50 пәтер берілді

406

0

Баспана – бақыт ұясы. Осыдан бірнеше күн бұрын қаланың сол жағалауынан 60 отбасыға жаңа пәтерлер берілген болатын. Сейсенбіде және 50 отбасы қуанышқа кенелді. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарындағы осынша жанұяға пәтер кілті табысталды. Жаңа жыл қарсаңындағы игілікті шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

– Кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 млрд теңге қаржы бөлініп, бұл қаражатқа 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Алдағы уақытта облыс бойынша тұрғын үй құрылысы көлемін одан әрі ұлғайтып, 3 жылда 2 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілмек.

Келесі жылы облысымыздың бас шаһарында құны шамамен 17 млрд теңгені құрайтын 23 тұрғын үй ел игіліне табысталып, барлығы 1100 отбасы өз пәтер кілтін алатын болады. Берекелі бастама жоспарға сай аяқталып, кезектілікке сәйкес жерлестерімізге беріледі, – деді облыс басшысы.

Қоныс той иелерін қоғам қайраткері Ибрагим Абибуллаев құттықтады. Ал жаңа қоныс  иелерінің атынан көпбалалы ана Жадыра Кенжеева аймақ басшысына алғысын білдірді.

Айта кетейік, сол жағалауда 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйден халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 35 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 15 пәтер берілді. Жыл басынан бері өңірде қаржыландырудың барлық көздері есебінен 604 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен  Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40 пәтерлі және бір 50 пәтерлі кредиттік тұрғын үй табысталған болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<