24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні

820

0

Фото: ашық дереккөз

Сот жүйесі – бұл мемлекет пен азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде” деген болатын.

Үшінші билік өкілі саналатын сот саласы еліміздің демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында  маңызды рөл атқарады. Өйткені, қоғамдағы даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибені және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді.

Қазақстанның сот саласын дамыту, жұмысын тиімді әрі әділ ету үшін атқарылуға тиіс шаруалар аз емес. Соның бәрі – сот ісін созбалаңға салуға жол бермеу мәселесі. Сот жүйесіне қойылатын талап ешқашан төмендеген емес. Себебі, мемлекет атынан шешім, үкім шығару құзыры берген судья адам тағдырына жауапты тұлға. Сондықтан сот саласының жұмысын жақсарту, сотқа деген сенімді нығайту әрқашан күн тәртібінен түспейді. Осы ретте сот жұмысының сапасын төмендетуге түрткі болатын себептер үнемі зерттеліп, олар бойынша нақты шешімдер қабылданып келеді.

Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесіне сәйкес 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні. Мереке қарсаңында салада елеулі еңбек еткен майталмандар марапатталып, атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалады.

Еліміздің сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ.

Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.

Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.

Сот саласында еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. Судья – сот саласының тірегі болса, ал сот ғимаратына кірген азаматтарды қабылдап, сұрақтары бойынша бағыт-бағдар беретін сот кеңсесінің мамандары. Кеңсе меңгерушісі – сот кеңсесінің жұмысы мен соттағы іс жүргізуді ұйымдастырады. Бас маман – сотқа түсіп қаралған істер мен материалдар бойынша  іс қағаздар жүргізу, істерді қабылдау, есепке алу, сақтау және сараптамалық есептер жүргізіп отырады. Бас маман-сот отырысының хатшысы – сот отырысын толық ұйымдастырып, азаматтардың сотқа келуін қамтамасыз етіп, сот отырыстарының хаттамаларын әзірлейді. Аға сот приставы – сот отырысы кезінде залда тәртіп сақтау, сот үйлерін күзетуді, судьяларды және процестың қатысушыларын күзету қызметтерін жүзеге асырады. Жетекші мамандар сот жұмысының жариялығын қамтамасыз етіп, кіріс-шығыс журналдарын толтырып, мұрағат қызметін ұйымдастырумен айналысады. Мінекей, осындай сала мамандары үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамытуда еңбек етуде.

Мереке қарсаңында елімізде әділ сот төрелігін қалыптастыру мен жетілдіру жолындағы қажырлы еңбек етіп келе жатқан әріптестерге табыс, еңбектеріне жеміс, отбастарына амандық тілеймін! Жұрт аман, ел тыныш болсын!

К.ЕСПЕНБЕТОВА,

 Қызылорда қаласының

2 сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<