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолының қайта жаңғыртылуымен де есте қалмақ. Астана мен көршілес аймақтарға қатынаған жолаушылар бұл жолдың тарттырған азабын айтқанда, мұның кезегі қашан келер екен деп ойлаушы едік. Бүгінде біздің облыстың аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2025 жылы халық игілігіне беріледі. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 36 млрд теңгеге 569 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Жолдар мен көшелердің жаңа кейіпке енгені, адам танымастай өзгеріп, көркейгені бір ғана Бейбарыс сұлтан көшесінен көрінеді. Қоғамда  «тек орталық көшелер қазылады, жөнделеді» деген пікір бар. Бірақ шет аймақтардың да шет қалмағанын көріп жүрміз. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теміржол өткелдері мен аспалы көпірлер салынып, пайдалануға беріліп үлгергендері де бар. 

Қызылорданың құрылыс қарқынындағы ерекшелік өзге өңірлерге үлгі болуға тұрарлықтай. Сондықтан Үкіметте Қызылорда облысының тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізу жөнінде шешім қабылданды. Қараша айында Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің бастамасымен республикалық мекеме басшыларының, барлық облыс әкімдерінің құрылыс және энергетика саласына жетекшілік жасайтын орынбасарларының, басқарма басшыларының қатысуымен Қызылордада құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде республикалық жиын өтті.

Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің проблемасы көп жылдан бері шешімін таппағандықтан, қоғам тарапынан көп сын айтылатын. Қыстың суығы мен жаздың аптабында аялдамада автобус күткен жолаушылардың сыны негізсіз емес. 2023 жыл облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметінің айтарлықтай  ілгерілеген кезеңі болды. Алдыңғы әкелінген 150 жаңа автобусқа тағы 50 автобус қосылды. Алдағы уақытта да көлік саны көбеймек.  Бұл қала ішіндегі көлік қызметінің мәселесі түбегейлі шешілетін уақыт жақын қалғанын аңғартады.  

Қазір Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал салынып жатыр. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл автовокзалдан 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты ашылады. Ташкент, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы және Ақтөбе қаласына, сондай-ақ аудандарға рейстер қатынамақ. Автовокзал жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.

Ауылдық елді мекендерді дамыту үшін облыста алғаш рет «Үлгілі елді мекен» конкурсының  өткізілгенін де жылдың жарқын бастамаларының қатарына енгізуге әбден болады. Бұл конкурстың ауыл азаматтарын біріктіретін, тазалық, абаттандыру шараларына жұмылдыратын пайдалы тұсын да айта кетейік. Конкурсқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті тұрмысқа ең қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Конкурсты жыл сайын өткізу дәстүрге айналмақ.

Аймақ дамуының алғышарты

Бүгінде инвестиция – экономиканың күретамырына қан жүргізетін бірден-бір алғышарт. Инвестор қаржысы болмаса, бюджеттің есептеулі қаражаты бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан бұл жүйедегі жетістіктер де назар аударарлықтай. Облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда 52 пайызға өсіп, 472 млрд теңгені құрады. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бизнес қауымдастықпен, кәсіпкерлермен кездесуде  әлеуметтік жауапкершілік туралы жиі айтады.  Бір анығы, туған жер, перзенттік парыз деген ұғымдар құр дабыра немесе сәндік үшін айтыла салған сөз емес. Жағдайың жетіп тұрса, өзің түлеген топырақтың кемтігін бүтіндеуге қол созу – азаматтықтың белгісі. 

Өтіп бара жатқан жылы Сыр бойынан шыққан кәсіпкерлер мен меценаттардың ерекше бастамашылдық танытқанын айрықша айта кетуді жөн көрдік. Бұл бұған дейін туған жерін түлетуге атсалысып жүрген жандардың еңбегін жоққа шығару емес, тек  кәсіпкерлер бөлген 37,5 млрд теңгеге жүзеге асырылған жобаларды жарқыратып көрсету мақсатынан туындап отыр. 

