Бүгін қаладағы СПМК-70 тұрғын ауданынан 50 пәтерлік 5 көпқабатты ипотекалық тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоныстой иелерін құттықтап, шаңырақтарына бақ-береке тіледі.
– Соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Бүгін де жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, отбасылардың қуанышын еселемекпіз.Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! Қуаныштарыңыз көбейе берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнасын!Сіздерді құттықтай отырып әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін, – деді Н.Нәлібаев.
Жаңа қонысқа ие болған жандар әкімдікте баспана кезегінде тұрған «Отбасы банктың» салымшылары. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сай келіп, пәтерге қол жеткізді.
Пәтер алушылардың атынан Мұхтар Сүлейменов үйді сапалы әрі әсем етіп салған мердігер компанияларына алғысын білдірді, ал еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев қоныстанушыларға ізгі тілектерін арнап, ақ батасын берді.Іс-шара соңында аймақ басшысы жаңа пәтерлердің біріне кіріп, баспана бақытына келген отбасының қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда өңірде жалпы ауданы 315,4 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 827 пәтерлік 172 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Былтырғы жылы апаттық жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарына 50 пәтердің кілті табысталды. Биылдың өзінде өңірде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 372 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Осылайша аймақта тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<