4 күндік жұмыс аптасы: Ерекшелігі неде? Тиімділігі қандай?

807

0

Қазақстанның Еңбек кодексіне енген өзгерістің бірі – 4 күндік жұмыс аптасы. Бұл режимге мекемелер ресми түрде шілдеде көшкенімен, барлық салаға қатысты емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер 4, 5, 6 күндік еңбек тәртібін апта сайын алмастыра алатынын айтады. Демек, қазақстандықтардың жұмыс сағаттары қысқармайды. Бір жетіде 3 күн демалса, келесісінде соның орнын толтырмақ.

Жыл сайын әлем бойынша «ең бақытты» мемлекеттер рейтингі жарияланып тұрады. Елдер халық саулығы, еркіндік деңгейі, әлеуметтік қолдау, табысы мен жомарттығы сияқты бағыттар бойынша бағаланады. Алғашқы 3 орынды үнемі Еуропа елдері алады. Былтыр Финляндия көш бастаған. Ал Батыс елдерінің басым бөлігінде 4 күндік жұмыс аптасы енгізілгенін ескерсек, бақытты болуы да содан шығар? Сонымен, өзге жұрт мұндай тәжірибені не үшін енгізген? Қалай жүзеге асып жатыр? Аптасына 5-6 күн жұмыс істегеннен гөрі 3 күн жақсылап демалған неге тиімді?

Әлемде 4 күндік жұмыс аптасына көптеген елдер әлдеқашан көшіп үлгерген. Мәселен, Ұлыбритания мен Жапониядағы бірқатар кәсіпорын осы кестемен жұмыс істеген соң табысы 40 пайызға дейін өскен. Онымен қоса жарық пен жылудың бағасы үнемделген. Бельгия еңбек нарығына реформа енгізіп, жарты жыл бұрын ғана 4 күндік жұмыс аптасына өткен. Бірақ біздегідей 40 сағат еңбек етуі қажет. Бұл елде мектептер мен балабақшада жұмыс істейтін ұстаздар, тәрбиешілер аптасына 3 күн демалады екен. Олардың шығармашылықпен айналысып, өздерін дамытуға көңіл бөлуіне осындай мүмкіндік жасалған. Алайда бұл жағы ата-аналарға қиындау соғатын көрінеді. Өйткені, қосымша үйірмеге баратын балаларын тасымалдауда мәселе туындайды. Ал Америкадағы көптеген компаниялар пандемиядан кейін онлайн жұмысқа көшкен. Қызметкерлер екі күн офиске келіп, қалған күні үйде отырып қызмет етеді. Бұдан бөлек олар жалақыны сағатына есептейді.

Еңбек уақыты әдетте сағатпен есептеледі. Ол әр елде әртүрлі. Жыл бойы ең көп жұмыс істейтіндер Мексика, Коста-Рика, Оңтүстік Корея, Ресейде тұрады екен. Бұл тізімге Қазақстанды да қосуға болар. Себебі біздің елде аптасына 5 күн немесе 40 сағат жұмыс істейтіндердің жылдық қызмет уақыты 1 968 сағат. Бір қызығы, Еуропаның ең дамыған мемлекеттері екі қолға бір күректі ең аз алатындардың қатарында. Мәселен, Германияда азаматтар орта есеппен  1 363 сағат, Данияда  1 392 сағат және Норвегияда 1 416 сағат еңбек етеді. Егер неміс еліндегі жалпы жылдық сағатты 49-50 аптаға бөлсек, бұл елдің азаматтары аптасына бар болғаны 26-27 сағат қызметте жүреді. Осыған қарамастан Еуропа экономикасын алға сүйреуші ел саналады.

Жалпы, тиімділікті арттыруға бағытталған инновациялар аз емес. Мысалы, Германияның «Rheingans Digital Enabler» компаниясы қызметкерлеріне 5 күнде 5 сағат маңдай терін төгуге рұқсат берген. Таңғы 8-ден түскі 1-ге дейін. Бірақ біраз шектеу бар. Барлық әлеуметтік желі блокталып, азаматтар смартфондарын арнайы жерге өткізеді. Жиналыс 15 минуттан аспайды, бос әңгімеге тыйым салынған. Нәтижесі жаман  емес екен. Компания қажетті көрсеткішке жетіп, пайдасы арта бастаған.

Бұл тақырып елімізде екі жылдан бері қызу талқыланғаны белгілі. Енді кейбір мекемелер 4 күндік жұмыс аптасына көшеді. Бірақ жұмыс күні қысқарғанымен, жұмыс сағаты қысқармайды. Айына белгіленген 40 сағаттық норманы бәрібір орындауыңызға тура келеді. Мәселен, бір аптада 4 күн жұмыс істесеңіз, келесі аптада 6 күн еңбек етесіз. Мұндай жұмыс кестесі жұмыс беруші мен қызметкердің арасында жасалады. Сарапшылар мұндай жұмыс аптасына көшу ел экономикасына пайдалы екенін, жұмыс берушілердің коммуналдық шығынының азаятынын да айтады. Ал қызметкерлердің ойы тынық, еңбек өнімділігі жоғарылайтынын көрсеткен. Экономикалық өсімге де әсері бар. Айталық демалыс күндерінде базарға, сауда, ойын-сауық орталықтарына барып әдеттегіден көбірек қаражат жұмсайды. Ол ақша айналымына әсер етеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев 4 күндік жұмыс аптасы жайлы ұсынысты өткен жылдың басында  бергенін айтады.

