42500 тағы төленеді

924

0

Елде карантин режимі 2 тамызға дейін созылды. Осыған байланысты табысынан айырылған азаматтар тағы 42500 теңге алады. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі бір реттік төлем бұл жолы тек шілде айына белгіленіп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдегендей, әлеуметтік көмек 20 шілдеден бастап тағайындалады.

– Қаржы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Қордағы қаражат көлемі шектеулі. Үкімет Ұлттық банкпен бірге бір апта ішінде қаражат мәселесін шешеді. Ал біз жұма күні өтініш беретін порталдарды ашып, алдағы дүйсенбіде төлем тағайындауды бастаймыз, – деді министр.

Ол үшін 42500.enbek.kz, egov.kz порталдарының жұмысы қайтадан жанданады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар үшін телеграм-боттар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Каспий, Халық банктері арнайы интернет-ресурсын іске қосып, халықтан өтініш қабылдауға ниетті.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға төтенше жағдай режимі тұсындағыдай бірыңғай жиынтық төлемін жасаудың қажеті жоқ. Өйткені сол кезде мәлімет базасы жасақталды.

Министр өтінішті жалдамалы жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер, карантин кезінде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бере алатынын жеткізді.

42500 теңге бұған дейінгі қағидат бойынша төмендегі санаттағы отандастарымызға төленеді:

– жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;

– жеке кәсіпкерлер;

– бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер;

– карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;

– азаматтық-құқықтық келісімшарт бо­йынша табыс тауып жүргендер.

Бірқатар санаттағысына 42500 теңге бірден тағайындалуы мүмкін. Ол үшін өтініш берудің керегі жоқ.

– Оларға «Өткен жолы әлеуметтік төлем алдыңыз. Жағдайыңыз сол қалыпта екенін растайсыз ба? Сізге өтінішсіз төлем тағайындасақ, қарсы емессіз бе?» деген мазмұндағы SMS-хабарлама жібереміз. «Қарсы емеспін» десе, әлеуметтік төлем тағайындауға дайынбыз, – деді Б.Нұрымбетов.

Студенттер экономикалық белсенді халық санатында болмауына байланысты мемлекеттің біржолғы көмегіне ілінбеуі мүмкін. Жалдамалы жұмыс істейтіндері үшін жұмыс беруші өтініш беруі тиіс.

Екі айға жуық уақыт шамасындағы төтенше жағдай режимі кезінде 42500 теңгенің төңірегінде біршама түсініспеушілік туындағаны белгілі. Соның бірі – «оны орынсыз алғандар жазалана ма?» деген сұрақ. Бұл жолы министрлік мұның шешімін тапқан сияқты. Жоғарыда аталған порталдардың төменгі жағында шектеу шараларына байланысты кірісінен айырылғанын растайтын ескерту болады. Өтініш бермес бұрын соны оқып, белгі қояды. Ұсынған мәліметтері үшін азамат мойнына жауапкершілік алады.

– Өткен жолы жарты жыл бұрын жұмыс істеп кеткен жұмыс берушісінің бизнес сәйкестендіру номерін көрсетіп, өтініш берген азаматтар да болды. Оларға 42 500 теңгеге өтініш бермеуді ұсынамыз. Жұмыссыз жүргендер жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгені дұрыс. Онда тіркелу арқылы өз жалақысының шамамен 40 проценті мөлшерінде заңды төлем алуға болады, – деді министр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<