3 үміткер таңдауға түседі

1000

0

Фото: ашық дереккөз

Президент былтырғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттігінің  аяқталатынына байланысты  Сенат депутаттарын сайлау биылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.  ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу және сайлау алдындағы үгіт жұмыстары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев  баяндады.

– Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде сайлаушылар – мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Сайлауды әзірлеу мен өткізуді Орталық сайлау комиссиясы басқарады. Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары өңірлерде Парламент депутаттарының сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді, – деді ол.

Облыс бойынша   8 кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған.

– 5 кандидат тіркелмеді. Атап айтқанда, 1 кандидат ҚР Конституция мен Cайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмеді, яғни,  соңғы 3 жылда аймақта тұрмауына байланысты тіркеле алмады. Біреуі тіркеу үшін көзделген құжаттардың барлық тізбесін ұсынбады. Ал тағы 1  кандидат қол қою парақтарын қажетті мөлшерде таңдаушылардың қолдарын жинамауы себебінен үміткер бола алмаса және 2 кандидат жеке өтініштері бойынша өз кандидатурасын алып тастады. Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін ертесіне басталды, яғни, 29 қарашадан бастап және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, нақтырақ айтқанда 2022 жылғы 14 желтоқсанда аяқталды. Кандидаттарды тіркеу 24 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталды. Тіркеу аяқталған мезеттен сайлау алдындағы үгіт басталып, осы жылдың 13 қаңтарына дейін жалғасады. 13 қаңтар тыныштық күні, – деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясы төрағасы.

Сондай-ақ, комиссия төрағасы тіркелген кандидат саны мен қазіргі қызметі туралы айтты.

– Өңірден 3 кандидат, атап айтқанда, «Қазсушаруашылығы»  республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы директоры Жорабек Нұрымбетов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов және Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов тіркелді. Кандидаттардың орташа жасы – 54. Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер БАҚ-та және сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жарияланды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 14 қаңтар күні сағат 10.00-де өтеді. Таңдаушыларды тіркеу сағат 9.00-де басталады, – деді Ғалым Баймырзаев.

Облыстық сайлау комиссиясы таңдаушылардың тізімін жариялап, дауыс беруге қатысатын мәслихаттың 147 депутаттарын  сайлау бюллетенін әзірлеу туралы қаулы қабылдады. Бүгінгі жағдай бойынша облыстық сайлау комиссиясына өтініш не шағым түспеген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<