Қазір демеуші есебінен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жобаның жалпы құны – 20 млрд теңге, оның 15,7 млрд теңгесі Болат Өтемұратов қорынан. Жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға қарастырылған. Қазіргі қолданыстағы әуежайдың жағдайы белгілі. Қонақтар қаланың келбетіне, сәулетіне әуе қақпасынан бастап баға беретіні анық. Сол себепті заманауи үлгімен, халықаралық статусқа лайық болатын терминал салуды уақыттың өзі талап етті.  

Мұнан бөлек, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Бұл ғимарат –  қаланың Перовск аталған дәуірінен қалған тарихи нысан. Мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткіштің әлі талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз.

Кәсіпкер қаржысына құрылысы басталған заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынатын музыкалық колледждің жаңа ғимараты қаладағы құрылыс қарқынына қарқын қосады.

Қызылорда қаласының сәулетіне әр берген «Анаға тағзым» орталығының қызметіне кірісуі,  орталық алаңның қайта жаңғыртыла бастауы,  30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үй қасбеттерінің заманауи панельдермен қапталуы, 20 көпқабатты тұрғын үй аулаларының абаттандырылуы – өтіп бара жатқан жылдың жаңалықтары әрі халық игілігі.

Аудандарда да көптеген игі істер қолға алынып, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Осылайша Қызылорда облысы инвестиция тарту бойынша үздік өңірлер қатарына тұрақтады.

Руханият әлеміндегі әсерлі сарын

Өңірдегі мәдениет пен спорт саласының жетістіктері халықтың көз алдында. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға ден қойған жерлестер қатары артып келеді. Аудандарда денешынықтыру кешендері салынды. Ұлттық құндылықтар дәріптелетін  «Отбасы орталығы» өз қызметіне кірісті.

Облыстық музейге тапсырылған «Шірік Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері болашақта Сыр өңірінің мәдени брендіне айналады.

Өтіп бара жатқан жылдың руханият әлеміндегі ізі айшықты.  Мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы берілді.  Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, тағы басқа қайраткерлерді еске алу  шаралары өтті. Өнер әлеміне қанат қаққан мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр ашылды, бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген Жастар театры  өз алдына кәсіби ұжым болып құрылды. Өнердің қарашаңырағы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры ұзақ жылдан соң апталық бағдарламамен Алматы қаласына гастрольдік сапарға барды.

Жуырда ғана елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өткенінен халық хабардар. Астаналықтар екі күн бойы Жастар театрында Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының сахнагерлері ұсынған «Жәмилә», «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады. «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала концерт өтіп, астаналықтарға, елордада тұратын жерлестерге елдің шығармашылық сәлемі тарту етілді. Көрермен Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше қошемет көрсетті.

Сыр спортшылары әлемдік, халықаралық ареналарда, Азия ойындарында үздік нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құрама сапындағы қызылордалық спортшылардың жетістіктері мақтануға тұрарлық.

Міне, тіршілік тегершігі тағы бір айналып, бізді 2024 Жаңа жылға қарай бастап келеді. Өзгеру, жаңару, ұмтылу – өмір заңы. Өткеннен тағылым, сабақ алу – саналы адамның сипаты. Ескі жыл мен жаңа жыл тоғысқан сәтте өткен кезеңнің келбетін осылайша бағамдап көрдік. Бәрін түгел қамтыдық деп айта алмаймын. Бастысы – жақсылықты, жаңалықты атаусыз қалдырмауға тырыстық.  

Айтпақшы, 2023-тің жылжабар нөмірі қолыңызға тиген «Сыр бойы» газеті өткен жылы  елордада өткен  баспа, радио, интернет журналистика саласындағы «Urker – 2023 ұлттық сыйлығының «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алды. Сөйтіп алдағы шілдеде жарық көргеніне 95 жыл толатын аймақтың ата басылымының мерейі үстем болды.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<