38 нәресте дүниеге келді

384

0

Жұрт мерекеге дайындалып, тойлап жатқанда кейбір сала мамандарының жұмысы қыза түседі. Әсіресе, бұл күндері медицина, төтенше жағдайлар,  полиция қызметкерлері тікесінен тік тұрып, халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы жолында жұмыс жасайды.

26 ұл, 12 қыз

Мерекеде облыстық перина­талдық орталығында 38 нәресте дүние есігін ашты. Оның 26-сы ер бала болса, 12-сі қыз бала. Перинаталдық орталықта тәулігіне әдеттегі күндері 20-25 сәби дүниеге келсе, Жаңа жыл түнгі көрсеткіш біршама жоғары болып отыр.  Бұл күні ана мен баланың амандығы жолында  шамамен 110 қызметкер жұмыс жасаған.

Айта кетерлігі, орталықта жылма-жыл 10-11 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ол облыс бо­йынша көрсеткіштің 60 процентке жуығын құрайды екен. Тышқан жылында  өмірге келген алғашқы сәбидің есімін ата-анасы Заманай деп қойыпты.

Ең қызығы, 31 желтоқсан күні орталық қызметкері, босану бөлімінің мең­герушісі, акушер-гинеколог Аманкүл Приева да дүниеге ер бала әкелген. Мұны әріптестері қуанышпен айтуда. Балғындардың бауы берік болсын!

Отшашудан ешкім зардап шеккен жоқ

Жай күндері де жұмысы қауырт жедел жәрдем бұл күні тіпті тыным таппады. Жедел жәрдем қызметіне 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні барлығы 1754 адам жүгінген. Оның ішінде бала саны 672, үлкендер саны 1082 болған. ОМЖЖС бойынша барлығы 49 топ жұмыс атқарған. Оның ішінде 18 дәрігер, 80 орта буынды маман, 49 жүргізуші бар. Ал БМСК ұйымдары бойынша барлығы 28 топ, 84 қызметкер жұмыс жасады.

– Адам денсаулығы қашанда маңызды. Биыл ең бастысы отшашудан зардап шеккендер болмады. Шақырылымдарда ерекше ауру түрлері кездеспеді, – дейді облыстық медициналық жедел жәр­дем стансасы оперативті  бөлі­мінің аға дәрігері Анар Қожахметова.

Сақшылар ат үстінде қарсы алды

Тәртіп сақшылары да мерекеде елдің қауіпсіздігін барынша бақылауда ұстады. Дегенмен, бұл күні  2 жол-көлік оқиғасы орын алса, мас күйде көлік жүргізу, сол сияқты көлік жүргізуді мас адамға беру бойынша  1 дерек, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу бойынша 22 дерек тіркелген. Сондай-ақ, құжатсыз және құқығы жоқ адамның көлік жүргізу бойынша 3 дерек анықталған. Ал түнгі уақытта тыныштықты бұзған 5 дерек орын алған. Бұған қоса тәртіп сақшылары орталық алаңдағы жаңажылдық безендірулерді бұзған бұзақыларды ұстады.

Бастысы – адам аман…

Күн салқын болса да, өрт өршіп тұр. Мейрамда Қызылорда қаласында  бір автокөлік, үш тұрғын үйден өрт шыққан. Оның бірі масаң күйдегі тұрғынның қасақана өртеуінен болса, бірі темекінің өшірілмеуінен болған деген болжам бар. Енді бірі электр сымдарының тұйықталуынан болған. Үйдің өртенуі Сырдария мен Қармақшы ауданында да орын алған. Бастысы, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.

«СБ» ақпарат.

Жанар-жағармай құю бекеті ашылды

Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде 24 сағат қызмет көрсететін «Sinooil» ЖШС жанар-жағармай автобекеті ашылды.

Жанар-жағармай құю бекеті кенттің Жанқожа батыр көшесінде. бекетте АИ-92, АИ-95 маркалы бензин және дизель отыны сатылады. Ашылған нысанда жанар-жағармай құю бекетімен бірге жолаушыларға шағын маркет қызмет көрсетеді.

Жиырма жылдық белес

Жалағаш ауданындағы «Мираж» шаруа қожалығына биыл 20 жыл. Жаңа жыл қарсаңында шаруашылық төрағасы Мейрамбек Бақтыбаев озат күрішшілерді марапаттап, мол өнімге қол жеткізген диқандарға автокөлік мінгізді.

Шаруашылықта отыз адам еңбек етеді. Жұмысшылардың бірнешеуі шаруашылық тарапынан баспанамен қамтамасыз етілген. Бұған дейін механизаторға 5 бөлмелі бас­пана салып берсе, игі бастама биыл да жалғасын тауып, тағы бір механизаторға тұрғын үй кілті табысталған. Сонымен бірге агроном мен инженер-механикке сыйақы ретінде жаңа автокөлік берілді. Шаруашылық төрағасы ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан еңбек озаттарына «Мираж» шаруа қожалығының 20 жылдығы» медалін тағып, «Алғыс хатпен» марапаттады.

Күдіктілер қолға түсті

Қызылордада бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды.

Арал ауданының 28 және 32 жастағы екі тұрғыны Қызылорда қаласындағы үйлердің біріне үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезе арқылы кірген. Осылайша үйден бағалы заттарды қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Қызылорда қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жедел әрекет етуінің нәтижесінде Арал ауданының 2 тұрғыны қолға түсті.

Тергеу барысында күдіктілердің облыс орталығында жасалған үш қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Заттай дәлелдеме ретінде ноутбук, ұялы телефон, алтын зергерлік бұйымдар тәркіленді. Олар уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Барлық деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Дайындаған Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<