23 маусым – Қазақстан полициясы күні

147

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін сақтап, тыныштықты күзету жолында полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. 23 маусым дәл осы үлкен жауапкершілік пен жанкешті еңбекті талап ететін мамандық иелерінің төл мерекесі. Аталмыш күн қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров БАҚ өкілдерімен кездесіп, әріптестерін мерекемен құттықтады.

– 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдап, 2007 жылы 5 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні деп бекітілген еді. Бұл мереке тұрғындардың тынышытығын күзетіп, жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында жүрген сала мамандары мен ардагерлерге алғыс айту күні болып есептеледі. Сондай-ақ, біз бұл күні егеменді елімізде Қазақстан полициясының іргетасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, бейбіт уақытта ел тұрғындарының тыныштығы үшін өз өмірін құрбан еткен әріптестерімізді еске аламыз. Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндетін атқару кезінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бойынша 4 қызметкеріміз қаза тапқан еді. Осы салада адал еңбек етіп, жанқиярлық әрекет жасаған милиция лейтенанты Бектұрсынов Есен Бақтиярұлы мен милиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлының, милиция сержанты Қалеков Қайрат Шаразадинұлының және полиция аға лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының есімдері мәңгі есімізде. Өз кезегінде Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы №124 орта мектебінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлының және Сырдария ауданындағы №131 орта мектебінде, 2003 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының құрметіне «Кадет сыныбы» және «Батылдық бұрышы» ашылды. «Кадет сыныбын» ашу жұмыстары өз жалғасын табуда. Сонымен қатар, полиция қатарында ерлермен бірге погон таққан 200-ден аса әйел қызметкер бар. Олардың бәрі де тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосуда,- деді Оралбек Тәубақабылұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<