57 жастағы студент

1981

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті, Кендебай Ыдырысов 57 жаста. Мамандығы – құрылысшы. «Білім алудың ерте-кеші жоқ» деп санайтын еңбекқор жан.

Ол 1967 жылы Өзбекстанның Науаи облысында дүниеге келген. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді берік ұстанған «Тамды» ауылынан шыққан. Бауыржан Момышұлы бір сапарында «Нағыз қазақтарды Тамды ауылынан көрдім» деп ерекше бағалапты. Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруының» тарихы да осында жатыр. Осы мекенде балалық шағы өтті. Жас кезінен білімге құштарлығы ерекше болған. Мектепте озат оқушы атанды. 1985 жылы әскерге барып, азаматтық борышын өтейді. 1988-1991 жылдары Ташкенттегі құрылыс техникумына оқуға түсіп, жақсы нәтижемен аяқтады. Мұнан кейін 2006 жылы «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірді. Білім саласында 12 жыл еңбек етті.

 2004 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, жергілікті құрылыс компанияларында жұмыс істейді. Еңбекқорлығының арқасында жұмысшыдан басшылық қызметке дейін көтерілді. 2013 жылы жеке кәсібін бастады. Алайда, біршама қиындықтар мен денсаулығына байланысты шаруасын тоқтата тұруға тура келді. Өз-өзіне келгеннен кейін құрылыс саласына қайта оралды. Қазіргі таңда «Ақмарал» ЖШС-да еңбек етуде.

– Білім – сарқылмайтын байлық. Осы жасқа келіп білім алуыма қазіргі жұмысым себеп болды. Құрылыс саласындағы білімімді жетілдіру үшін қайта оқуға тапсырдым. Мен қызмет ететін «Ақмарал» ЖШС басшысы Жақыпжан Садықов – өте білімді, іскер адам. Қарамағында 1000-нан астам адам қызмет етеді. Осы кісіден үйренгенім көп болды. Өмірлік ұстазыма айналды. Әрбір ісіме қолдау білдірді. Оның іскерлігінен бөлек адамгершілік қасиеті жоғары. Мамандарға бағыт-бағдар беріп, білмегенін үйретуден жалыққан емес. Білім аламын деген ниетімді де қолдады.

Жалпы, білім алуда жас ерекшелігі маңызды емес. Заман талабына сай өзіңді  жетілдіру керек деп түсінемін. Оқуға тапсыруға барғанда жастар жағы тосырқай қарады. Оқытушыларым болса, қолдау білдірді. Тіпті зейнет жасына жақындағанда несіне оқыдыңыз дегендер де болды. Бұл пікірлер менің оқуыма кедергі келтірген жоқ. Биыл диплом аламын. Негізі көпбалалы әкемін. Немере еркелеткен атамын. Балаларымның да білім алуына, бір-бір мамандық иесі атануына барынша жағдай жасадым. Шүкір, бәрі де білімді, әртүрлі сала мамандары, –дейді ол.

Оның еңбекқорлығы бізді де таңғалдырды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның  ісі көпшілікке үлгі. Отызға келсе білім алу кеш деп ұғынатындар бар. Осылайша қолын бір сілтеп қоя салады. Ал Кендебай керісінше білім алуды кеш санамай, үздіксіз білімге ұмтылу табыс әкелетініне сенімді. Осы әрекетімен де отбасына, айналасына, әріптестеріне сыйлы. Қатарластары да құрмет тұтады.

Бүгінде орда бұзар жасқа келіп, екі қолға бір күрек таба алмай ата-анасының қолына қараған жастар баршылық. Әрине, барлығы деуден аулақпыз. Жалындап тұрған, көзі нұрға толы, көкірегі ояу жастар жетерлік. Қызыға да қарайсың.  Алайда уақытын текке өткізіп жүргендерді көріп, іштей қынжыласың. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Білім алып, еңбек етіп тапқан несібең қашанда молынан болады. Сондықтан жастарға оқудан еш жалықпау керек. Ал бүгінгі кейіпкеріміз сондай  жастарға үлгі боларлық азамат.

Үлкейгенде білім алып жүрген азаматтар жайлы естиміз. Бірақ некен-саяқ. Оқудың арқасында жаңа белестер мен мүмкіндіктерге жол ашқандардың ісі нағыз батылдық. Өмір бойы білімнің маңыздылығын түсініп, ұмтылған жанның еңбегі ерен. Кейде еш оқымай, жетістікке жетуге болады дегенді де естіп жатамыз. Иә, мүмкін миллионның ішінен біреу шығар. Бірақ бәрі емес.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<