Облыста мүгедектігі бар 30 810 азамат болса, оның 5 000-нан астамы бала. Жалпыхалық санына шаққанда мүгедектігі бар азаматтардың үлес салмағы 3,7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, өткен жылы екі мыңнан астам қызмет алушыға алғаш реет мүгедектік тобы тағайындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Тілеукүл Мырзахметова хабарлады.
− Есепті мерзімде 10 мың адамға шаққандағы алғашқы мүгедектіктің көрсеткіші 26,9 пайызды құрады. Республика бойынша бұл көрсеткіш 26,6 пайыз. Қайта куәландырудан өткен 7 715 мүгедектігі бар азаматтың арасынан 631-і толық оңалды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты «7 жастан бастап балаларға мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды саралай келе, мүгедектік топтарын белгілеу туралы норма» бекітілді. Аталған заңның қолданысқа енгізілуіне байланысты 7 жастан 16 жасқа дейінгі 3080 балаға «мүгедек бала» санаты белгіленді. Қазіргі таңда 7 жасқа толған балалар мүгедектік мерзіміне қарамастан топ тағайындау үшін жергілікті емханалармен қайта куәландыруға жолдануда, − деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<