26 мың БАҚ өкілі жұмыс жасайды

146

0

Енді екі күннен кейін Париж Олимпиадасы жалауын көтереді. Ел құрамасы сапында айтулы аламанда 80 спортшы қатысады.  Қазақстандық жастар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Оның ішінде 54 спортшы алғаш рет дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік  алып отыр.

Еліміздің атынан биыл беделді бәсекеге баратын 80 спортшының 54-і ер, 26-сы әйел. Қазақстан өз тарихында жазғы Олимпиадада 71 жүлде алған.

Айта кетсек, 17 жастағы таэквондошы Батырхан Төлеуғали қазақстандық спортшылар арасынан Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын ең жас спортшы атанып отыр. Бұған дейін қазақстандық спортшылар арасынан 13 жастағы Екатерина Руденко 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 100 метрге шалқалай жүзуден жарысқа қатысқан еді. Ал ең жасы үлкені семсерлесуден сынға түсетін Эльмир Әлімжановтың жасы биыл 37-ге толды.

Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан құрамасының өкілі Алексей Луценко Олимпиада ойындары басталардан жеті күн бұрын жарақат алып қалды. Ол жекелей сында (27 шілде) және топтық сында (3 тамыз) ел намысын қорғайды.  Қазақстандық Евгений Федоров жарысқа тек топтық кезеңде бақ сынау үшін барады.

Айта кетерлігі, спорттық гимнастикадан араға 12 жыл салып, жазғы Олимпиада ойындарында қайта 2 спортшымыз жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. 2023 жылы Жазғы Азия ойындарында Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда бірінші рет қола жүлде алды. Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлем чемпионатында Милад Карими араға 26 жыл салып, көпсайыстан қола жүлде сыйлады. Спорттық гимнастикадан 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барса,  әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарады. Ал әйелдер күресі және ауыр атлетикадан қазақстандық спортшылар тарихта тұңғыш рет Олимпиададан сырт қалды. Есесіне семсерлесуден ел құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынауға мүмкіндік алды.

Халықаралық Олимпиада комитеті Халықаралық бокс қауымдастығын (ІВА) мойындалатын федерациялар тізімінен шығарып тастады. Аталған шешім Халықаралық Олимпиада комитетінің Парижде өткен 142-сессиясында қабылданды. Халықаралық бокс қауымдастығын 2020 жылдан бері ресейлік маман Умар Кремлев басқарады. Еске салайық, IBA-ға мүше елдің атынан шығатын боксшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатыспайды.

Париждегі айтулы бәсекелерден 26 мың БАҚ өкілі хабар таратады.  Журналистер үшін Франция астанасында арнайы медиа орталық қарастырылған. Хабар тарату үшін әлемнің 200-ден астам елінен БАҚ өкілдері келген. Олардың арасында «Qazaqstan» ұлттық арнасы және «Qazsport» телеарнасының түсірілім тобы бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<