Бүгін қазақстандықтар барша мұсылман қауымының қастерлі мерекесі – Құрбан айт мейрамын атап өтуде. Қазіргі сындарлы сәтте осынау қасиетті мереке халқымыздың бірлігін, бауырластығын нығайтуға ықпал етуде. Себебі, Құрбан айт адамзатты бейбітшілік пен келісімге, өзара түсіністік пен жанашырлыққа үндеп, мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты адами құндылықтарды да насихаттайды.
Осы орайда, бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының №3 Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімі мұқтаж жандарға мереке қарсаңында көмек көрсетті. Бөлім басшысы Дастан Әлижанұлы бастаған топ, құрбандыққа мал шалып, оның еті мен азық-түлік себеттерін әлеуметтік жағдайы төмен 4 отбасыға санитарлық талаптарды сақтай отырып, үйлестіріп берді.
«Баршаңызды ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мерекесінің орны бөлек. Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам. Осы игі бастаманы жүзеге асырған №3 ХҚКО бөлімінің мамандарына алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, береке, бақыт және мол табыс тілеймін! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!» – деді Дастан Әлижанұлы.
Бүгінгі көрсетілген қамқорлық үшін тұрғындар
№3 Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің
ұжымына зор ықыласын білдіріп, денсаулық, бақыт және жұмыста жеміс тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<