– Сенесіз бе, сенбейсіз бе, бірақ осы ұсынысты ең әуелі мен берген едім. Мұны өзім ойлап тапқаным жоқ, әлемдік тәжірибеде бар. Еуропа елдерінде, айталық, Франция, Швецияда осы кестемен жұмыс істейді. Бұл ұсынысым қабылданды. Бірақ нормативтері өзгерген секілді. Менің берген ұсынысымда басқаша-тұғын. Мәселен, бір аптада қызметкер 4 күн жұмыс істеп, келер аптада оның орнын толтыру керек. Бұл менің көзқарасымда тиімсіз тәсіл секілді. Егер тұрақты 4 күнді енгізсе, жақсы болар еді. Біз мемлекеттік қызметшілер арасында да сауалнамалар жүргіздік. Сіз 5 күнде істейтін жұмысты 4 күн ішінде игере алсаңыз, онда  сол  4 күндік аптаны неге тұрақты түрде енгізбейміз? Бұған біз дәл қазір болмаса да түбінде келеміз деп ойлаймын. Өйткені, бұл әлемдік деңгейде зерттеліп жатыр. Алайда барлық салаға қатысты болмауы мүмкін, жұмыс ерекшеліктері ескеріледі. Қашықтан жұмыс істеу деп жатырмыз ғой. Бірақ қашықтан жұмыс істеуге кете алмайтын мемлекеттік органдар бар. Өйткені әрбір мемлекеттік органның базасы болады. Оны үйге апарып орната алмайсыз. Мемлекеттік құпия немесе интеграцияланған базалар болуы мүмкін. Сондықтан ондай қызметкерлердің жұмыс кестесін әрбір мемлекеттік орган өздері ерекшелеп отырады. Көп адамдардың түсінбейтін тұсы – еңбекақыға әсері бола ма, болмай ма? Мұндай жұмыс кестесі сіздің еңбекақыңызға әсер етпейді. Егер оған әсер ететін болса, ұсыныс қабылданбас еді, оған ешкім де келіспес еді. Болашақта жан-жақты зерделеп, бәлкім қосымша ұсыныстар да беріп қалармыз,  – дейді ол.

Ал заңда қалай көрсетілген? Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының берген мәліметі бойынша  2023 жылғы 20 сәуірден бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Еңбек кодексінің 71-бабының 3-тармағы «Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі» деген екінші бөлікпен толықтырылды. Бұл ретте, жұмыс беруші мен жұмыскердің келісімі бойынша төрт күндік жұмыс аптасын бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесе отырып белгіленетіндігі  еңбек шартында айқындалуы талап етіледі. Себебі, жұмыс беруші жұмыскерді еңбек заңнамасындағы (Еңбек кодесінің 68-бабы 1-тармағы) жұмыс уақытының қалыпты жұмыс аптасымен қоса бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен  ұзақтығы аптасына 40 сағат нормасымен қамтамасыз ету үшін төрт күндік кезектесу жолымен жүргізіледі.

Мұндай жұмыс кестесіне пікір білдірген заңгер, журналист Зәуре Өксімбаева: «Қызметкер отбасына, бала-шағасына көбірек көңіл бөледі.  Бұл кейбір мамандықтарға сәйкес келмейтін секілді. Мысалы, дәрігер, құқық қорғау органдары 4 күн жұмыс істейтін болса елде науқас адамдардың жағдайы одан сайын төмендеп, тәртіпсіздік орын алады. Ал мұғалімдер демалса онда миы тынығып, студенттер де өздерін дамытуға көңіл бөлер еді. Бұл тәжірибені бізге ерте енгізіп жатқан секілді. Әлі де жетілдіріп, жан-жақты зерделеген дұрыс. Экономикасы дамыған озық елдерге бұл тиімді болады. Өйткені оларда еңбекақы жоғары» дейді.

Қалай десек те, 4 күндік жұмыс аптасының қаншалықты тиімді немесе тиімсіз тұсын өмірдің өзі дәлелдеп беретіні анық. Оған төреші – уақыт. Сондықтан  енді ғана қолға алынған жаңа жұмыс режимі жайлы біржақты пікір айтудан аулақпыз. Оны оқырманның өз пайымына қалдырайық. Сіз аптасына қанша күн жұмыс істер едіңіз немесе осындай жұмыс кестесіне көзқарасыңыз қандай? Ой-пікіріңізді күтеміз, құрметті оқырман!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<