«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалы бүгінде қызылордалықтар қандай мемлекеттік қызметтер үшін ХҚКО-ға жиі жүгінетінін анықтады. Атап айтқанда, автокөлікті тіркеу, жеке куәлік алу, тіркеу және электрондық цифрлық қолтаңбаны алу сияқты қызметтер сұранысқа ие болып отыр.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарының айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта ғана облыста 60 мыңнан астам автомобиль тіркелген. Айта кетейік, шетелдік нөмірі бар машиналарды әкелу осы көрсеткіштің артуына ықпал еткен. Сонымен қатар, қызылордалықтар ХҚКО-дан 36 мыңнан астам жеке куәлік рәсімдесе, тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін алу үшін 16 мыңнан астам тұрғын өтінішпен жүгінген.
Кейінгі уақытта жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі арта түскен. Бұл ретте 25 мыңға жуық өтініш қабылданған. Қазір ХҚКО-да бұл қызметті дербес менеджер ұсына алады. Ол жылжымайтын мүлікті сатушы мен сатып алушының қатысуынсыз барлық қажетті құжаттарды дайындайды.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорация арқылы 1267 мемлекеттік қызмет қолжетімді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<