Кеше сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапары кезінде «Жосалы» кентіндегі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бюджет есебінен сатып алынған 50 пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов және Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы баспаналы болған азаматтарға игі тілегін білдірді.
– Өңірде соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлер сатып алуға 34,1 млрд теңге бөлінген. Бұл арқылы 2,5 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік жасалмақ. Жыл басынан бері 600-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін өздеріңізбен бірге тағы 50 отбасының баспана қуанышын еселемекпіз. Шаңырақтарыңыз жылулық пен мейірімге, балалардың шат күлкісіне толсын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты шарада қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Биғали Қаюпов пен Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жерлестерін құттықтады. Қоныстой иелері атынан Айгүл Ахметова қуанышын жеткізіп, қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ақ батасын берді.
Тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімнің Алғыс хаты табысталды.
Әрі қарай қатысушылар көпбалалы ана Мейрамгүл Нұрмаханованың үйіне кіріп, ізгі тілек білдіріп, естелік сыйлық табыстады.
Айта кетейік, пәтер кілтін алғандар арасында көпбалалы, толық емес отбасылар, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, Ауған соғысының ардагері, І-ІІ топ мүгедегі және өзге де әлеуметтік топ өкілдері бар.
Үш бөлмелі, 70-80 шаршы метрлік пәтерлерді сатып алуға 1463,9 млн теңге қаржы бөлінген.
Кілт табыстау рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылады. Биыл Дүр Оңғар ауылына, «Жосалы» кентінің жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» шағын ауданына газ жеткізіледі. Көмекбаев, «Ақтөбе» ауылдарының электр желілері қайта жаңғыртылуда, 2 млрд 958 млн теңгеге 46,3 шақырым көшелер жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Дүр Оңғар, «ІІІ Интернационал» және «Ақай» ауылдарында денешынықтыру кешендері салынуда. «Білімді қолдау қорына» Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы туралы 1,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданып, 2025 жылы жаңадан салынатын нысандар тізіміне енгізілген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<