Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде алқа отырысы өтті. Онда Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов өткен жылды қорытындылап, алда атқарылатын жұмыстар жайын сөз етті.
Оның айтуынша, комитет қызметінің стратегиялық бағыттары, ең алдымен, ел дамуының зайырлылық қағидаттарын нығайту, үйлесімді конфессияаралық қатынастарды қамтамасыз ету және халық арасында діни экстремизм идеологиясының таралуына қарсы іс-қимыл болып табылады.
Бұл бағыттар 2020 жылдың соңында қабылданған дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген. Оның шеңберінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, былтыр діни қызмет саласындағы 7 мемлекеттік қызметтің 6-ы электрондық форматқа ауыстырылды. Енді оларды egov.kz порталында алуға болады. Ал биыл осы саладағы барлық мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сондай-ақ, комитет төрағасы дін мәселелері бойынша 229 ақпараттық-түсіндіру тобының қызметі, деструктивті діни ағымдардың 3 мыңнан астам ұстанушыларының қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына қайта оралғаны, террористік белсенділік аймағынан елімізге оралған әйелдердің 90%-нің оңалтылғаны, оған қоса соңғы 3 жыл ішінде білім беру мекемелерінде хиджаб тағу фактілерінің саны 12 еседен астам төмендегені туралы хабардар етті.
Жиын барысында Е.Нүкежанов діни радикалды идеологияның интернет арқылы таралуына қарсы тұруға ерекше көңіл бөлінетіндігін баса айтты.
– Өткен жылы әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдар идеологиясын насихаттайтын радикалды топтарда тіркелген қазақстандықтардың саны 2019 жылмен салыстарған 44%-ке азайып, 21 мыңнан астам радикалды материалдар жойылған және бұғатталды, – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<