Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы бойынша жергілікті қаламгерлер мен мұғалімдердің, шығармашылыққа құштар жастардың қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Жиынды «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы жүргізді.
Шара барысында зиялы қауым мақалада көрсетілгендей, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстары мен келешекке бағытталған келелі қадамдар, оның ішінде тарихи таным, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің одан әрі дамуы тұрғысындағы маңызды мәселелер жайында ой-пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев Президент мақаласында көпке ой саларлық, бүгінгі күннің сұранысына сай өзекті мәселелер көтерілгенін айта келіп, оның ішінде балалар әдебиетін дамытуға байланысты бастаманы ерекше қолдайтынын атап өтті. Бұл орайда балалар әдебиеті бойынша осыған дейін шыққан әдеби кітаптарды қайта басып шығаруға, сол сияқты, бүгінде осы жанрда қалам тартып жүрген әдебиетшілердің шығармашылық еңбектерін насихаттауға қажетті шаралар ұйымдастырылуы кезек күттірмейтінін айтты. Жалпы өңіріміздің ақын-жазушылары, шығармашылық өкілдері арасында тұрақты байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасу бағытына жергілікті билік тарапынан мән берілмей отырғанын айтып, нақты қадамдар қажеттігін ұсынды.
Жиында Мемлекет басшысының мақаласынан туындайтын жаңа бастамалар жөнінде журналист Нұрлан Көбегенұлы, ақын Ғазиза Әбілда, қаладағы №264 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлзар Башарова өзіндік ой-толғаныстарын ортаға салып, бұл тұрғыда жас ұрпаққа рухани-танымдық тәрбие беру ісінде жаңаша жоспар әзірленіп, оны жүзеге асыруда зор жауапкершілік пен тиянақтылық қажеттігіне назар аударды. Әсіресе, өңіріміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін танытуда «Жент, Сығанақ, Сауран қалаларының орнын туристік бағытта дамытуға көңіл бөлінуі қажет» деген ұсыныстар айтылды.
Бүгінгі таңда басты мәселеге айналған ана тіліміздің ахуалы бойында ұлттық намысы бар әрбір азаматты бейжай қалдырмайтыны белгілі. Бұл орайда кез келген қоғамдық ортада, мәдени-көпшілік шараларда, әсіресе, құжаттар рәсімдеуде міндетті түрде қазақ тіліндегі нұсқасын талап ету қажеттігі айтылып, көпшілік пікірі бір жерде тоғысты.
Жиынға қатысқан белсенді жастар да жоғарыда аталған мақаладан өзіндік ой түйіп, бағыт-бағдар алғандықтарын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<